КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
“Мен бұдан былай озбырлықтың құлы емеспін”
Туған жылы: 1956
Елі: Канада
Қысқаша мағлұмат: озбыр болған, өмірден түңілген, жыныстық өнегесіздікке салынған
ӨМІРБАЯНЫМ
Мен Альберта провинциясындағы (Канада) Калгари қаласында дүниеге келдім. Нәресте кезімде әке-шешем ажырасып, анам екеуміз нағашы ата-әжемнің үйіне көшіп бардық. Екеумізді атам мен әжем жанындай жақсы көретін. Мен дүниедегі ең бақытты бала едім. Сол бір бейқам балалық шақты жылулықпен еске аламын.
Жеті жасымда анам қайтадан тұрмыс құрып, өгей әкеммен Сент-Луисқа (Миссури штаты, АҚШ) көштік. Содан бастап өмірімнің көлеңкелі тұстары басталды. Көп кешікпей, әкемнің өте қатыгез адам екенін байқадым. Мысалы, жаңа мектепке барған алғашқы күні-ақ ол менің мектептегі балалардан таяқ жеп қалғанымды, олармен жұдырықтаса кетпегенімді білді. Соған ашуланып, мені әлгі балалардан да қатты ұрып-соқты. Бұл менің алғашқы сабағым болды, осылай небәрі жеті жастан бастап төбелеске бой ұрдым.
Анама әкемнің жаман мінезі ұнамады, сондықтан екеуі жиі қатты ұрысып-керісіп қалатын. Мен 11 жасымда есірткі қабылдап, спирттік ішімдіктер іше бастадым. Мен барған сайын қатыгезденіп, көшедегі ұрыс-төбелеске жиі араласатын болып кеттім. Содан не керек, мектепті бітіргенде, нағыз озбыр адамға айналдым.
18 жаста болғанымда Құрама Штаттардың Теңіз жаяу әскерінің қатарына қабылдандым. Сол жерде мен кісі өлтіруді үйрендім. Бес жылдан соң бұл әскерден кеттім де, Федералды тергеу бюросына жұмысқа тұруға көмектеседі деген үмітпен психологияны оқуды шештім. Мен оқуымды Құрама Штаттардағы университетте бастап, Канадада жалғастырдым. Өйткені сол жерге қайтадан көшіп кеткен едім.
Университетте оқып жүргенде, адамдардан және жалпы қоғамнан қатты көңілім қалды. Маған адамдар тек өз бастарын ойлайтын, мына әлемдегінің бәрі бос әурешілік, адамзаттың қиыншылықтарының еш шешімі жоқ боп көрінді. Адамдар әлемді жақсартады деген үмітім жіптей үзілді.
Өмірдің мәнін көрмеген соң, мен ішімдік пен есірткіге салындым, жыныстық азғындық пен ақшаның соңына түстім. Бар есіл-дертім бір отырыстан екіншісі отырысқа, бір әйелден екінші әйелге бару болды. Әскерде машықтанғандықтан, өз-өзіме тым сенімді болып, жиі ұрыс-төбелеске кірісіп кететінмін. Менің әділдікке деген өз түсінігім болды. Егер әлдекім біреуге әділетсіздік жасағандай көрінсе, сазайын тартқызатынмын. Бірақ шын мәнінде өзім одан сайын озбырлықтың құлына айналып жаттым.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ
Бір күні досым екеуміз есірткіге мас күйімізде менің үйімнің астындағы жайда сатуға арналған марихуана топтамасын дайындап жаттық. Сонда досым менен Құдайға сенетін-сенбейтінімді сұрады. “Егер дүниедегі қайғы-қасіретке Құдай жауапты болса, онда ол туралы білгім келмейді”,— деп жауап бердім мен. Келесі күні, жаңа жұмысыма енді барған күні, Ехоба куәгері болған бір әріптесім: “Қалай ойлайсың, дүниедегі қайғы-қасіретке Құдай жауапты ма?”— деп сұрады. Ол менің дәл бір күн бұрынғы сөзімді айтқанына қатты қайран қалдым, бұл менің қызығушылығымды оятты. Содан екеуміз алты ай бойы көп рет сөйлестік. Ол менің өмір туралы ең қиын деген сұрақтарыма Киелі кітаптан жауап берді.
Бірге тұрып жатқан қызыма білгендерімді айтып едім, бұл оған ұнамады. Бір жексенбіде оған бізбен Киелі кітапты зерттесін деп үйімізге Ехоба куәгерлерін шақырғанымды айттым. Келесі күні жұмыстан келсем, ол заттарының бәрін жиып-теріп, үйден кетіп қалыпты. Мен сыртқа шығып, жылап жібердім. Сондай-ақ Құдайдан жалбарынып көмек сұрадым. Бұл Құдайдың Ехоба деген есімін дұғада алғаш рет аузыма алуым еді (Зәбүр 83:18).
Екі күннен соң бір ерлі-зайыпты Куәгермен алғашқы Киелі кітап зерттеу сабағын өттім. Олар кеткен соң “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” a деген зерттеу құралын тоқтамай оқып, оны сол түні-ақ бітіріп тастадым. Ехоба Құдай мен оның Ұлы Иса Мәсіх туралы білгендерім жүрегімді баурап алды. Ехобаның сондай жанашыр екенін, біздің қасіретіміз оның жанына қатты бататынын білдім (Ишая 63:9). Мені әсіресе Құдайдың маған деген сүйіспеншілігі, Ұлының мен үшін барған құрбандығы тебірентті (Жоханның 1-хаты 4:10). Ехоба маған шыдамдылық танытып келген екен, “өйткені ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Петірдің 2-хаты 3:9). Ехоба мені өзіне жақындатып тартып жатқанын сездім (Жохан 6:44).
Сол аптада-ақ қауым кездесулеріне бара бастадым. Менің шашым ұзын, құлағымда сырға, түрім қорқынышты көрінетін. Соған қарамастан Ехоба куәгерлері мені көптен көрмеген туысындай қарсы алды. Олар нағыз мәсіхшілердей әрекет етті. Мен өзімді тура бір ата-әжемнің үйіне оралғандай сезіндім. Бірақ бұл орта одан да керемет еді.
Араға көп уақыт салмай Киелі кітаптан оқып-білгендерім өміріме жаңа өзгеріс енгізе бастады. Шашымды қидым, жыныстық өнегесіздіктің бәрін доғарып, есірткі мен ішімдікті тастадым (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; 11:14). Мен Ехобаға қатты ұнамды болғым келді. Сондықтан ол қандай да бір қылығымды құптамайтынын білсем, мұнымды ешбір ақтап жатпадым. Қайта, сөзін жүрегіммен қабылдап, өзіме: “Мен енді бұлай істей алмаймын”,— дейтінмін. Сөйтіп, дереу ой қалпым мен іс-әрекетімді түзеуге тырысатынмын. Нәтижесінде, бәрін Ехобаның қалағанындай істегеннен өмірім жақсара бастағанын аңғардым. Содан 1989 жылы 29 шілдеде, Киелі кітапты алты ай зерттегеннен кейін, Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өттім.
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ
Киелі кітап мінез-құлқымды өзгертуге көмектесті. Бұрын маған қас адамды көрсем, еш аямас едім. Ал қазір “барлық адамдармен тату болуға” барынша тырысып жүрмін (Римдіктерге 12:18). Әрине, бұны өз күшіммен істеп жатқан жоқпын. Қайта, адамды өзгертуге құдіреті бар Сөзі мен киелі рухы үшін Ехобаға алғыс айтамын (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Еврейлерге 4:12).
Мен есірткінің, озбырлық пен азғын қалаулардың құлы болудың орнына, қазір Ехоба Құдайға жағымды болуға, оған ең жақсымды беруге тырысамын. Мұның бір жолы — адамдарға ол туралы білуге көмектесу. Шомылдыру рәсімімнен бірнеше жыл өткен соң, дүниенің басқа бөлігіне, яғни Құдай Сөзін уағыздаушылар көбірек қажет өңірге көштім. Біраз жылдар бойы көп адамға Киелі кітаптан тәлім беріп, олардың да өмірлерін қалай жақсартып жатқанына куә болғаныма қуанамын. Анамның да Ехоба куәгері болғаны қуанышыма қуаныш қосты. Оған қозғау салған себептердің бірі — менің көзқарасым мен жүріс-тұрысымның жақсы жаққа өзгергені еді.
1999 жылы Сальвадорда қазір Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп деп аталатын мектепті тамамдадым. Бұл мектеп мені уағыз ісінде жетекшілікті қолға алуға, қауымда тәлім беріп, оны бағуға үйретті. Сол жылдың соңына таман сүйікті жарым Еухенияға үйлендім. Екеуіміз бірге толық уақытты уағыздаушылар ретінде Гватемалада қызмет етеміз.
Бұрын өмірден түңілген адам болсам, қазір шексіз бақытты жанмын. Киелі кітаптың тәлім-тәрбиесі мені жыныстық азғындық, озбырлық сияқты жаман әдеттерден арылтты, өмірімді шынайы сүйіспеншілік пен тыныштыққа толтырды.
a Қазір Ехоба куәгерлері зерттеу құралы ретінде көбінесе “Киелі жазбалардан не білеміз?” кітабын қолданады.