Мазмұнға өту

Теймур Ахмедов қамауға алынбас бұрын

13 ҚАЗАН, 2017
ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан үкіметі Теймур Ахмедовты негізсіз қамауға алғаны үшін кінәлі деп табылды

Қазақстан үкіметі Теймур Ахмедовты негізсіз қамауға алғаны үшін кінәлі деп табылды

БҰҰ-ның Негізсіз қамауға алу бойынша жұмыс тобы (әрі қарай “жұмыс тобы”) Қазақстан үкіметінің Теймур Ахмедов мырзаны бас бостандығынан айырғанын бұрыс деп тауып, оны тез арада босату керектігін жариялады *. 2017 жылдың 2 қазанында жарияланған бұл шешімде Қазақстан үкіметі Ахмедов мырзаны негізсіз қамауға алғаны үшін айыпталды. Есімізде болса, Ахмедов мырза өз діни көзқарасы туралы бейбіт жолмен бөліскені үшін 2017 жылдың 18 қаңтарынан бері түрмеде отыр.

Жұмыс тобының тұжырымы

Бұл істі қарастыра келе, жұмыс тобы Ахмедов мырзаның түрмеге жабылуы негізсіз қамауға алу шарттарына сай келетінін анықтады. Сондай-ақ үкімет оның дін мен ой бостандығы сияқты негізгі құқықтарына шек қойып, әділ сотқа жүгіну құқығынан айырғаны және Ехоба куәгері ретінде діни іс-шараға қатысқаны үшін алалағаны мәлім болды.

Жұмыс тобы Қазақстан үкіметін Ахмедов мырзаны әділетсіз қамауға алғаны үшін және қудалағаны үшін де айыптауда. Аталмыш шешімде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің алдыңғы шешімі келтірілді. Онда Қазақстанда белгіленген “экстремизм ұғымының тым ауқымды екені айыпталған болатын; мұндай заң адамның діни сенім, ой-пікір, бейбіт жиналыстар өткізу және ассоциациялар құру бостандығын еш негізсіз шектейді”. Жұмыс тобының байқауынша, “бұл заң Қазақстанда дін бостандығы құқығына үлкен қауіп төндіріп тұр және Ахмедов мырзаның ісі осы қауіптің шынымен бар екенін көрсетеді”.

БҰҰ-ның Негізсіз қамауға алу бойынша жұмыс тобы Ахмедов мырзаның діни іс-шарасы “толықтай бейбітшіл” болғанын қайта-қайта атап өтті. Оның басқалармен дін тақырыбындағы әңгімесі дінаралық алауыздық пен зорлық-зомбылыққа үгіттемегенін де мәлімдеді. Бұған қоса, жұмыс тобы Қазақстан үкіметінің “Ахмедов мырза зорлық-зомбылыққа барған немесе басқаларды соған үгіттеген бірде-бір жағдайды келтіре алмағанына баса назар аударды; сондай-ақ үкімет қарапайым жиындардың және бейбіт діни әңгімелердің қалайша қылмыс болып табылатынын түсіндіріп бере алмаған”. Әрі қарай жұмыс тобы келесідей тұжырымға келді: “Ахмедов мырза Халықаралық пактінің 18-бабына сай, дін бостандығы құқығын пайдаланғаннан басқа ештеңе істемеді” *.

Жұмыс тобы Ахмедов мырзамен болған жағдайды Қазақстандағы Ехоба куәгерлері билік өкілдері тарапынан діни төзімсіздік көрген басқа бір жағдаймен байланыстырды. Ахмедов мырза қамауға алынған күні билік өкілдері Куәгерлердің жиналатын жеріне баса көктеп кіріп, діни әдебиеттерін тәркілеген.

“Жұмыс тобы Ахмедов мырзаның Халықаралық пактінің 18-бабына сай, дін бостандығы құқығын пайдаланғаннан артық ештеңе істемегенін анықтады” (Пікір, 39-параграф).

Қазақстанның билік өкілдері шара қолдануға тиіс

Жұмыс тобы Қазақстанға “Ахмедов мырзаның жағдайын түзеу үшін шұғыл түрде шара қолдануды” талап етті. Бұл үшін халықаралық құқықтар бойынша, “Ахмедов мырзаны дереу босатып, өтемақы төлеп, келтірілген басқа да залалдың орнын толтыруы қажет” екенін хабарлады. Жұмыс тобы Қазақстаннан заңдарын және оларды жүзеге асыру жолдарын үкіметтің халықаралық міндеттеріне сай етіп өзгертуді сұрады. Сонда Ахмедов мырзаның жағдайындағыдай қатыгездік көрсету қайталанбас еді.

2017 жылдың 13 қазанында Ахмедов мырзаның қорғаушылары Қазақстанның Жоғарғы сотына апелляция беріп, БҰҰ-ның Негізсіз қамауға алу бойынша жұмыс тобының шешімін қабылдауды, оған тағылған айыптан ақтауды және шұғыл түрде босатуды сұрады.

Дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлері Теймур Ахмедовтың ісі халықаралық деңгейде әділетсіз деп мойындалғанына риза. Сондай-ақ бұл істің Қазақстанда дін бостандығына деген құрметтің жетіспейтінін ашық көрсеткенін дұрыс деп есептейді. Олар Қазақстан үкіметі жұмыс тобының жоғарыдағы шешімін жүзеге асырады және Ахмедов мырзаны тез арада түрмеден босатады деп күтуде.