Мазмұнға өту

КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Мен қызба мінезді болдым”

“Мен қызба мінезді болдым”
  • Туылған жылы: 1975

  • Елі: Мексика

  • Қысқаша мағлұмат: қызба мінезді болған, түрмеде отырған

ӨМІРБАЯНЫМ

 Мен Мексиканың Чьяпас штатында, Сан-Хуан Чанкалайто қалашығында туып-өстім. Отбасым Майя тайпасының чоли деген халқынан еді. Үйде он екі бала едік, мен бесіншісі болдым. Бала кезімде бауырларыммен бірге Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттегеніміз есімде. Бірақ, өкінішке қарай, жүріс-тұрысым Киелі кітапта жазылғандардан мүлдем алшақ еді.

 13 жасымда есірткі қабылдайтын және ұрлық жасайтын болдым. Үйден кетіп, бір жерден екінші жерге көшіп жүрдім. Ал 16 жасымда марихуана өсіретін плантацияда жұмыс істей бастадым. Онда бір жылдай жұмыс істедім. Бірде түннің бір уағында ірі көлемдегі марихуананы қайықпен тасымалдап жатқанда, бір қарулы топ бізге тап берді. Бұл есірткі сататын бізге бақталас ұйымның мүшелері еді. Атыс басталып кеткендіктен, мен өзенге сүңгіп, ағыспен төмен жүзе бердім. Ақыры Құрама Штаттарға қашып кеттім.

 Құрама Штаттарда есірткі сатуға қайта кірісіп, басымды көп пәлеге душар еттім. 19 жасымда “ұрлыққа түсті және біреудің өміріне қастандық жасады” деген айыппен түрмеге қамалдым. Түрмеде бұзақылардың тобына қосылып, түрлі зұлымдыққа бардым. Сондықтан билік өкілдері мені Пенсильванияның Левисбург қаласындағы қатаң режимдегі түрмеге ауыстырып жіберді.

 Мұндағы түрмеде зұлымдыққа белшемнен баттым. Денемде бұзақылар тобының татуы болғандықтан, бұл жерде де соларға қосылып, бұрынғыдан бетер жауыз бола түстім. Төбелестен көз ашпадым. Бірде түрме ауласында бұзақы топтар арасында төбелес болды. Біз бейсбол битасымен, жаттығу гіртастарымен бір-бірімізді аяусыз ұрып-соқтық. Күзетшілер төбелесті көзді ашытатын газ қаруымен бір-ақ тоқтатты. Содан мені қауіпті қылмыскерлерге арналған қатаң бақылаудағы бөлімшеге қамап тастады. Мен қызба мінезді едім, боғауыз сөзді көп айтатынмын. Адамды ұрып-соғу маған түк те емес еді. Ар-ұятым мазаламай, бұдан тіпті рақат алатынмын.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

 Қатаң бақылаудағы бөлімшеде болғанымда, күнімнің көп бөлігі камерада өтетін. Содан уақыт өткізу үшін Киелі кітапты оқи бастадым. Кейіннен бір күзетші маған “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” a деген кітапты берді. Киелі кітапты зерттеуге көмектесетін осы кітапты оқып отырып, бала кезімде Куәгерлермен Киелі кітапты зерттегенде білген көп жайттар есіме түсті. Қатыгез болмысымның кесірінен абыройымнан айырылып, қаншалықты құлдырап кеткенімді түсіндім. Отбасымды да ойладым. Әпкем мен қарындасым Ехоба куәгерлері болғандықтан, “Олар мәңгі өмір сүреді ғой, ал мен ше?” деп ойлаумен болдым. Сондықтан болмысымды өзгертуге белімді бекем будым.

 Мінез-құлқымды өзгертуім үшін маған көмек қажет еді. Сондықтан, ең алдымен, Ехоба Құдайдан көмектесуін жалбарына сұрадым. Сосын Құрама Штаттардағы Ехоба куәгерлерінің филиалына хат жазып, біреудің менімен Киелі кітапты зерттеуін өтіндім. Филиал түрмеге жақын орналасқан қауымның менімен байланысуына қам жасады. Ол уақытта отбасымнан басқа адамның маған келуіне рұқсат етілмейтін. Сондықтан әлгі қауымның бір мүшесі маған рухымды көтеретін хаттар жазып, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер жіберіп тұрды. Бұл менің өзгеріс жасауға деген қалауымды күшейте түсті.

 Өмірімде жасаған ең үлкен шешім бұзақылар тобынан кетуім болды. Мен онда ұзақ жылдар жүрген едім. Топтың басшысымен бір бөлімшеде болғандықтан, аулаға шыққанда оған жақындап, Ехоба куәгері болғым келетінін айттым. Сонда ол мен күтпеген жауап айтты. Ол: “Қалауың осы болса, алға. Мен Құдайға қарсы келе алмаймын. Бірақ мұның жай ғана топтан кетудің сылтауы болса, өз обалың өзіңе”,— деді.

 Арада екі жыл өтті, түрме қызметкерлері мінез-құлқымның өзгергенін байқады. Сондықтан маған жұмсақ қарайтын болды. Күзетшілер мені камерадан жуынатын бөлмеге қолыма кісен салмай-ақ алып баратын. Тіпті бір күзетші мінезімнің жақсарғанын айтып, алған бетімнен таймауға талпындырды. Кейін мені негізгі түрменің қасындағы бақылауы аз лагерьге жіберді. Соңғы бір жылымды мен сонда өтедім. 2004 жылы түрмеде отырғаныма он жыл болған соң, мені бостандыққа шығарып, тұтқындарға арналған автобуспен Мексикаға депортациялады.

 Мексикаға орала салысымен Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайын тауып алдым. Кездесуге алғаш рет түрмедегі киіміммен бардым. Өйткені киімдерімнің арасындағы ең тәуірі сол еді. Куәгерлер сырт көрінісіме қарамай, мені жылы қарсы алды. Олардың танытқан мейірімін көріп, шынайы мәсіхшілер екенін түсіндім (Жохан 13:35). Сол алғаш кездесуде-ақ қауымның ақсақалдары Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауыма қам жасады. Бір жылдан соң, 2005 жылдың 3 қыркүйегінде, мен шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым.

 2007 жылдың қаңтарынан бастап толық уақыт қызмет ете бастадым. Бұл адамдарға Киелі кітаптан тәлім беруге ай сайын 70 сағат жұмсауды білдіреді. Ал 2011 жылы Салтбасты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебін бітірдім (қазір “Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп” деп аталады). Бұл мектептің қауымдағы міндеттерімді атқаруыма үлкен көмегі тиді.

Қазір мен адамдарды тату болуға үйретуден қуаныш аламын

 2013 жылы Пилар деген Куәгер әйелге үйлендім. Бұрын қандай адам болғанымды айтқанымда, ол маған сенбей күлді. Мен ешқашан бұрынғы қылықтарыма оралған емеспін. Өзім де, әйелім де менің қазіргі күйіме қарап, Киелі кітаптың адамды түбегейлі өзгерте алатын құдіреті бар екенін сеніммен айта аламыз (Римдіктерге 12:2).

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

 Исаның Лұқа 19:10-да айтқан сөздері мен туралы сияқты. Онда ол: “[Мен] жоғалғандарды іздеп, құтқаруға келдім”,— деген. Бұдан былай мен өзімді осы дүниеде жоғалып қалғандай сезінбеймін. Адамдарға да қиянат жасамаймын. Киелі кітаптың арқасында мағыналы өмір сүріп жатырмын, басқалармен жақсы тіл табысамын, ал ең маңыздысы, Жаратушым Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болғаныма ризамын.

[СІЛТЕМЕ]

a Бұл кітапты Ехоба куәгерлері басып шығарған. Қазір Киелі кітапты зерттеуге арналған негізгі құрал “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабы болып табылады.