Ехоба куәгерлері вакцинаға қарсы ма?
Жоқ, Ехоба куәгерлері вакцинаға қарсы емес. Әр Куәгер вакцина салдыра ма, жоқ па — оны өзі шешеді. Көп Ехоба куәгері екпе саламыз деп шешкен.
Біз сапалы медициналық көмек алуды қалаймыз және күрделі аурулардың қаупін төмендететін медицинадағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Ақ халатты абзал жандардың, әсіресе пандемия кезінде атқарып жатқан жанкешті еңбектері үшін алғысымыз шексіз.
Ехоба куәгерлері денсаулық сақтау саласындағы мамандармен қызметтеседі. COVID-19 пандемиясы басталғалы бері Ехоба куәгерлері jw.org сайтында 100-ден көп тілде қайта-қайта ескертпелер шығарып, адамдарды жергілікті сақтық шараларын ұстануға үндеді. Мысалы, әлеуметтік арақашықтық сақтау, оқшаулану, қол жуу және бетперде тағу сияқты. Сондай-ақ қоғамдық жерлерде жиналуға қатысты нұсқауларға және үкімет қойған басқа да талаптарға құлақ асуға шақырды (Римдіктерге 13:1, 2).
Бірнеше ондаған жыл бойы Ехоба куәгерлері мына ойларға баса назар аударып келеді:
Денсаулыққа байланысты шешімдер — әр адамның жеке таңдауы (Ғалаттықтарға 6:5).
“[Бұл журнал] қандай да бір дәрілерді я ем түрін ұсынбайды және медициналық ақыл-кеңестер бермейді. Журналдың мақсаты — оқырманға жан-жақты мәлімет беріп, шешім қабылдау құқын өзіне қалдыру” (“Ояныңдар!” журналы, 8 ақпан, 1987 жыл, ағылшынша).
“Өзіңіз немесе балаңыз екпе салдыра ма, жоқ па — оны сіз шешесіз” (“Ояныңдар!” журналы, 22 тамыз, 1965 жыл, ағылшынша).
Біз үшін өмір аса құнды болғандықтан, медициналық көмекке жүгінеміз (Елшілердің істері 17:28).
“Денсаулықтары сыр бергенде, Ехоба куәгерлері дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Олар өмірді сүйеді. Сондықтан өмірін сақтау үшін олар ақылға қонымды әрі Жазбаларға қайшы келмейтін нәрсенің бәрін жасайды” (“Күзет мұнарасы”, 1 қыркүйек, 1976 жыл, орысша).
“Ехоба куәгерлері дәрі-дәрмек пен емшаралардан бас тартпайды. Өйткені олар денсаулықтарының жақсы, әрі өмірлерінің ұзақ болғанын қалайды. Куәгерлердің де арасында, I ғасырдағы мәсіхші Лұқа сияқты, дәрігерлер бар... Ехоба куәгерлері ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегін және жанқиярлық рухтарын бағалайды. Сондай-ақ сырқаттан айықтыруға тырысып, қолдарынан келгенше көмек беріп жатқаны үшін зор алғыс білдіреді” (“Күзет мұнарасы” 1 сәуір, 2011 жыл).