Мазмұнға өту

10 ҚАЗАН, 2024
ЭРИТРЕЯ

Эритреяда бірталай Ехоба куәгері қамауға алынды

Түрмеге қамалған 23 бауырластың ішінде 85 жастағы қарт әйел бауырлас бар

Эритреяда бірталай Ехоба куәгері қамауға алынды

2024 жылдың 27 қыркүйегінде Ехоба куәгерлерінің қауымы өтіп жатқан үйге полиция қызметкерлері баса көктеп кіріп келді. Олар 24 адамды, олардың ішінде 6 ер бауырласты, 16 әйел бауырласты және 2 баланы тұтқындады. Үш күннен кейін полиция қызметкерлері қайта оралып, сол үйде тұрып жатқан 85 жастағы қарт әйел бауырласты қамауға алды. Кейінірек екі бала босатылып, 23 кісі Май Серва түрмесіне ауыстырылды.

Қазіргі таңда Эритреяда сенімі үшін түрмеде жатқан 63 Ехоба куәгері бар. Олардың ішінде 10 бауырластың жасы 70-тен асқан. Осы аталған бауырластардың ешқайсысына осыған дейін қандай да бір айып тағылып не үкім шығарылған емес.

Эритреядағы Ехоба куәгерлері ұзақ уақыттан бері қуғын көріп келеді. Осыдан 30 жыл бұрын, 1994 жылдың 25 қазанында, Эритреяның президенті сол елде туылған Ехоба куәгерлерін азаматтықтан айырған болатын. Әсіресе сол уақыттан бастап бауырластарымыз аяусыз қудаланып, әділетсіз түрмеге жабылып келді.

Бауырластардың осындай қиын жағдайға түсіп жатқаны біздің жанымызға қатты батады. Эритреяның түрмесінде отырған бауырластарды біз “есте ұстап”, олар үшін талмай дұға етеміз. Ехоба оларды әрі қарай да жұбатып, табандылық пен күш беретініне сенімдіміз (Еврейлерге 13:3).