КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
“Енді басқа арманым жоқтай көрінді”
ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1962
ЕЛІ: Канада
ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: Азғын өмір кешкен
ӨМІРБАЯНЫМ
Мен Канаданың Квебек провинциясындағы Монреаль деген ең үлкен қалада дүниеге келдім. Үш бауырыммен сүюші ата-ананың қолында тәрбиелендім. Біз Розмонт деген жақсы ауданда тату-тәтті өмір кештік.
Бала кезімнен Киелі кітапқа жақын болдым. Әлі есімде, 12 жасымда Жаңа өсиеттен Исаның өмірі жайлы оқығанды қатты ұнататынмын. Оның басқаларға деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығы маған қатты әсер етті. Мен де сондай болсам ғой дейтінмін. Бірақ, өкінішке қарай, есейген шағымда жаман ортамен араласып, бұл қалауым ұмытылып кетті.
Әкем саксофонда ойнайтын. Ол маған өзінің аспабын сыйлады. Бұған қоса, жүрегімде музыкаға деген терең сүйіспеншілік ұялатты. Содан музыка менің өмірлік мақсатыма айналды. Музыканы қатты жақсы көргендіктен, көп ұзамай гитарада ойнауды үйреніп алдым. Уақыт өте достарыммен рок тобын құрып, бірнеше шоуға қатыстық. Сол кезде музыка саласындағы кейбір танымал продюсерлер мені байқап, ұсыныс жасады. Содан мен дыбыс жазу компаниясымен келісімшартқа отырдым. Менің әндерім кеңінен танымал бола бастады. Оларды Квебектегі радиодан жиі беретін болды.
Енді басқа арманым жоқтай көрінді. Жас болдым, танымал болдым, жақсы көретін ісімнен көп ақша тауып жүрдім. Күндіз спорт залына баратынмын, сұхбат, қолтаңба беретінмін және теледидарға шығып тұратынмын. Ал түнде халық алдында өнер көрсетіп, сауық кештерінде жүретінмін. Жұрттың алдында батылдану үшін жас кезімнен ішімдік ішуді бастадым. Ал кейін есірткіге көштім. Бұған қоса, неше түрлі бассыздықтарға барып, азғын өмір кештім.
Мен бақытты көрінгендіктен, кейбіреулер өмір салтыма қызығып қарайтын. Бірақ, әсіресе жалғыз қалғанда, іштей көңілім қатты құлазитын. Бұдан жаным күйзеліп, уайымға салындым. Мансаптың биік шыңына жеткенде, продюсерлерімнің екеуі ЖИТС-тен (СПИД) көз жұмды. Сонда төбеме жай түскендей болды! Музыканы қатты жақсы көрсем де, музыка әлемінде болып жатқан істерді жек көрдім.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ
Шалқып өмір кешсем де, дүниедегі сұмдық жағдайлардан бейхабар болған жоқпын. “Әділетсіздік неге сонша көп? Неге Құдай қол қусырып отыр?”— деп ойланатынмын. Мен тіпті жиі Құдайға дұға етіп, сұрақтарыма жауап беруін сұрайтынмын. Бірде сапарлардан қолым бос кезде, қайтадан Киелі кітапты оқи бастадым. Оқығандарымның көбісін түсінбесем де, дүниенің ақыры жақын қалды деген тұжырымға келдім.
Бір күні Киелі кітаптан Исаның шөл далада 40 күн ораза тұтқаны жайлы оқып қалдым (Матай 4:1, 2). Мен де солай етсем, Құдай маған өзін танып-білуге көмектеседі деп ойладым. Сөйтіп, ораза тұтуды бастайтын күнді белгілеп қойдым. Бұл күнге екі апта қалғанда, есігімді Ехоба куәгерлері қақты. Мен оларды тура бір күтіп отырғандай, бірден үйге кіргіздім. Бұл екі Куәгердің бірінің есімі Жак екен. Мен оның көзіне тура қарап: “Осы дүниенің ақырында өмір сүріп жатқанымызды қайдан біле аламыз?”— деп сұрадым. Ол маған Киелі кітаптан Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтарды ашып көрсетті. Мен оларға тағы көп сұрақтар қойдым. Олардың Жазбаларға негізделген қисынды да қанағаттандырарлық жауаптарына таңғалдым. Олармен бірнеше рет әңгімелескеннен кейін, ораза ұстаудың қажеті жоқ екенін түсіндім.
Мен Куәгерлермен Киелі кітапты жүйелі түрде зерттей бастадым. Біраз уақыт өткен соң, ұзын шашымды кесіп, Патшалық сарайындағы қауым кездесулерінің бәріне қатысып жүрдім. Сол кездері бауырластардың мені жылы қарсы алғаны шындықты тапқаныма одан бетер көзімді жеткізді.
Әрине, Киелі кітапты зерттеп білгендеріме сай өмір сүру үшін, мен үлкен өзгерістер жасауым керек еді. Мысалы, есірткі қабылдауды, өнегесіз өмір кешуді қоюым қажет болды. Бұған қоса, өзімшілдіктен арылып, басқа адамдардың қамын ойлауды үйренуім керек еді. Жалғызбасты әке болғандықтан, екі баламның эмоциялық және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етуге тиісті едім. Сөйтіп, өнердегі мансабымды тастап, зауытқа төмен ақылы жұмысқа орналастым.
Осынша өзгеріс жасау оңай болған жоқ. Есірткіні тастауға тырысып жүргенде, өзімді қоярға жер таппай, қатты ауырдым. Бұл ескі әдетімді бірнеше рет қайталап та қойдым (Римдіктерге 7:19, 21—24). Азғын өмір салтын тастау әсіресе қиынға соқты. Оның үстіне, жаңадан тұрған жұмыста қатты шаршайтынмын, өте төмен жалақы алатыныма еңсем түсетін. Музыкант болып жүргенде екі-ақ сағаттың ішінде табатын ақшаны мен онда үш ай істеп жүріп алатынмын.
Дұға еткенім осы қиындықтармен күресте табанды болуға көмектесті. Киелі кітапты жүйелі түрде оқудың өте маңызды екенін де түсіндім. Маған кейбір тармақтар көп күш берді. Солардың бірі — Қорынттықтарға 2-хат 7:1. Онда мәсіхшілер: “Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық”,— деп шақырылады. Жаман әдеттерден арылуға болатынына көзімді жеткізген тағы бір тармақ — Філіпіліктерге 4:13. Онда былай делінген: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”. Ехоба Құдай менің дұғаларыма жауап берді, әрі Киелі кітаптағы шындықты түбінде түсініп, соған сай өмір сүруіме көмектесті. Бұл мені оған бүкіл өмірімді бағыштауға талпындырды (Петірдің 1-хаты 4:1, 2). Мен Ехоба куәгері болу үшін 1997 жылы шомылдыру рәсімінен өттім.
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ
Бұрынғы өмір салтын тастамағанда, мен баяғыда өліп қалар едім. Ал қазір мен, керісінше, бақытты өмір сүріп жатырмын! Элви есімді тамаша әйелім бар. Ол маған қатты көмектеседі. Бізге бірге толық уақытты қызмет етіп, адамдарға Киелі кітаптан білім беру ұнайды. Бұл маған зор қуаныш пен қанағат сыйлайды. Мені өзіне жақындатып тартқаны үшін Ехобаға шексіз ризамын (Жохан 6:44).