Әлдебіреу Ехоба куәгері болудан бас тарта ала ма?
Иә. Егер адам ұйымымыздан бас тартқысы келсе, мұны ол екі жолмен істей алады:
Ресми өтініш арқылы. Адам Ехоба куәгерлерінің бірі болып есептелгісі келмейтіні жайлы шешімін ауызша не жазбаша түрде істей алады.
Іс-әрекеті арқылы. Адам бұдан былай Ехоба куәгері болғысы келмейтінін көрсететін істер жасауы мүмкін (Петірдің 1-хаты 5:9). Мысалы, ол басқа бір дінді қабылдап, сол діннің ұстанушысы болғысы келетіні жайлы ниетін мәлім етуі мүмкін (Жоханның 1-хаты 2:19).
Егер адам уағыздамай қойса не жиналыстарыңа баруды доғарса ше? Ондай адамды Ехоба куәгері болудан бас тартты деп санайсыңдар ма?
Жоқ, олай санамаймыз. Бас тарту мен сенімнің әлсіреуі — екі түрлі нәрсе. Мінажат етуде бәсеңдеудің не ғибадат етуді доғарудың себебі адамның сенімнен бас тартқандығында емес, көбінесе еңсесін мұң басқандығында болып жатады. Біз мұндай адамдардан алшақтамаймыз, керісінше, оларды демеп, жұбаныш беруге ұмтыламыз (Салоникалықтарға 1-хат 5:14; Яһуда 22). Егер адам көмекті қажет етсе, қауым ақсақалдары оған рухани жәрдем көрсетілуіне қам жасайды (Ғалаттықтарға 6:1; Петірдің 1-хаты 5:1—3).
Дегенмен ақсақалдар адамды Ехоба куәгері болып қалуға күштей алмайды. Оларға мұндай билік берілмеген. Дінге қатысты шешімді әр адам өзі қабылдауы қажет (Ешуа 24:15). Біз Құдайға ғибадат ететін адам мұны шын жүректен істеуге тиіс деп есептейміз (Зәбүр 110:3; Матай 22:37).