Мазмұнға өту

6 ШІЛДЕ, 2017
ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан Ехоба куәгерлерінің жергілікті филиалының ісін тоқтатып қойды

Қазақстан Ехоба куәгерлерінің жергілікті филиалының ісін тоқтатып қойды

2017 жылдың 29 маусымында Алматы қаласының соты Ехоба куәгерлерінің Қазақстандағы мәсіхшілік орталығына (бұдан әрі “Орталық”) айыппұл салып, барлық ісін үш айға тоқтатып қойды. Сот бұл шешімін көпшілік орындарында сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелеріне байланысты жүргізілген тексеріске негіздеп қабылдаған. Тексеру кезінде, ешқандай негіз болмаса да, Орталықта орнатылған 25 бақылау камерасынан басқа тағы 3-еуі қажет деп анықталды. Бірақ 2017 жылдың 6 ақпанында үкімет басшылары Орталыққа қарасты ғимараттардың бақылау камералары көрсетілген ресми жобасын мақұлдап қойған еді. Бұл ресми жобаны мақұлдауымен олар Орталықтың қауіпсіздік ережелеріне толықтай сай келетінін көрсеткен еді.

Орталықтың жетекшісі Бекжан Полат былай деді: “Орталықтың барлық ісін тоқтату — біз жасады-ау деген ереже бұзушылыққа мүлдем сай келмейтін ауыр жаза. Бұл шешімге діни төзімсіздік түрткі болып отырғаны анық. Сондықтан біз апелляциялық шағым береміз”.

Орталықтың ісіне үкімет басшылары араласты

Қазақстандағы Ехоба куәгерлері құқық қорғау органдарының тарапынан жаппай қысым көруде. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Н. М. Пакирдинов 29 маусымдағы шешімін шығармас бұрын 17 мамыр күні үкімет өкілдері қауіпсіздік ережелерін тексеруді себеп етіп тал түсте Орталыққа баса көктеп кірген. Бұл рейдті Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (бұрынғы КГБ) мен 30-дан аса құқық қорғау органдарының қызметкері бастап келген. Араларында автомат асынып, бетперде киген спецназдар да болды. Олар маусымнан бастап елдің бас қаласы Астанада өтетін “Экспо-2017” көрмесінің қарсаңында көпшілік орындарындағы қауіпсіздік шараларын тексеру туралы бұйрық алғандарын алға тартты.

2017 жылдың 17 мамыры, Орталыққа рейд жасалды

2017 жылдың 23—25 маусым аралығында Ехоба куәгерлері үш күндік арнайы конгрестерін өткізді. Бұл жиынға Құрама Штаттар, Еуропа, Украина, Грузия, Қырғызстан және тағы басқа елдерден делегаттар келді. Конгресс уақыты таяғанда үкімет басшылары жалға берушілерді Ехоба куәгерлерімен жасасқан келісімшарттарын үзуге көндірген. Сол себептен де шетелден келген 1500 делегат пен жергілікті Куәгерлер Орталыққа қарасты аумақта жиналуға мәжбүр болды.

2017 жылдың 23 маусымы, полиция конгреске жол тартқан шетелдік делегаттарға бөгет болды

Конгрестің бірінші күні полиция қызметкерлері шетелдік делегаттарды таситын 11 автобус жүргізушісінің құжаттарын тексеруге кіріскен. Соның кесірінен шетелдік 500 делегат екі сағат бойы қонақүйде отырып қалған. Екінші күні де полиция 20 автобустың жүргізушісін тексеріп, 900 делегат үш сағат бойы конгреске шыға алмаған.

Орталық осы жағдайлардан кейін Алматы қаласының прокуратурасына шағым түсірді. Прокуратураның тарапынан ешқандай жауап болмаса да, конгрестің үшінші күні полиция қызметкерлері Куәгерлерге ешқандай қиындық туғызбады. Алайда конгресс біткен соң төрт күннен кейін-ақ Алматының әкімшілік соты Орталықтың ісін тоқтату туралы шешім шығарды.

“Заңды пайдаланып пәлеге ұшыратуды ойлайтындар”

2012 жылдың желтоқсан айынан бері Қазақстан үкіметі бүкіл ел бойынша Ехоба куәгерлерінің еркіндігін біршама шектеді. Осы уақытқа дейін 60-тан аса Ехоба куәгері заңсыз түрде “миссионерлік іспен” айналысты деген айыппен ауқымды айыппұл төлеген.

2017 жылдың қаңтарында Қазақстан үкіметі діни сенімдері жайлы айтқандары үшін Ехоба куәгерлеріне қарсы екі қылмыстық іс қозғады. Мамыр айында Теймур Ахмедов діни істермен айналысқаны үшін 5 жылға сотталып, қазір түрмеде отыр. Ал екінші жағдайда бір Куәгер Ресейде “экстремистік” деп табылған әдебиетті біреуге ұсынғаны үшін діни өшпенділік туғызды деп айыпталып, полиция оған қарсы тергеу жүргізуде.

Қазақстан Ресейдің ізімен кете ме?

Куәгерлер дін істері комитетінің өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, діни бостандықтарына қол сұғылып жатқанын айтып түсіндірген. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. Алайда Бас прокурордың ұсынысымен Қазақстанның Жоғарғы соты өзінің діни нанымымен бөліскені үшін сотталған Ехоба куәгері Андрей Королевтің ісін қарастыруға кірісті. 2017 жылдың 1 маусымында сот діни сенім бостандығы адамға өз пікірі жайлы өзгелерге айтуға ерік беретінін айтып, Королев мырзаны айыпсыз деп тапты. Бас прокурор Ехоба куәгерлерінің пайдасына шешілген бұл істің прецедент болатынын анық айтса да, төменгі соттар бұны елемей, Куәгерлерге заңсыз түрде миссионерлік іспен айналысып жүр деген айып тағуларын қояр емес.

Ехоба куәгерлерінің бас заң кеңесшісінің көмекшісі Грегори Аллен былай деді: “Қазақстанның Ресейдің соңынан еріп, халықтар арасында сенім бостандығы мойындалғанына қарамастан, негізсіз айыптар тағып жатқаны өте өкінішті. 29 маусымда шығарылған Орталықтың ісін тоқтату туралы шешім тек бастамасы ғана ма деп қорқамыз. Біз апелляциялық шағым түсіріп, әділдік үшін күресеміз”.

Дүниенің төрт бұрышындағы Ехоба куәгерлері өздерінің Қазақстанда тұратын бір сенімдегі бауырластары үшін қатты алаңдаулы. Себебі соңғы оқиғалар Қазақстан үкіметінің Ресейге еліктеп, Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салуға тырысып жатқанын аңғартады.