Мазмұнға өту

Ехоба куәгерлері не себепті қан құйдырудан бас тартады?

Ехоба куәгерлері не себепті қан құйдырудан бас тартады?

Көпшілікке тараған жаңсақ пікірлер

 Жаңсақ пікір: Ехоба куәгерлері медициналық емшараларға жүгінбейді.

 Шындық: Біз өзіміз үшін де, туыстарымыз үшін де емделудің ең жақсы түрін таңдауға тырысамыз. Денсаулығымыз сыр берсе, біз ем-домды не отаны қансыз жасауда тәжірибесі бар дәрігерлерге барамыз. Медицинаның алға басып жатқаны бізді қуантады. Куәгерлерді емдеуде қолданылып жүрген қансыз емдеу тәсілдері бүгінде басқа да адамдарға көмектесу үшін кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда көп елдерде кез келген адам қан құйдырмай емделу жолын таңдай алады. Осылай адам өзін келесідей қауіптерден сақтайды: қан арқылы жұғатын аурулар, иммунды жүйенің реакциясы не абайсызда жасалатын қателіктер.

 Жаңсақ пікір: Ехоба куәгерлері сырқатты сеніммен жазуға болады дегенге сенеді.

 Шындық: Бізде сеніммен емдеу деген нәрсе жоқ.

 Жаңсақ пікір: Қан құйдырмай емделу өте қымбат тұрады.

Шындық: Қан құйдырмай емделу тиімді әрі қымбат емес a.

 Жаңсақ пікір: Жыл сайын көптеген Куәгер, соның ішінде балалар да, қан құйдырудан бас тартқандықтан көз жұмады.

 Шындық: Бұлай деуге еш негіз жоқ. Бүгінде хирургтар ортопедиялық, жүрекке жасалатын және мүше алмастыру сияқты күрделі оталарды қан құймай жасайды b. Осындай ем түрін таңдаған науқастар, соның ішінде балалар да бар, қан құйдырып емделгендермен бірдей не олардан да жылдам айығып жатады c. Қалай болған күнде де, қаннан бас тартқан адам өледі, ал қан құйдырған адам өмір сүреді деп ешкім кесіп айта алмайды.

Ехоба куәгерлері не себепті қан құйдырудан бас тартады?

 Мұның себебін медициналық тұрғыдан емес, діни тұрғыдан қарастырған жөн. Киелі жазбаларда қаннан аулақ болу керектігі анық айтылған (Жаратылыс 9:4; Леуіліктер 17:10; Заңды қайталау 12:23; Елшілердің істері 15:28, 29). Оның үстіне, Құдай тіршілік иесінің өмірі қанда деп қарастырады (Леуіліктер 17:14). Сондықтан біз Құдайдың бұйрығына мойынсұну үшін ғана емес, оны өмірдің Қайнары ретінде құрметтегендіктен де қан құйдырудан бас тартамыз.

Көзқарастардың өзгеруі

Күрделі оталарды қан құйдырмай-ақ сәтті жасауға болады.

 Бір кездері медицинада қан құйдырудан бас тартуды қауіпті, тіпті өзіне-өзі қол жұмсаумен бірдей деп есептелген. Бірақ соңғы жылдары мұндай көзқарасты ұстанатындар саны азаюда. Мысалы, 2004 жылы медициналық журналдардың бірінде жарық көрген мақалада: “Ехоба куәгері болып табылатын науқастар үшін қолданылған ем түрлерінің көбі жылдар өте келе қалыпты емшараға айналады”,— делінген еді d. Ал басқа бір медициналық журналда қансыз ота жасау тек Ехоба куәгерлерімен шектелмей, хирургтардың мұны әр жағдайда қарастыру керектігі атап өтілді (“Heart, Lung and Circulation” журналы, 2010 жыл).

 Дүниежүзі бойынша мыңдаған дәрігер күрделі оталарды қансыз жасау үшін ота кезінде көп қан жоғалтпау әдістеріне жүгінеді. Мұндай әдістер тіпті дамушы елдерде де қолданылады. Осындай ем түрін таңдайтындардың арасында Ехоба куәгері болып табылмайтын науқастар аз емес.

a Transfusion and Apheresis Science, Volume 33, No. 3, p. 349.

b The Journal of Thoracic and Cardiovascular Surgery, Volume 134, No. 2, pp. 287-288; Texas Heart Institute Journal, Volume 38, No. 5, p. 563; Basics of Blood Management, p. 2; and Continuing Education in Anaesthesia, Critical Care & Pain, Volume 4, No. 2, p. 39.

c The Journal of Thoracic and Cardiovascular Surgery, Volume 89, No. 6, p. 918; and Heart, Lung and Circulation, Volume 19, p. 658.

d Continuing Education in Anaesthesia, Critical Care & Pain, Volume 4, No. 2, page 39.