Мазмұнға өту

Неге Ехоба куәгерлері кейбір мейрамдарды тойламайды?

Неге Ехоба куәгерлері кейбір мейрамдарды тойламайды?

 Ехоба куәгерлері қандай да бір мейрамды тойлау-тойламауды қалай анықтайды?

 Ехоба куәгерлері қандай да бір мейрамды тойлау-тойламауды Киелі жазбаларға сүйеніп шешеді. Кейбір мереке-мейрамдар осы қасиетті кітапта жазылған шындықтарға мүлдем қайшы келеді. Ехоба куәгерлері ондай мейрамдарды атап өтпейді. Ал басқа мейрамдарға келсек, оларды тойлау-тойламауды әрқайсысы “Құдай алдында да, адамдардың алдында да” ар-ұжданын таза сақтауға тырыса отырып, өзі шешеді (Елшілердің істері 24:16).

 Төменде Ехоба куәгерлері қандай да бір мейрамды тойламас бұрын ойланып-толғанатын кейбір сұрақтар келтірілген a.

  •   Бұл мейрам Киелі жазбаларға қайшы келетін іліммен байланысты ма?

     Киелі кітап принципі: “Олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар, бұдан былай арам нәрсеге жоламаңдар,— дейді Ехоба” (Қорынттықтарға 2-хат 6:15—17).

     Ехоба куәгерлері арам саналатын, яғни Киелі жазбаларға қайшы келетін ілімдерге жоламау үшін кейбір мейрамдарды мерекелемейді. Ондай мейрамдарға келесідей жайттар тән:

     Басқа құдайларға сенумен және табынумен байланысты мейрамдар. Иса пайғамбар: “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет!”— деген (Матай 4:10). Ехоба куәгерлері осы сөзге құлақ асып, Рождество, Пасха секілді мерекелерді тойламайды. Себебі бұл мерекелер Ехоба Құдайға емес, басқа құдайларға табынудан тамыр алған. Сонымен қатар Куәгерлер мынадай мейрамдарға да қатыспайды:

    •  Кванза. Бұл атау суахили тіліндегі “матунда я кванза” деген сөзден шыққан, бұл “алғашқы өнім” дегенді білдіреді. Бұдан осы мейрамның түбі Африка тарихындағы алғашқы өнім мейрамдарынан шыққаны көрінеді (“Encyclopedia of Black Studies”). Кейбіреулер Кванзаны діни мейрам деп санамағанымен, басқа бір энциклопедияда аталмыш мейрам африкалықтардың “құдайлар мен ата-бабаларын разы қылу үшін” алғашқы жиын-терінді тарту еткен бір мейрамымен салыстырылған. Африка-америкалықтардың Кванза мейрамы осы мейрамның негізінде пайда болған (“Encyclopedia of African Religion”).

      Кванза

    •  Күз мейрамы. Бұл — “әйел тәңір Айға бағышталған мейрам” (“Holidays, Festivals, and Celebrations of the World Dictionary”). Осы мейрамда “үйдегі әйелдер сол тәңірге тағзым етеді” (“Religions of the World—A Comprehensive Encyclopedia of Beliefs and Practices”).

    •  Наурыз. “Британ энциклопедиясындағы” мәліметке сай, Наурыз — “жиі зороастризм және парсизммен байланыстырылатын Жаңа жыл мейрамы. Бұл мейрам Иран, Ирак, Үндістан және Ауғанстанды қоса алғанда көп елде тойланады”. Ал “Қазақстан. Ұлттық энциклопедияда” былай делінген: “Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған... Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою — “күн символын” салады... Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды”.

    •  Жаңа жыл мейрамы. Осы мейрамның шығу тегіне байланысты “Уорлд бук” энциклопедиясында былай делінген: “Ежелгі Римде жылдың алғашқы күні Янус тәңірінің құрметіне берілген. Янус қақпалар мен есіктердің, бастамалар мен бітірістің құдайы саналатын. Б.з. 487 жылы жаңа жыл христиандардың шіркеуінде қасиетті күнге айналды. Алғашында сол күні мерекені тойлауға тыйым салынған, өйткені пұтқа табынушылар солай ететін. Алайда уақыт өте бәрі өзгеріп, тойлау үрдісі қайта жанданды”.

    •  Алғыс айту күні. Кванза сияқты бұл мейрам да әртүрлі құдайлардың құрметіне тойланған байырғы өнім мейрамдарынан шыққан. Уақыт өте, “осы көне дәстүрлер христиан дініне өткен” (“A Great and Godly Adventure — The Pilgrims and the Myth of the First Thanksgiving”).

     Ырымдармен және сәттілікке сенумен байланысты мейрамдар. Киелі жазбаларда “Сәттілік құдайы үшін дастарқан жайғандар” жайлы “Ехобаны тастап кеткендер” деп айтылған (Ишая 65:11). Осы себептен Ехоба куәгерлері төмендегі мейрамдарды тойламайды:

    •  Иван Купала. Бір кітапта: “Көпшілік [Иван Купала] күні табиғат көп сиқырлы күшті бөліп шығарады, егер сен ержүрек әрі жолың болғыш адам болсаң, осы күштен ала аласың деп сенген”,— деп жазылған (“The A to Z of Belarus”). Әуелгіде пұтқа табынушылар осы күні Күннің жазғы тоқырауын тойлаған. Бірақ Ресейдің мәдениеті жайлы энциклопедияда пұтқа табынушылар “христиан дінін қабылдаған соң бұл мейрам шіркеудің мейрамымен [шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның “қасиетті күнімен”] араласып кеткен” (“Encyclopedia of Contemporary Russian Culture”).

    •  Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл (қытай Жаңа жылы, корей Жаңа жылы). “Жылдың әсіресе осы мезгілінде отбасы мүшелері, достар мен туыстар үйлеріне құт-береке кіргізу үшін бәрін жасайды, сондай-ақ тәңірлер мен рухтарға табынуға, жаңа жылда бір-біріне сәттілік тілеуге айрықша көңіл бөледі” (“Mooncakes and Hungry Ghosts—Festivals of China”). Корей халқының Жаңа жылы туралы да осылай деуге болады. Бір энциклопедияға сай, “адамдар ата-бабаларына табынады, зұлым рухтарды қуып шығару үшін және Жаңа жыл құт-береке әкелу үшін ғұрыптар жасайды, Жаңа жылда не боларын білу үшін бал ашады” (“Encyclopedia of New Year’s Holidays Worldwide”).

      Қытай Жаңа жылы

     Жан өлмейді деген түсінікке негізделген мейрамдар. Киелі жазбаларда жанның өлетіні анық айтылған (Езекиел 18:4). Міне, сондықтан да Ехоба куәгерлері марқұмдардың рухына құран бағыштау не аруақтарға сиыну, бейіт басына бару секілді рәсімдер жасалатын мейрамдарға қатыспайды. Сондай-ақ олар жан өлмейді деген ілімді құптайтын мынадай мейрамдарды да тойламайды:

    •  Өлгендердің жаны күні (Өлілерді еске алу күні). “Жаңа католик энциклопедиясында” бұл “өлгендердің бәрін еске алатын” күн екені айтылған. Онда тағы былай делінген: “Орта ғасырларда көбісі күнәдан тазартатын орындағы өлгендердің жандары осы күні аруақтарға, мыстандарға, бақалар мен тағы басқа нәрселерге айналып, тірі кездерінде өздеріне жамандық жасаған адамдарға барады деп сенген”.

    •  Цинмин мерекесі мен Аш аруақтар мерекесі. Бұл екі мереке кезінде жұрт қайтыс болған ата-бабаларына құрмет көрсетеді. Бір кітапта айтылғандай, мейрамда “өлгендер ашығып, шөлдеп және ақшаға зәру болып қалмас үшін, тамақ пен сусындар, қағаз ақшалар өртеледі”. Сондай-ақ жаңағы кітапта: “Аш аруақтар айында, әсіресе Ай толған түні тірілер мен өлгендердің арасында басқа түндерге қарағанда әлдеқайда тығыз байланыс орнайды. Сондықтан өлгендерді разы қылу үшін және марқұм ата-бабаларға құрмет көрсету үшін бәрін істеу маңызды”,— деп жазылған (“Celebrating Life Customs Around the World—From Baby Showers to Funerals”).

    •  Чхусок мейрамы. Корей халқының діни мейрамдары жайлы бір еңбекте айтылғандай, осы мерекеде адамдар “өлгендердің рухына бағыштап ас-ауқат пен шарап ұсынған”. Бұл ғұрып “адам өлген соң жаны өмір сүре береді деген сеніммен” байланысты (“The Korean Tradition of Religion, Society, and Ethics”).

     Сиқырлы және тылсым күштермен (оккультизм) байланысты мейрамдар. Киелі жазбаларда: “Сәуегейлік, сиқырлық, бал ашу, бақсы-балгерлік, дуалау, тәуіпке жүгіну, көріпкелдік, аруақтарды шақыру... Ехобаға жеркенішті”,— деп айтылған (Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12). Оккультизмнің кез келген түрінен, соның ішінде жұлдызнамадан (сәуегейліктің бір түрі) аулақ болу үшін Ехоба куәгерлері Хэллоуин мен төмендегі мейрамдарды атамайды:

    •  Сингал және Тамил Жаңа жылы. Шри-Ланка туралы энциклопедияда “осы мейраммен байланысты салт-дәстүрлерде жұлдызнама есебі бойынша ең сәтті деген уақытта белгілі бір істердің жасалатыны” айтылған (“Encyclopedia of Sri Lanka”).

    •  Сонгкран. Азиялықтардың осы мейрамының атауы “санскрит тіліндегі... сөзден келіп шыққан, әрі ол “өту” не “өзгеру” дегенді білдіреді. [Бұл мейрамда] Күн зодиактың Тоқты шоқжұлдызына өтеді” (“Food, Feasts, and Faith — An Encyclopedia of Food Culture in World Religions”).

     Иса Мәсіх өмірін құрбан еткен соң күшін жойған Мұса Заңындағы мейрамдар. Киелі жазбаларда: “Заңның соңы — Мәсіх”,— деп айтылған (Римдіктерге 10:4). Исаның ізбасарлары Құдайдың ежелгі Исраилге Мұса пайғамбар арқылы берген Заңындағы принциптердің әлі де пайдасын көреді. Бірақ олар Заңда айтылған мейрамдарды, әсіресе Мәсіхтің келуіне нұсқайтын мейрамдарды тойламайды. Себебі Мәсіхтің келгеніне сенеді. “Бұлар келуі керек нәрселердің көлеңкесі, ал көлеңкені түсіріп тұрған дене — Мәсіх”,— делінген Киелі жазбада (Қолостықтарға 2:17). Сол мейрамдар өз мақсатына жеткендіктен және бүгінде оларға Жазбаларға қайшы келетін әдет-ғұрыптар еніп кеткендіктен, Ехоба куәгерлері оларды атап өтпейді. Олардың ішінде мыналар бар:

    •  Ханукка. Бұл мейрамда еврейлердің Иерусалимдегі ғибадатханасы қайта бағышталғаны еске алынады. Алайда Киелі кітапта Иса Мәсіх “адам қолымен жасалмаған, яғни жердегі жаратылыс емес, анағұрлым ұлы әрі әлдеқайда жақсы шатырдың [не ғибадатхананың]” Бас діни қызметкері болғаны айтылған (Еврейлерге 9:11).

    •  Рош ха-Шана. Бұл — еврейлердің күнтізбесіндегі бірінші күн. Ертеде осы мейрамда Құдайға арнайы құрбандықтар шалған (Мұсаның 4-жазбасы 29:1—6). Бірақ Иса Мәсіх “құрбандық пен сый-тарту ұсынуды тоқтатқанда”, олардың Құдайдың көз алдында құны жоғалды (Даниял 9:26, 27).

  •   Бұл мейрам дінаралық қатынасқа үндей ме?

     Киелі кітап принципі: “Сенуші мен сенбейтін адамның арасында ортақ не бар? Құдайдың ғибадатханасы мен пұттар арасында қандай келісім болуы мүмкін?” (Қорынттықтарға 2-хат 6:15—17).

     Ехоба куәгерлері басқалармен тату-тәтті болуға тырысады және әр адамның неге сенетінін таңдау құқығын сыйлайды. Дегенмен олар дінаралық қатынасқа үндейтін мерекелерге қатыспайды.

     Қасиетті саналатын діни тұлғаның құрметіне арналған не әртүрлі дін өкілдерін бірге ғибадат етуге үндейтін мейрамдар. Құдай ежелдегі халқын басқа дін өкілдері тұрып жатқан жерге апара жатқанда, оларға: “Олардың өздерімен де, құдайларымен де келісім жасама... Егер олардың құдайларына құлшылық етсең, бұл сен үшін тұзақ болады”,— деген (Мұсаның 2-жазбасы 23:32, 33). Сондықтан Ехоба куәгерлері төмендегіге ұқсайтын мейрамдарды тойламайды:

    •  Лой Кратхонг. Тай халқының осы мерекесінде “адамдар жапырақтардан ыдыстар жасап, ішіне шамдарды я жұпар иісті таяқшаларды салады да, суға ағызып жібереді. Олар ыдыстармен бірге жамандық та кетеді деп сенеді. Мейрамда Будданың киелі саналатын аяқ іздерін еске алады” (“Encyclopedia of Buddhism”).

    •  Ұлттық өкіну күні. Папуа — Жаңа Гвинеяда шыққан газетте бір мемлекет шенеунігі осы мейрамға қатысатындар “христиан дінінің негізгі ілімдерімен келісетінін” айтқан. Оның айтуынша, бұл мейрамды тойлау “мемлекетте христиан принциптерінің таралуына сеп болады” (“The National”).

    •  Весак. “Бұл — буддистердің қасиетті күндерінің ішіндегі ең қасиетті күні. Ол Будданың туған күніне, толық түсінікке ие болуы мен өліміне, яғни нирванаға жетуіне арналған” (“Holidays, Festivals, and Celebrations of the World Dictionary”).

      Весак

     Киелі жазбаларда айтылмаған діни әдет-ғұрыптармен байланысты мейрамдар. Иса пайғамбар діни жетекшілерге: “Өз дәстүрлеріңе бола Құдай сөзінің қадірін түсіресіңдер”,— деген болатын. Сондай-ақ олар “адамдар шығарған ілімдерге” үйреткендіктен, босқа ғибадат етіп жүргендерін айтқан (Матай 15:6, 9). Осы ескертуге құлақ асқандықтан, Ехоба куәгерлері көптеген діни мейрамдарға қатыспайды.

    •  Эпифания (Үш корольдің күні, Тимкат). Бұл — жұлдызнамашылардың нәресте Исаға барғанын не оның шомылдыру рәсімін еске алатын мейрам. Негізінде, ол “ағын сулардың, өзендердің тәңірлерін дәріптеген пұтқа табынушылардың көктемгі мейрамдарынан бастау алып, кейін христиан дініне еніп кеткен” (“The Christmas Encyclopedia”). Осыған ұқсас Тимкат мейрамының да тамыры “ежелгі салт-дәстүрлерде жатыр” (“Encyclopedia of Society and Culture in the Ancient World”).

    •  Бикеш Мәриямның көкке көтерілуі. Бұл мейрам Исаның анасы Мәриям тәндік денесімен көкке көтерілген деген сенімге негізделген. Бір энциклопедияда айтылғандай, “ертедегі мәсіхшілерге бұл мейрам таныс болмаған, Жазбаларда да ол жайында ештеңе айтылмаған” (“Religion and Society—Encyclopedia of Fundamentalism”).

    •  Бикеш Мәриям күнәсіз туылған. “Киелі жазбаларда [Мәриямның] күнәсіз пәк туылғаны айтылмаған... Бұл шіркеудің ой-пікірі” (“Жаңа католик энциклопедиясы”).

    •  Ұлы ораза. Бұл — өкініп, ораза ұстайтын мейрам. “Жаңа католик энциклопедиясында” айтылғандай, “төртінші ғасырда”, Киелі кітап жазылып біткеннен кейін 200 жылдан астам уақыт өткен соң пайда болған. Сол энциклопедияда “Ұлы оразаның бірінші күні (“Күл себетін сәрсенбі” деп аталады) діни қызметкерлер сенушілердің басына күл шашқаны” айтылған. Осылай оларға өкіну керектігін естеріне салған. “Бұл дәстүр 1091 жылы Беневенто соборында қабылданған”.

    •  Мескел (не Маскал). Эфиопиялықтардың осы мейрамында “адамдар от жағып, оны айнала билеп, Нағыз айқыштың (яғни Мәсіх ілінген айқыштың) табылғанын тойлайды” (“Encyclopedia of Society and Culture in the Medieval World”). Ал Ехоба куәгерлері болса ғибадаттарында айқыш қолданбайды.

  •   Бұл мейрамда қандай да бір адам, ұйым не ұлттық рәміздер дәріптеле ме?

     Киелі кітап принципі: “Ехоба мынаны айтады: “Пендеге сенім артатын, Адамның күшіне арқа сүйейтін, Жүрегі Ехобадан алшақтаған жанды қарғыс атсын” (Еремия 17:5).

     Ехоба куәгерлері адамдарға ризашылық білдіріп, тіпті олар үшін дұға еткенмен, төмендегідей оқиғалар мен мейрамдарға қатыспайды:

     Билеушіні не атақты бір кісіні ұлықтайтын мейрамдар. Киелі жазбаларда: “Өз игіліктерің үшін, Жұмыр басты пендеге арқа сүйеуді доғарыңдар! Ол мұрнындағы демінің арқасында ғана жер басып жүр. Одан келіп-кетер пайда бар ма?!”— деп айтылған (Ишая 2:22). Осы себептен Ехоба куәгерлері, мысалы, үкімет басшыларының туған күнін тойламайды.

     Мемлекеттік туды дәріптеу. Ехоба куәгерлері Ту күнін тойламайды. Себебі Киелі жазбалар: “Пұттардан аулақ болыңдар!”— деп ескертеді (Жоханның 1-хаты 5:21). Бүгінде кейбіреулер туды пұт, яғни сиынатын нәрсе деп есептемегенмен, тарихшы Дж. Х. Карлтонның жазуынша, “ту — ұлтшылдықтың басты символы және ғибадаттың негізгі объектісі”.

     Әулиелерді ұлықтайтын мейрамдар. Құдайдан қорқатын бір кісі елші Петірге тағзым еткенде, ол не істеді? Киелі жазбаларда былай делінген: “Бірақ Петір оны тұрғызып: “Тұрыңыз, мен де өзіңіз сияқты адаммын ғой”,— деді” (Елшілердің істері 10:25, 26). Елші Петір де, өзге елшілер де оларды ұлықтап, ерекше құрмет көрсеткенін қаламаған. Сол себептен Ехоба куәгерлері әулие деп есептелетін адамдарды дәріптеуге арналған келесідей мейрамдарды тойламайды:

    •  Барлық әулиелер күні. Бұл — “барлық әулиелердің құрметіне арналған мейрам... Оның қайдан шыққаны беймәлім” (“New Catholic Encyclopedia”).

    •  Біздің Гваделупа ханымның мерекесі. Бұл мереке Мексиканың жебеушісі — қасиетті әйелдің құрметіне арналған және ол әйел Исаның анасы Мәриям деп есептеледі. Ол 1531 жылы ғажайып түрде бір қарапайым шаруаға көрінген деп айтады (“The Greenwood Encyclopedia of Latino Literature”).

      Гваделупа ханымның мерекесі

    •  Ат қойылған күнге арналған мейрам. Дүниежүзіндегі мерекелер туралы бір кітаптың айтуынша, “бұл — бала шоқындырылғанда оған әулиенің аты беріліп, сол әулиенің атына бағышталған немесе адам өз дінін ресми түрде қабылдаған күннің” атына арналған мейрам. Сондай-ақ “сол күні өте көп діни әдет-ғұрыптар жасалған” (“Celebrating Life Customs Around the World—From Baby Showers to Funerals”).

     Саяси және қоғамдық өзгерістермен байланысты мейрамдар. Киелі жазбаларда: “Адам баласына сенім артқаннан, Ехобаны паналаған артық”,— деп айтылған (Зәбүр 118:8, 9). Ехоба куәгерлері әлемдегі қиыншылықтарды Құдай емес, адам баласы шешеді деген пікірге қосылмайтындарын көрсету үшін, саяси не қоғамдық өзгерістерді қолдайтын Жастар күні, Халықаралық әйелдер күні секілді мейрамдарды тойламайды. Сондай-ақ олар дәл осы себеппен Азаттық күні не соған ұқсас мерекелерді атап өтпейді. Өйткені расизм, теңсіздік сияқты проблемаларды тек Құдай Патшалығы шешіп беретініне сенеді (Римдіктерге 2:11; 8:21).

  •   Бұл мейрам бір халықты я этникалық топты өзгесінен жоғары қоя ма?

     Киелі кітап принципі: “Құдай ешкімді алаламайды... Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Елшілердің істері 10:34, 35).

     Ехоба куәгерлері туған жерін жақсы көрсе де, бір халықты я этникалық топты басқасынан жоғары қоятын мейрамдарға қатыспайды. Солардың кейбірі мынадай:

     Қарулы күштердің құрметіне арналған мерекелер. Иса пайғамбар соғысты жақтамаған. Ол ізбасарларына: “Жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер және өздеріңді қудалағандар үшін дұға ете беріңдер”,— деген (Матай 5:44). Сондықтан Ехоба куәгерлері жауынгерлерді ұлықтайтын мейрамдарды тойламайды. Мысалы:

    •  Анзак күні. Бір сөздікте былай түсіндірілген: “Анзак сөзі “Австралия мен Жаңа Зеландияның әскери күштерін” білдіреді. Уақыт өте келе, Анзак мейрамы соғыс құрбандарын еске алу күніне айналған” (“Historical Dictionary of Australia”).

    •  Ардагерлер күні (Еске алу күні, Еске алуға арналған жексенбі). Бұл мейрамдар “соғыс ардагерлерінің және майданда қайтыс болғандардың” құрметіне арналған (“Encyclopædia Britannica”).

     Бір халықтың тарихы я тәуелсіздігімен байланысты мейрамдар. Иса пайғамбар өзінің ізбасарлары жайында: “Менің осы дүниелік еместігім сияқты, олар да осы дүниелік емес”,— деген (Жохан 17:16). Ехоба куәгерлеріне өз халқының тарихын білу ұнаса да, келесідей мейрамдарға қатыспайды:

    •  Австралия күні. Бір энциклопедияға сай, бұл мейрам — “1788 жылы ағылшын жауынгерлері туларын көтеріп, Австралияны жаңа колония деп жариялаған күн” (“Worldmark Encyclopedia of Cultures and Daily Life”).

    •  Гай Фокс күні. Бұл — “1605 жылы Гай Фокс пен католик шіркеуінің басқа да мүшелерінің I Яков пен [Англияның] Парламентін жарып жібермек болған әрекетінің іске аспай қалғанын атап өтетін ұлттық мейрам” (“Dictionary of English Folklore”).

    •  Тәуелсіздік күні. Көптеген елдерде бұл — “ұлттың егемендікке жеткен күнін мемлекеттік деңгейде жылдан-жылға тойлайтын мереке” (“Merriam-Webster’s Unabridged Dictionary”).

  •   Бұл мейрамда жүгенсіздік пен азғын істер орын ала ма?

     Киелі кітап принципі: “Бұрынырақта сендердің басқа халықтар сияқты, өрескелдікке, нәпсіқұмарлыққа, маскүнемдікке беріліп, ырду-дырду той-думан құрумен, сылқия тойғанша жарыса ішумен, жиренішті пұттарға табынумен өмір кешкендерің жетеді” (Петірдің 1-хаты 4:3).

     Осы принципті ұстанатындықтан, Ехоба куәгерлері ішкілік пен ырду-дырду той-думан орын алатын мейрамдарға қатыспайды. Бірақ олар да дос-жарандарымен бірге бас қосып, көңіл көтереді және қаласа, спиртті ішімдіктерді шамадан шықпай ішуі мүмкін. Олар Киелі жазбалардағы “ішсеңдер де, жесеңдер де не басқа нәрсе істесеңдер — бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер” деген принципке құлақ асуға тырысады (Қорынттықтарға 1-хат 10:31).

     Міне, сондықтан Ехоба куәгерлері Киелі кітапта айыпталатын әдепсіз жүріс-тұрысқа итермелейтін карнавалдарға және соған ұқсас мейрамдарға бармайды. Еврейлердің Пурим мейрамы да осылардың санатында. Алғашында бұл мейрам еврейлердің б.з.б. V ғасырда аман қалғанын тойлаумен байланысты болған. Бірақ қазіргі таңда, иудаизм туралы бір кітапта айтылғандай, бұл мейрамды “Марди Грас не Карнавалдың еврейше нұсқасы деуге болады”. Осы мейрамға қатысатындардың көбі “арнайы киімдер (жиі ерлер әйелдердің киімін) киіп алады, жүгенсіздікке салынады, сылқия ішіп алып, улап-шулап тойлайды” (“Essential Judaism”).

 Ехоба куәгерлерінің кей мейрамдарды тойламағандары өз отбасыларын жақсы көрмегендері ме?

 Жоқ, олай емес. Киелі жазбаларда отбасы мүшелерінің бәрін, мейлі қай дінді ұстанса да, жақсы көріп, құрметтеуіміз керектігі айтылған (Петірдің 1-хаты 3:1, 2, 7). Рас, Ехоба куәгері кейбір мейрамдарды тойламай қойса, туғандарының кейбірі ренжіп, ашулануы мүмкін, тіпті өздерін сатып кеткендей сезінетін шығар. Сондықтан Ехоба куәгерлерінің көбісі туған-тумаларына оларды жақсы көретіндерін айтып, мейрамды неге тойламауды шешкендерін ізетпен түсіндіреді, сондай-ақ басқа кездерде оларға барып тұрады.

 Ехоба куәгерлері басқаларды қандай да бір мейрамдарды тойламауға шақыра ма?

 Жоқ. Ехоба куәгерлері әр адам өзі шешім қабылдайтынын түсінеді (Ешуа 24:15). Олар барлық адамдарды, қандай дінге жатпасын, құрметтейді (Петірдің 1-хаты 2:17).

a Бұл мақалада Ехоба куәгерлері тойламайтын барлық мейрамдар мен олар сүйенетін барлық Киелі кітап принциптері айтылмаған.