17 ҚАҢТАР, 2018
ҚАЗАҚСТАН
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстаннан Теймур Ахмедовқа қатысты шара қолдануды өтінді
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті (әрі қарай Комитет) 2018 жылдың 3 қаңтарында Теймур Ахмедовтың атынан берілген шағымға қатысты шұғыл әрекет етті. Бір жылға жуық уақыт бойы әділетсіз қамауда отырған Ахмедов мырзаның жасы 61-де, әрі денсаулығы өте нашар. Қазақстан соттары оның арыздарын қабылдамай, заңсыз діни іс-шараға қатысты деп әділетсіз айыптағандықтан, Ахмедов мырза Комитеттің көмегіне жүгінді.
2018 жылдың 9 қаңтарында Комитет Қазақстанды Ахмедов мырзаның шағымына қатысты шешім шығарылғанша, оның хал-жағдайына байланысты уақытша шаралар қолдануға шақырды. Комитет билік иелеріне “[Ахмедов мырзаға] еш кешіктірмей, тиесілі медициналық көмек көрсетілуіне және оның түрмедегі жағдайы [Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге] және халықаралық стандарттарға сәйкес болуына қам жасауды” айтты. Комитет өз шешімін шығарғанша билік иелерінен “[оны] денсаулығына байланысты түрмеден шығаруды немесе үй қамауына ауыстыруды” өтінді.
Комитеттің Ахмедов мырзаға қатысты шара қолдану туралы өтініші БҰҰ-ның Негізсіз қамауға алу бойынша жұмыс тобының айтқан сөздерін еске салады. 2017 жылдың қазанында бұл жұмыс тобы Ахмедов мырзаның шағымын қарастырып, оның негізсіз қамауға алынғанын және билік иелері оны босатып, әділетсіз әрекеттері үшін өтемақы төлеуі керектігін атап өткен еді. Қазақстан үкіметі қазіргі уақытқа дейін осы жұмыс тобының таққан айыбын елемей келеді. Қазір Ахмедов мырза өзіне кесілген бес жылдың бір жылға жуық уақытын өтеп қойды.