Мазмұнға өту

18 СӘУІР, 2018
ҚАЗАҚСТАН

Теймур Ахмедов президенттің жарлығымен бостандыққа шықты

Теймур Ахмедов президенттің жарлығымен бостандыққа шықты

2018 жылдың 2 сәуірінде Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 61 жасар Теймур Ахмедовқа кешірім жасалды. Жалған айыппен бір жылдан аса түрмеде отырған Теймур мырзадан барлық айып алынып тасталды. Ол өзіне кешірім жасалғанын 4 сәуір күні білді. Ота жасалып ауруханада жатқан Теймур мырза енді күзетпен ұсталмайтын болды. Ол өз отбасымен қайта қауышып, қазір қажетті ем-шараларын қабылдап жатыр.

Тұтқындалып, жазықсыз қамауға алынған

Ехоба куәгері болып табылатын Ахмедов мырза өз сенімі жайлы өзгелермен бөліскеніне бола 2017 жылдың 18 қаңтарында тұтқынға алынған болатын. Бұдан бірнеше ай бұрын ол Ехоба куәгерлерінің нанымдарына қызыққандай сыңай танытқан бір кісімен сөйлескен. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетімен (КНБ) сөз байласқан бұл кісі Ахмедов мырзамен болған әңгімелерін таспаға жазып алған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы жазбаларды негізге алып, ҚР Қылмыстық кодексінің 174 (2)-бабы бойынша “дінаралық алауыздық тудырды, [өз] дінінің... артықшылығын насихаттады” деген айып тағып, оны тұтқынға алды.

Полиция қызметкерлері тұтқынға алынған Ахмедов мырзаны сұрақтың астына алып, сот шешіміне дейін үш ай бойы қамауда ұстады. 2017 жылы 2 мамырда сот оны бес жылға бас бостандығынан айырды, сондай-ақ үш жыл бойы діни іс-шараларға қатысуға тыйым салды.

Ахмедов мырзаның адвокаттары оны қамаудан босату жайлы көптеген өтініш жазды. Бірақ олардың ешқайсысы қабылданбады. Ахмедов мырза Қазақстанда мүмкін болған заңды шаралардың бәрін жасап болғаннан кейін, халықаралық соттардың көмегіне жүгінді. Ол БҰҰ-ның Негізсіз қамауға алу бойынша жұмыс тобына (әрі қарай “жұмыс тобы”) және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне арызданды.

2017 жылдың қазан айында жұмыс тобы Ахмедов мырзаны қамауға алғаны үшін Қазақстан үкіметін айыптап, оны тез арада босату керектігін айтты. “Оның іс-әрекеті тек бейбітшіл әрі оның дін бостандығы құқығының аясында ғана болғанын” мәлімдеді. 2018 жылдың қаңтарында Адам құқықтары жөніндегі комитет Ахмедов мырзаның шұғыл өтінішін қабылдап, Қазақстан үкіметінен оның қажетті ем-шаралар қабылдауына жағдай жасауын сұрады. Сондай-ақ Комитет оның өтініші толықтай қарастырылып біткенше, оны түрмеден босатуды ұсынды.

Бостандыққа шықты

Ахмедов мырза мен әйелі Мафиза

Түрмеде болған кезінде Ахмедов мырзаның денсаулығы мүшкіл еді. Осы жылдың басында дәрігерлер оның тоқ ішек қатерлі ісігі бар екенін анықтап, жағдайының тез нашарлап бара жатқанын айтты. Адам құқықтары жөніндегі комитеттің шешімі мен басқа да халықаралық органдардың өтінішінің нәтижесінде Қазақстан үкіметі Ахмедов мырзаға президентке кешірім жасау туралы өтінішхат беруді ұсынды.

2018 жылдың 5 наурызында Ахмедов мырза президентке өтінішхат берді. Қатерлі ісік әрі қарай тарап кетпес үшін қажетті ем қабылдау керек болғандықтан, өтінішін тез арада қарастыруды өтінді. Осы аралықта түрме басшылары Ахмедов мырзаны Алматыға көшірді. Сол жерде 2018 жылдың 27 наурызында оған ота жасалды.

Қазақстан адамның діни бостандығына көбірек құрмет танытатын бола ма?

Әйелі Мафиза мен балалары Ахмедов мырзаның азапты күндерінің біткеніне қатты қуанышты. Сондай-ақ одан барлық айып алынып тасталғаны үшін Қазақстан президенті Назарбаевқа алғыстары шексіз. Заңсыз айып тағылған кезде үкімет Ахмедов мырзаның банктегі есепшотын бұғаттап тастаған. Сондықтан ол түрмеде отырған кезде әйелі қатты қиналған.

Дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлері Ахмедов мырзаға кешірім жасалғанына қарап, Куәгерлер еш кедергісіз бейбіт түрде ғибадат ете алулары үшін Қазақстан үкіметі оларға көбірек еркіндік береді деп үміттенеді.