Ехоба куәгерлері мәсіхшілер ме?
Иә. Бұлай деуіміздің себептері келесідей:
Біз Иса Мәсіхтің тәлімдерін мұқият ұстанып, жүріс-тұрысына барынша еліктеуге тырысамыз (Петірдің 1-хаты 2:21).
Иса Мәсіхтен “басқа бізді ешкім құтқара алмайды, өйткені бізді құтқаратын есім жердегілердің ешқайсысына берілген жоқ” деп сенеміз (Елшілердің істері 4:12).
Ехоба куәгері болған адам Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өтеді (Матай 28:18, 19).
Дұғаларымызды Исаның атынан айтамыз (Жохан 15:16).
Біз Исаның “бас” екеніне, яғни әрбір ер адамға билік етуге тағайындалғанына сенеміз (Қорынттықтарға 1-хат 11:3).
Алайда біздің мәсіхшілер дінін ұстанатын басқа ағымдардан айырмашылығымыз көп. Мысалы, біз Үштік іліміне, яғни Исаны қоса алғанда, құдай үш тәңірден тұрады дегенге сенбейміз. Қайта, Киелі кітаптың Исаны Құдайдың Ұлы деп үйрететініне сенеміз (Марқа 12:29). Сондай-ақ адамның өлмес жаны бар дегенге, Құдай адамдарды тозақта мәңгі қинайды деген ілім Киелі жазбаларға негізделген дегенге және діни іс-шараларда жетекшілік ететіндердің өздерін басқалардан жоғары қоятын лауазымдары болу керек дегенге сенбейміз (Уағыздаушы 9:5; Езекиел 18:4; Матай 23:8—10).