Ехоба куәгерлері неге туған күнді тойламайды?
Ехоба куәгерлері туған күнді тойламайды, себебі бұл Құдайға ұнамайды деп санайды. Киелі кітапта туған күнді тойламаңдар деп ашық айтылмаған. Алайда одан біз осы мейрамға қатысты маңызды жайттарды және Құдайдың бұған қалай қарайтынын білеміз. Елеусіз қалдыруға болмайтын төрт жайтты және соларға қатысты Киелі кітапта не айтылғанын көрейік.
Туған күнді тойлау пұтқа табынушылардың салт-жораларынан шыққан. Бір сөздікте айтылғандай, адамның туған күнінде “жындар мен қас күштер оған бас салуы мүмкін”, бірақ “достарымен бас қосуы және олардың ақ тілектері бұл зұлым күшті қайтарады” деген нанымнан туған күнді тойлау салты шыққан (“Funk & Wagnalls Standard Dictionary of Folklore, Mythology, and Legend”). Ал бір еңбекке сүйенсек, ежелде адамның туылған күнін жазып отыру маңызды болған, өйткені сол арқылы жұлдызнама құрастыратын болған. Ал жұлдызнама болса “астрологияның мистикалық іліміне” кірген. Сондай-ақ халықтың “туған күні жағатын шырақтардың тілектерді орындайтын сиқыры бар” деп сенгені айтылған (“The Lore of Birthdays”).
Киелі кітапта сиқырлық, бал ашу, спиритизм және осы сияқты істермен айналысу айыпталады (Мұсаның 5-жазбасы 18:14; Ғалаттықтарға 5:19—21). Мысалы, ежелдегі Бабыл қаласының тұрғындары бал ашудың бір түрі болып табылатын астрологиямен айналысқан. Бұл Құдайдың оларға үкім шығаруына түрткі болған бір себеп (Ишая 47:11—15). Бүгінде Ехоба куәгерлері әрбір салт-дәстүрдің түп-тамырын қазбалап жатпайды. Дегенмен Құдайдың белгілі бір жайттарға деген көзқарасы Киелі жазбаларда нақты айтылса, олар мұны елеусіз қалдырмайды.
Иса Мәсіхтің алғашқы ізбасарлары туған күн тойламаған. Неге? “Уорлд бук” энциклопедиясында айтылғандай, “олар әлдекімнің туған күнін тойлауды жалған тәңірлерге табынатын халықтардың жорасы деп қарастырған”. Ал Киелі кітаптан көрінетіндей, Исаның өзінен тікелей тәлім алған елшілері мен басқалардың қалдырған үлгі-өнегесін оның кейінгі ізбасарлары да ұстануы қажет (Салоникалықтарға 2-хат 3:6).
Исаның ізбасарларынан атап өту талап етілетін жалғыз мейрам, ол туған күн емес, Иса Мәсіхтің өлген күні (Лұқа 22:17—20). Бұл таңғаларлық емес, себебі Киелі кітапта “туылған күннен өлген күн артық” делінген (Уағыздаушы 7:1). Жердегі өмірінің соңына қарай Иса өзінің іс-әрекетімен Құдай алдында жақсы атаққа ие болды. Сондықтан оның туған күнінен гөрі өлген күні маңыздырақ (Еврейлерге 1:4).
Киелі кітаптың еш жерінде Құдай қызметшісінің туған күн тойлағаны айтылмаған. Бұл жай ғана елеусіз қалған жайт емес. Өйткені Киелі кітапта екі адамның туған күн тойлағаны жазылып кеткен. Алайда олар Құдайға қызмет етпеген және осы екі оқиға да жаман жағынан көрсетілген (Мұсаның 1-жазбасы 40:20—22; Марқа 6:21—29).
Ехоба куәгерлерінің балалары туған күн тойламағаны үшін бір нәрседен құр қалғандай сезіне ме?
Барлық ата-аналар сияқты, Ехоба куәгерлері де балаларына үнемі сүйіспеншіліктерін білдіріп отырады. Оларға сыйлықтар жасап, көңілді отырыстар ұйымдастырады. Олар балаларына тосын сыйлықтар жасауды ұнататын Құдайымыздың керемет үлгісіне еліктеуге тырысады (Матай 7:11). Ехоба куәгерлерінің балаларының сөздеріне қарасақ, олар мүлде өздерін бірдеңеден құр қалғандай сезінбейді.
“Сыйлықты мүлде күтпеген кезде алсам, қызықтырақ бола түседі”,— дейді 12 жасар Тами есімді қыз.
Ал 11 жасар Грегори: “Мен туған күнімде сыйлық алмаймын, бірақ ата-анам маған басқа күндері сыйлықтар жасайды. Маған сол ұнайды, себебі мен тосын сыйды өте жақсы көремін”,— дейді.
“Он минуттай торт жеп, ән айту мейрам болады деп ойлайсыз ба? Менің үйіме келіңіз, сонда нағыз мерекенің не екенін көресіз!”— дейді 6 жасар Эрик.