22 АҚПАН, 2018
ҚАЗАҚСТАН
Қазақстандағы билік иелерінен Теймур Ахмедовты босатуды сұраймыз
Теймур Ахмедовтың отбасы мен достары оның хал-жағдайын қатты уайымдап отыр. 61 жастағы Ахмедов мырза Ехоба куәгері болып табылады. Осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын түрмеге түспей тұрып-ақ, оның денсаулығы өте нашар болатын. 2018 жылдың 8 ақпанында ол ота жасатып, екі ісігін алдыртты. Оның біреуі қатерлі ісік болған. Ахмедовтың отбасы және адвокаттары оның Павлодар қаласының түзету мекемесіндегі жағдайын уайымдауда. Оның үстіне, оған әлі де дәрігердің көмегі қажет. Сондықтан да олар билік басындағылардан оны қамаудан босатуын өтінді. Алайда олардың өтініштері елеусіз қалуда.
Қазақстан соты Теймур Ахмедовқа қатаң жаза қолданып, оны 2022 жылға дейін, 5 жылға түрмеге жапты. Ахмедов мырза бар болғаны өзінің діни сенім бостандық құқығын іске асырды. Бірақ сол үшін ол тұтқындалып, билік тарапынан қысым көрді. Олар тіпті оның есімін лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деп табылған, банктегі есеп-шоты бұғатталған күдіктілердің тізіміне енгізген. Қазақстан соты болса барлық өтінішті қараудан бас тартты.
БҰҰ-ның Негізсіз қамауға алу бойынша жұмыс тобы осыған қатысты өз пікірін Қазақстан үкіметіне жіберді. Олар билік басындағыларды Ахмедов мырзаға тағылған барлық жалған айыптан ақтап, оны түрмеден босатуды талап етті. Оған қоса, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан үкіметінен Ахмедов мырзаның нашар денсаулығына байланысты оны шұғыл түрде түрмеден босатуын сұрады.
Ахмедов мырзаның адвокаты былай дейді: “Теймур әділетсіз түрмеге қамалғанымен қоймай, денсаулығы мүшкіл күйде әрі дәрігердің көмегіне мұқтаж. Бұның бәрі әділдіктің орнауын талап етеді. БҰҰ-ның ұйымдарына қосыла отырып, біз де Қазақстан басшыларын Теймурға жанашырлық танытып, еш кешіктірмей босатуын сұраймыз”.