Мазмұнға өту

Эритреяда бұрын түрмеде отырған не әлі де отырған бауырластардың кейбірі

25 ҚАЗАН, 2024
ЭРИТРЕЯ

Эритреядағы Ехоба куәгерлерінің қатыгездікпен қудаланып жатқанына 30 жыл болды

Эритреядағы Ехоба куәгерлерінің қатыгездікпен қудаланып жатқанына 30 жыл болды

2024 жылдың қазанында Эритреядағы Ехоба куәгерлерінің аяусыз қуғынға ұшырап жатқанына 30 жыл болды. 1994 жылдан бері 270-тен астам бауырласымыз әділетсіз түрмеге жабылды. Сенімдері үшін кейбірін тіпті қатты азаптады. Қазіргі таңда темір тордың ар жағында 64 Куәгер отыр. Олардың ешқайсысына ресми айып тағылмаған.

Эритреядағы Ехоба куәгерлерінің бәрін азаматтықтан айыру туралы президенттің 1994 жылы 25 қазанда шығарған жарлығы

1994 жылы 25 қазанда Эритрея президенті Исайяс Афеворки жарлық шығарып, осы елде туылған Ехоба куәгерлерінің барлығын азаматтықтан айырды. Бұған ер бауырластардың әскери қызмет пен саяси істерге қатысудан бас тартқаны себеп болды. Ехоба куәгерлерін оған дейін де қудалағанмен, сол жарлықтан кейін қуғын-сүргін үдей түсті. Ондаған жыл бойы жүздеген ер және әйел бауырлас тұтқындалды, түрмеге жабылды, аяусыз қатыгездік көрді.

2020 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың ақпан аралығында 32 Куәгер түрмеден босатылды. Соған қарап, Эритреядағы жағдай жақсаратындай көрінген. Бірақ бұл үміт ақталмады. 20-дан аса Куәгер түрмеде қала берді, бауырластарды тұтқындау да еш толастамады. Ал 2024 жылы қыркүйектің соңында полиция қызметкерлері бір жекеменшік үйге баса-көктеп кіріп, Киелі кітапты талқылауға жиналған 25 адамды тұтқынға алды. Олардың арасында жасы 80-нен асқан үш кісі, құрсағында алты айлық баласы бар бір әйел бауырлас пен кәмелетке толмаған екі бала бар. Кейінірек балалар босатылды, ал үлкендер Май Серва түрмесіне жөнелтілді.

Сенімі үшін қамалғандар адам төзгісіз жағдайда тұрады әрі сұмдық қатыгездік көруде. 26 жыл түрмеде отырып шыққан Негеде Теклемариям бауырлас былай деп есіне алды: “Біздерді байлап қоятын, күзетшілер аяушылық дегенді еш білмейтін. Бізді көгала қойдай сабап, аяусыз ұрып-соғатын. Ауыр жұмысқа салып, сол жерден тезірек өлігіміздің шыққанын күтетін”. Өкініштісі, сол қатал жағдайға шыдай алмай, төрт ер бауырласымыз мерт болды, ал үшеуі азаттыққа шыққаннан кейін көп ұзамай көз жұмды.

Тіпті түрмеде отырмаған бауырластарымыздың да көрген күні қараң. Мысалы, азаматтықтарынан айырғандықтан, олардың көбісі жұмыссыз қалды, үйлерін болса тартып алып қойған, ел бойынша еркін қозғала алмайды. Ал кейбірін бейтараптық сақтағаны үшін көрші-қолаңдары мен билік өкілдері ұрсып, соққыға жығуда. Жас Ехоба куәгерлері болса елде толық білім ала алмайды, себебі үкімет оқушылардың бәрінен әскери дайындықтан өтуді талап етеді.

Эритреядағы толассыз қуғын-сүргін жүрегімізге инедей шаншылады. Бірақ ондаған жылдар бойы қарсылыққа қайыспай келе жатқан бауырластардың бәрін Ехоба әрдайым жадында ұстайды. Бүкіл бауырластар болып, біз Құдайымыз оларға “оттай жанып тұрған қиындықтарға” төтеп беруге әрі қарай да күш берсін деп дұға етеміз (Петірдің 1-хаты 4:12—14).