Ехоба куәгерлері не нәрсеге сенеді?
Біз, Ехоба куәгерлері, Иса пайғамбар үйреткен және оның шәкірттері жүрген жолмен жүруге тырысамыз. Осы мақалада біздің ұстанымдарымыздың кейбірімен таныс боласыздар.
Құдай. Біз Жаратушы Иеміз — жалғыз шынайы әрі Құдіреті шексіз Құдайға құлшылық етеміз. Оның есімі — Ехоба (Зәбүр 83:18; Аян 4:11). Ол — Ыбырайым, Мұса және Иса пайғамбар ғибадат еткен Құдай (Мұсаның 2-жазбасы 3:6; 32:11; Жохан 20:17)
Киелі кітап. Біз Киелі кітапты Құдай рухымен жазылған адамзатқа берілген хабар деп білеміз (Жохан 17:17; Тімөтеге 2-хат 3:16). Біз ілімдерімізді Киелі жазбалардың 66 кітабының барлығына негіздейміз. Бұған Көне өсиет пен Жаңа өсиет те кіреді. Профессор Джейсон Д. Бедун “Ехоба куәгерлері өз ілімдерін Киелі кітап мынаны айтқысы келген шығар дегенге емес, Киелі кітапта нақты жазылған жайттарға негіздейді” дегенде, дөп айтқан болатын a.
Біз Киелі кітапты бөліп жармай, тұтастай оқимыз. Бірақ оның барлық жазбаларын сөзбе-сөз түсінетін фундаменталистер сияқты емеспіз, қайта кейбір тұстары бейнелі тілмен жазылғанын ескереміз (Аян 1:1).
Иса. Біз Иса Мәсіхтің тәлімдері мен қалдырған үлгісіне сай өмір сүреміз. Оны Құтқарушымыз әрі Құдайдың ұлы ретінде құрметтейміз (Матай 20:28; Елшілердің істері 5:31). Біздің мәсіхшілер деп аталуымыз да сондықтан (Елшілердің істері 11:26). Киелі жазбалардан Иса пайғамбардың Жаратушы Құдай емес екенін білдік, сонымен қатар онда Үштік сенімін растайтын ешқандай негіз жоқ екеніне көзіміз жетті (Жохан 14:28).
Құдай Патшалығы. Бұл — мәсіхшілердің жүрегінен орын алатын түсінік емес, көкте шынымен билік етіп жатқан үкімет. Құдай Патшалығы болашақта жердегі үкіметтердің орнын басып, Алла Тағаланың жерге қатысты ниетін жүзеге асырады (Даниял 2:44; Матай 6:9, 10). Киелі кітапта пайғамбарлық етілгендей, адамзат қазір “соңғы күндері” өмір сүріп жатыр. Демек, Құдай үкіметінің жерге билік етуіне өте аз уақыт қалды (Тімөтеге 2-хат 3:1—5; Матай 24:3—14).
Иса — Құдай Патшалығының патшасы. Ол өз билігін 1914 жылы бастады (Аян 11:15).
Құтқарылу. Иса пайғамбардың өзінің жанын құрбан етуінің арқасында біз күнә мен өлімнен азат бола аламыз (Матай 20:28; Елшілердің істері 4:12). Бұл үшін адам Исаға сеніп қана қоймай, өмірін өзгертіп, шомылдыру рәсімінен өтуі керек (Матай 28:19, 20; Жохан 3:16; Елшілердің істері 3:19, 20). Егер ол сеніміне сай әрекет ететін болса, сенімінің тірі екенін дәлелдейді (Жақып 2:24, 26). Дегенмен құтқарылу — өз күшімізбен ие болатын нәрсе емес. Бұған “Құдайдың рақымының” арқасында ғана қол жеткіземіз (Ғалаттықтарға 2:16, 21).
Аспан. Ехоба Құдай, Иса Мәсіх және адал періштелер рухани әлемде өмір сүреді b (Зәбүр 103:19—21; Елшілердің істері 7:55). Иса Мәсіхпен көкте патшалық ету үшін тек санаулы 144 000 адам ғана көкке барады (Даниял 7:27; Тімөтеге 2-хат 2:12; Аян 5:9, 10; 14:1, 3).
Жер. Алла Тағала жерді адамзаттың мәңгі тұрағы болу үшін жаратты (Зәбүр 104:5; 115:16; Уағыздаушы 1:4). Ол тілалғыш адамдарды жарылқап, олар жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүреді әрі денсаулықтары мықты болады (Зәбүр 37:11, 34).
Зұлымдық пен қайғы-қасірет. Бұлар адамзат өміріне көктегі періштелердің бірі Құдайға қарсы шыққаннан кейін енді (Жохан 8:44). “Шайтан” және “Ібіліс” деген атқа ие болған бұл періште Адам мен Хауаны да азғырып, нәтижесінде олардың ұрпақтары мұның ауыр азабын тартуда (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6; Римдіктерге 5:12). Шайтан көтерген дұрыс пен бұрысқа қатысты мәселені шешу үшін, Құдай зұлымдық пен қайғы-қасіретке жол берді. Алайда бұл мәңгілік жалғаса бермейді.
Өлім. Адам қайтыс болған соң тіршілік етуін мүлдем тоқтатады (Зәбүр 146:4; Уағыздаушы 9:5, 10). Ол тозақ отында азап шекпейді.
Алла Тағала миллиондаған өлген адамды өмірге қайта тірілтеді (Елшілердің істері 24:15). Алайда олар Құдай көрсеткен жолмен өмір сүруден бас тартса, мәңгілікке жойылады (Аян 20:5).
Отбасы. Біз Құдайдың отбасыларға берген о бастағы өсиетіне сай, некені бір еркек пен бір әйелдің одағы деп білеміз. Ерлі-зайыптының бірі азғындық жасаса ғана ажырасуға болады (Матай 19:4—9). Отбасылардың бақытты болуына Киелі кітаптағы басшылық қана көмектесетініне сенімдіміз (Ефестіктерге 5:22—6:1).
Ғибадатымыз. Біз ғибадатымызда айқышты немесе пұттарды қолданбаймыз (Мұсаның 5-жазбасы 4:15—19; Жоханның 1-хаты 5:21). Ғибадатымыздың негізгі салалары келесідей:
Құдайға дұға етеміз (Філіпіліктерге 4:6).
Киелі кітапты оқимыз және зерттейміз (Зәбүр 1:1—3).
Киелі кітаптан білгендерімізді өмірде қолдануға тырысамыз (Зәбүр 77:12).
Біз дұға ету, Киелі кітапты зерттеу, ән айту, сенімімізді паш ету және бір сенімдегілерді жігерлендіру үшін жиналамыз (Қолостықтарға 3:16; Еврейлерге 10:23—25).
Біз “Патшалық жайлы ізгі хабарды” уағыздаймыз (Матай 24:14).
Дүниежүзілік білім беру ісімізге қажетті ғибадат орындарын тұрғызамыз және оларды күтіп ұстаймыз (Зәбүр 127:1).
Апаттан зардап шеккендерге көмектесеміз (Елшілердің істері 11:27—30).
Біздің ұйым. Біз қауымдарға бөлінгенбіз, әр қауымға рухани толысқан бірнеше ер адам жетекшілік етеді. Олар дінбасылардан тұратын топ емес, әрі қызметтері үшін ақы алмайды (Матай 10:8; 23:8). Біздің қауымдарда ақша немесе мал-мүліктің оннан бір бөлігі жиналмайды (Қорынттықтарға 2-хат 9:7). Барлық ісіміз ерікті садақаның арқасында жүріп жатыр.
Басқарушы кеңес — рухани толысқан ер адамдардан тұратын кішігірім топ. Ол дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлеріне басшылық береді (Матай 24:45).
Бірлігіміз. Дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлерін біріктіретін нәрсе — ұстанатын ілімдері (Қорынттықтарға 1-хат 1:10). Арамызда ұлт пен нәсілге, тапқа бөлінушілік болмау үшін көп күш саламыз (Елшілердің істері 10:34, 35; Жақып 2:4). Әйткенмен, әркімнің таңдау еркіндігі бар. Әр Ехоба куәгері Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданына сай жеке шешім қабылдайды (Римдіктерге 14:1—4; Еврейлерге 5:14).
Жүріс-тұрысымыз. Біз әрбір ісімізді риясыз сүйіспеншілікпен атқаруға тырысамыз (Жохан 13:34, 35). Алла Тағалаға ұнамайтын істерден аулақ жүреміз, мысалы қанға қатысты өсиеттен аттап, қан құйдырмаймыз (Елшілердің істері 15:28, 29; Ғалаттықтарға 5:19—21). Біз бейбітсүйгіш адамдармыз және соғысқа қатыспаймыз (Матай 5:9; Ишая 2:4). Біз өзіміз тұрып жатқан елдің Құдайдың заңына қайшы келмейтін барлық заңдарына мойынсұнамыз (Матай 22:21; Елшілердің істері 5:29).
Басқалармен ара-қатынасымыз. Иса пайғамбар: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деп бұйырған. Ол мәсіхшілердің “осы дүниелік емес” екенін де айтқан (Матай 22:39; Жохан 17:16). Біз бәріне жақсылық жасауға тырысамыз. Дегенмен саяси іс-шараларда бейтараптық сақтаймыз және басқа діндердің ісіне араласпаймыз (Ғалаттықтарға 6:10; Қорынттықтарға 2-хат 6:14). Алайда өзгелердің бұл мәселеге қатысты шешімдерін құрметтейміз (Римдіктерге 14:12).
Ехоба куәгерлерінің сенімі жайында сұрақтарыңыз болса, вебсайтымыздан мәлімет таба аласыз не офистеріміздің біріне қоңырау шала аласыз. Я болмаса жергілікті Патшалық сарайында өтетін кездесуге қатыса аласыз не Ехоба куәгерлерінің бірімен әңгімелесе аласыз.
a “Аудармадағы шындық” кітабының 165-бетін қараңыз (“Truth in Translation”).
b Зұлым періштелер көктен аластатылған. Дегенмен олар рухани әлемде тіршілік етулерін жалғастыруда (Аян 12:7—9).