Мазмұнға өту

Ехоба куәгерлері табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесе ме?

Ехоба куәгерлері табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесе ме?

Иә, Ехоба куәгерлері табиғи апаттың құрбандарына жиі қол ұшын береді. Біз Ехоба куәгерлеріне де, Куәгер еместерге де көмектесеміз. Осылай Киелі жазбадағы “Мүмкіндік барда бәріне, әсіресе сенімі бір бауырластарға, жақсылық жасай берейік” деген нұсқауға сай әрекет етеміз. Сондай-ақ апаттан зардап шеккендер әсіресе эмоционалдық және рухани көмекті қажет ететіндіктен, осы жағынан да қол ұшын беруге тырысамыз (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4).

Көмекті ұйымдастыру

Табиғи апаттан соң, жергілікті қауымдағы жауапты ер кісілер (ақсақалдар) өз қауым мүшелерімен байланысып, олардың аман-есендігін және қандай көмекке зәру екенін анықтайды. Сосын олар жинаған мәліметтерін және алғашында қандай көмек көрсетілгенін Ехоба куәгерлерінің жергілікті филиалына хабарлайды.

Егер жергілікті қауымдардың қажетті көмекті көрсетуге шамалары келмей жатса, Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі оларға жәрдемдеседі. Осылай олар аштық кезінде бір-біріне қол ұшын берген Құдайдың ертедегі қызметшілеріне еліктейді (Қорынттықтарға 1-хат 16:1—4). Көмек беру ісін ұйымдастыру және басқару үшін, жергілікті филиал көмек көрсету комитеттерін құрады. Басқа аумақтағы Куәгерлер де жәрдем беру үшін, өз еріктерімен уақыттарын және қаржы-қаражатын бөледі (Нақыл сөздер 17:17).

Қаржы

Ехоба куәгерлерінің филиалдарына жіберілетін садақаларды пайдаланудың бір жолы — табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу (Елшілердің істері 11:27—30; Қорынттықтарға 2-хат 8:13—15). Көмек ісін ерікті қызметшілер тегін атқаратындықтан, бөлінген қаржы администрациялық шығындарға емес, қажетті көмекке ғана кетеді. Біз барлық садақаларға мейлінше ықтиятпыз (Қорынттықтарға 2-хат 8:20).