Неге Ехоба куәгерлері өздеріне жабылған жалаға жауап қайтармайды?
Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы кеңеске құлақ асқандықтан, жала жапқан не келеке-мазақ еткен адамдарға жауап қайтара бермейді. Мысалы, Киелі кітапта мынадай кеңес бар: “Мазақтағышты түзеткен масқара болар” (Нақыл сөздер 9:7, 8; 26:4). Біз жалған айыптарға бола талас-тартысқа түскеннен гөрі, Құдайға ұнамды болуға көбірек мән береміз (Зәбүр 119:69).
Әрине, “үндемейтін уақыт” және “сөйлейтін уақыт” болады (Уағыздаушы 3:7). Біз Құдай туралы шындықты іздеген ақжүрек адамдардың сұрақтарына жауап беруге дайынбыз. Бірақ еш мәні жоқ айтыс-тартыстан аулақпыз. Осылайша Иса пайғамбардың және ертедегі мәсіхшілердің үлгісіне еліктейміз.
Иса Мәсіх жалған айыппен Пилат деген әміршінің алдында тұрғанда, ешқандай жауап қайтармады (Матай 27:11—14; Петірдің 1-хаты 2:21—23). Сондай-ақ жұрт: “Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді”,— деп мазақтағанда да ол ләм-мим демеді. Киелі кітаптағы “даналық істерімен дәлелденеді” деген сөздерге сай, Иса өзінің қандай адам екенін істерімен көрсеткен (Матай 11:19). Бірақ сөйлеу керек жағдайларда ол жалған айыптарға батылдықпен жауап қайтара білген (Матай 15:1—3; Марқа 3:22—30).
Иса өзінің ізбасарларын жалған айыптарға кезіккен жағдайда жігерлерін жасытпауға шақырған. Ол: “Маған бола жұрт сендерді қорлап, қудалап не түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар”,— деген (Матай 5:11, 12). Иса осындай жағдайлар тіпті Құдай жайлы хабар айтуға жол ашатынын айтып, былай деп уәде еткен: “Мен сендерге даналық беріп, айтатын сөздеріңді ауыздарыңа саламын. Сонда жауларыңның бәрі біріксе де, сендерге қарсы шыға да, дауласа да алмайды” (Лұқа 21:12—15).
Елші Пауыл мәсіхшілерді қарсыластарымен дауласпауға шақырған. Ол мұндай тартыстардың “еш пайдасыз, бос әурешілік” екенін айтқан (Титке 3:9; Римдіктерге 16:17, 18).
Елші Петір мәсіхшілерді мүмкін болған кездің бәрінде сенімдерін қорғап сөйлеуге шақырған (Петірдің 1-хаты 3:15). Бірақ ол сөзге қарағанда іс-әрекеттің салмағы басымырақ екеніне назар аударып: “Игі істерің арқылы ақылсыз адамдардың надандықпен айтқан сөздеріне тосқауыл қойыңдар”,— деп жазған (Петірдің 1-хаты 2:12—15).