Ехоба куәгерлері балаларын өз дінін қабылдауға күштей ме?
Жоқ, өйткені Құдайға құлшылық ету — әркімнің жеке шешімі (Римдіктерге 14:12). Ехоба куәгерлері балаларына Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерді үйретеді, бірақ олар өскенде, Ехоба куәгері бола ма, жоқ па — мұны өздері шешеді (Римдіктерге 12:2; Ғалаттықтарға 6:5).
Кез келген ата-ана сияқты, Ехоба куәгерлері де балаларына өмірдегі ең жақсыны тілейді. Сондықтан оларға қандай да бір істі меңгеру, өнегелік құндылықтар, діни нанымдар секілді өмірде пайдалы болады-ау деген нәрселерді үйретеді. Ехоба куәгерлері Киелі кітаптың адамға ең жақсы өмір жолын көрсететініне сенімді болғандықтан, ондағы құндылықтарды балаларының бойына сіңдіруге тырысып бағады: олармен Киелі кітапты зерттейді, сондай-ақ оларды ғибадат орындарындағы жиындарға алып барады (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7). Ал әрбір бала ересек өмірге аяқ басқанда, ата-анасының сенімін қабыл алу-алмауды өзінің білген-түйгендеріне негіздеп шешеді.
Ехоба куәгерлері кішкентай нәрестелерді шомылдыру рәсімінен өткізе ме?
Жоқ. Киелі кітап нәрестелердің шомылдыру рәсімін құптамайды. Мысалы, онда айтылғандай, бірінші ғасырда Құдайдың қызметшісі болғандар алдымен уағызды естіп, оны “қуана қабылдап”, сонан соң шомылдыру рәсімінен өткен (Елшілердің істері 2:14, 22, 38, 41). Демек, адам шомылдыру рәсімінен өту үшін Киелі кітаптың ілімдерін түсініп, оларға сеніп, солар бойынша өмір сүруді шеше алатындай дәрежеде болуы керек. Ал кішкентай нәресте бұлай ете алмайды.
Балалар өсе келе, шомылдыру рәсімінен өтуді шешуі мүмкін. Алайда бұл қадамды жасау үшін олар жұрт алдында қандай ант беретіндерін жете түсінулері керек.
Ехоба куәгерлері шомылдыру рәсімінен өткісі келмеген балаларынан қашқақтай ма?
Жоқ. Баласы дінін қабыл алмағанына Куәгер ата-ананың көңілі түсуі мүмкін, бірақ олар баласын жақсы көруді доғармайды. Олар Куәгер болмағанына бола онымен қарым-қатынастарын үзіп тастамайды.
Неге Ехоба куәгерлері балаларын өздерімен бірге уағызға алып шығады?
Балаларымызды уағыз ісіне қатыстыруымыздың бірнеше себебі бар a.
Киелі кітап ата-аналарды балаларына Құдай жайлы және оған қалай құлшылық етуге болатыны жайлы үйретуге шақырады (Ефестіктерге 6:4). Құдайға құлшылық етуге адамның өз сенімін өзгелерге жариялауы да жататындықтан, уағыздау баланың діни тәлім-тәрбиесінің маңызды бөлігі болып табылады (Римдіктерге 10:9, 10; Еврейлерге 13:15).
Киелі кітапта жастарды “Жаратқанның атын мадақтауға” шақырған ашық үндеу бар (Зәбүр 148:12, 13, “Жаңа өмір” баспасы). Ал Құдайды мадақтаудың басты жолы — адамдарға ол туралы айту b.
Ата-аналарымен уағызға шығудың балалар үшін пайдалы жақтары бар. Мысалы, олар әртүрлі адамдармен сөйлесіп үйренеді. Сондай-ақ бойларында жанашырлық, қайырымдылық, сый-құрмет, жанқиярлық сынды асыл қасиеттерді дамытады. Бұған қоса, өз сенім-нанымдарына Киелі жазбалардан көптеген дәлелдер табады.
Ехоба куәгерлері әртүрлі мереке-мейрамдарға қатыса ма?
Ехоба куәгерлері Құдайға ұнамайтын діни және басқа да мейрамдарға қатыспайды (Қорынттықтарға 2-хат 6:14—17; Ефестіктерге 5:10). Мысалға алсақ, біз туған күндерді, Рождество мейрамын тойламаймыз, өйткені олардың бастауы Киелі жазбаларға негізделмеген c.
Сөйткенмен де біз отбасымызбен бірге уақыт өткізіп, балаларымызға сыйлық жасағанды жақсы көреміз. Біз отбасы боп күнтізбедегі белгілі бір күндері ғана емес, жыл бойына кез келген уақытта бас қосып, бір-бірімізге сый-сауға жасаймыз.
a Жалпы алғанда, Куәгерлердің балалары қасында ата-анасы я басқа бір жауапты ересек адам болмаса, уағызға қатыспайды.
b Киелі кітапта өз сенімдері жайлы өзгелерге айтып, Құдайды қуантқан бірнеше баланың оқиғасы жазылған (Патшалар 2-жазба 5:1—3; Матай 21:15, 16; Лұқа 2:42, 46, 47).
c “Ехоба куәгерлері неге туған күнді тойламайды?” деген мақаланы қараңыз.
d Кейбір есімдер өзгертілген.