23 ҚАҢТАР, 2024
ҚҰРАМА ШТАТТАР
Ғалақаттың бірінші сыныбының соңғы түлегі 103 жасында дүниеден озды
2023 жылы 23 қарашада, Мэри М. Лаример деген бауырласымыз қайтыс болды. Ол Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап колледжінің бірінші сыныбын бітірген a. Мэри 1920 жылдың 4 маусымында Пенсильвания штатының (АҚШ) Синери Хилл қаласында туылды. 1935 жылы 15 жасында Вашингтонда өткен конгресте шомылдыру рәсімінен өтті. Төрт жылдан кейін Лаример бауырлас тұрақты ізашар болып қызмет ете бастады. Ол өте еңбекқор болатын.
1942 жылдың желтоқсанында, Мэри сол кезде ұйымда жетекшілік еткен Нейтан Норр бауырластан шақыру алады. Норр бауырлас оны жаңадан ашылған Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап колледжінде оқуға шақырады. Шақыру қағазда былай делінген еді: “Бұл колледждің мақсаты — ер, әйел бауырластарды дүниенің түкпір-түкпіріне миссионер ретінде жіберуге дайындау”. Әрі қарай былай делінген: “Әр курстың ұзақтығы бес ай болмақ... Осындай қысқа уақыттың ішінде оқушылар Жазбаларды тыңғылықты зерттейтін болады және әртүрлі жұмыс атқарады”. Шақыру қағазын оқығаннан кейін Мэри өтінішті бірден толтырып жібереді.
1943 жылдың 1 ақпанында, ол 99 сыныптастарымен бірге осы жаңа мектептің алғашқы сыныбында оқуын бастайды. Бұл курс АҚШ-тың Нью-Йорк штатының Саут-Лансинг қаласында өтті. Мэри бес ай бойы көп күш салып, Жазбаларды егжей-тегжейлі зерттеді. Ол үздік оқушы болды әрі 1943 жылдың 23 маусымында курсты бітіріп шықты.
Бітіру салтанатынан кейін Мэри Кубаға миссионер ретінде тағайындалды. Жаңа тағайындалу алып, жаңа елде жүргенде, ол кейбір қиындықтарға кезікті. Ол былай деп еске алады: “Сол жақтағы адамдар кедей еді. Көлігіміз болмағандықтан қызметте жаяу жүретінбіз”. Мэри Кубада 1948 жылға дейін қызмет етіп, сосын Пенсильванияға қайта оралды. Себебі анасы қатты жарақат алып, оған күтім қажет болды. Кейінгі ондаған жылдар бойы да Мэри бауырлас салтбасты болып, Ехобаға жан-тәнімен қызмет ете берді. Қайтыс болар алдында ол Калифорнияның Глендейл (АҚШ) қаласындағы бір қауымда қызмет етті.
Бүгінде Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебі Паттерсонда (Нью-Йорк) орналасқан әрі онда қазір 155-інші сынып өтіп жатыр. Ғалақат оқытушысы Марк Нумар бауырлас Мэридің қайтыс болғаны жайлы естігенде, былай деді: “Мэри Лаример кішкентай қалада туылған жас қыз еді. Ол өзгелерге Ехоба жайлы айту үшін кез келген жерге баруға дайын болатын. Оның сенімі мықты болғаны сонша — ол қайда тағайындалатынын да, үйіне қайтып орала ма, жоқ па, соны білмесе де, қызмет етуге дайын болды. Мэри сияқты миссионерлер дүниежүзілік уағыз ісінің өсіміне зор үлес қосты” (Ишая 6:8).
a 1946 жылдан бастап Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап колледжі Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебі деп аталатын болды.