КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
Әкеммен қайта табысуым
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1954
ЕЛІ: Филиппин
ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: Қатыгез әкесінен безіп кеткен
ӨМІРБАЯНЫМ
Филиппиндегі Пагсанхан қаласына жақын әйгілі сарқырамаларды көруге саяхатшылар ағылып келіп жатады. Әкем Нардо Лерон дәл осы жерде кедей отбасында туып өсті. Билік иелерінің, полиция қызметкерлері мен әріптестерінің жемқорлығына әбден ашынған ол ашушаң, қатыгез болып кеткен еді.
Ата-анам сегіз баланы аяққа тұрғызу үшін бел жазбай еңбек етті. Таудағы егіндікте жұмыс істейміз деп, ұзақ уақыт бойы үй бетін көрмейтін. Олар жоқта ағам Роделио екеуміз бауырларымызға қарап қалушы едік. Жиі аш өзек жүретінбіз. Бала боп асыр салып ойнамаппыз да. Жеті жасымыздан танапта жұмыс істеп, таудың тік соқпақ жолдарымен қап-қап кокос тасушы едік. Көтеруге шамамыз жетпегенде, оларды сүйреп жүретінбіз.
Әкеміз бізді аямай ұрып-соғатын. Әсіресе анамызды жұдырықтың астына алғанда, жанымыз қатты ауыратын. Қаншама рет араша түскіміз келді, бірақ күшіміз жетпейтін. Содан Роделио екеуміз есейгенде әкемізді өлтіреміз деп келістік. Мен балаға мейірімін төгетін әкені қатты аңсаушы едім!
14 жасымда әкемнің жауыздығына шыдай алмай, ашуланып үйден кетіп қалдым. Сөйтіп, біраз уақыт көшеде түнеп жүрдім, көп кешікпей марихуана шеге бастадым. Ақыры, жұмысқа тұрып, саяхатшыларды қайықпен сарқырамаларға таситын болдым.
Бірнеше жылдан кейін Манила қаласындағы университетке түстім. Бірақ демалыс күндері Пагсанханға барып жұмыс істегендіктен, оқуға уақытым бола бермейтін. Өмірім мәнсіз өтіп жатты. Марихуана да іштегі уайымымды бұрынғыдай баса алмады. Сондықтан метамфетамин, кокаин, героин сияқты күшті есірткілерді қабылдауға көштім. Есірткінің арты жиі азғындыққа ұласатын. Қайда қарасаң да, кедейшілік, әділетсіздік пен қайғы-қасірет еді. Осының бәрі үкіметтің кесірінен деп ойладым. “Өмір неге сондай қиын?” деп Құдайға налушы едім. Әртүрлі дінге барып көрсем де, бұл сұрақтың жауабын сол күйі таппадым. Түңілген жаныма дауа іздеп есірткіні бұрынғыдан да көбірек қабылдай бастадым.
1972 жылы студенттер үкіметке қарсы көтерілістер ұйымдастырды. Сол көтерілістердің біріне мен де қатыстым. Бірақ оның арты қиян-кескі қақтығысқа ұласып, көп адам қамауға алынды. Бірнеше айдан соң бүкіл ел бойынша әскери жағдай енгізілді.
Көтеріліске қатысқаным үшін билік басындағылардан қорқып, қайтадан көше кезіп кеттім. Есірткіге ақша табамын деп ұрлық жасадым, байлар мен шетелдіктерге өз тәнімді саудалауға дейін бардым. Өлемін бе, тірі жүремін бе, енді маған бәрібір еді.
Сол уақытта анам мен інім Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастаған екен. Әкемнің бұған қаны қайнап, олардың Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерін өртеп жіберіпті. Сөйтсе де екеуі алған бетінен қайтпай, шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болған.
Бірде Куәгерлердің бірі әкеме бүкіл жер бетінде әділдік орнайтын заман келетінін айтқан екен (Зәбүр 72:12—14). Киелі кітапта жазылған бұл уәде әкеме қатты ұнап, көбірек зерттеп көргісі келген. Киелі кітаптан ол әділ үкімет туралы ғана емес, Құдайдың күйеулер мен әкелерге қоятын талаптары жайлы да білген (Ефестіктерге 5:28; 6:4). Содан көп ұзамай әкем мен бауырларымның бәрі Ехоба куәгері болады. Үйден жырақта жүрген мен бұдан мүлдем хабарсыз едім.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ
1978 жылы Австралияға көшіп бардым. Бірақ тыныш та бақуатты бұл елде де жантыныштығына кенеле алмадым. Ішімдік ішу мен есірткі қабылдауды доғармадым. Сол жылы үйіме Ехоба куәгерлері келді. Олар Киелі кітаптан бейбіт заман туралы оқып берді. Бұл маған қатты ұнады. Бірақ мен оларға сескене қарадым.
Содан көп ұзамай бірнеше аптаға Филиппинге бардым. Бауырларым әкеміздің жақсы адам болуға барынша тырысып жатқанын айтты. Бірақ оған әлі де қатты ашулы болғандықтан, қасына жолағым келмеді.
Ең кіші қарындасым дүниеде қайғы-қасірет пен әділетсіздіктің неге көп екенін Киелі кітаптан түсіндіріп берді. Өмірде көріп-білгені аз болса да, осы қаршадай қыздың сұрақтарыма жауап бергеніне қайран қалдым. Кетерімде әкем қолыма “Сен жер бетінде жұмақта мәңгі өмір сүре аласың” a деген кітапты ұстатып: “Іздегеніңді осы жерден табасың. Басыңды тауға да, тасқа да соға бермей, осы кітапты оқып көр”,— деді. Сосын Австралияға барғанда Ехоба куәгерлерін тауып алуды ұсынды.
Әкемнің сөзіне құлақ асып, Брисбенде үйіме жақын жердегі Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайын таптым. Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеуге келістім. Ондағы пайғамбарлықтардан, мысалы Даниял 7-тарау мен Ишая 9-тараудан, болашақта жемқорлықтан ада Құдай үкіметі билік ететінін білдім. Сондай-ақ жер беті жұмаққа айналады екен. Мен Құдайға ұнамды болғым келді, бірақ бұл үшін мінез-құлқымды өзгертіп, ішімдік пен есірткіні, азғын өмір салтын тастауым керектігін түсіндім. Содан бірге тұрып жатқан қызыммен айырылысып, зиянды әдеттерімнен арылдым. Ехобаға сенімім артқан сайын, басқа да өзгерістерді жасауға көмектесуін сұрап дұға еттім.
Киелі кітаптағы білім адамды түбегейлі өзгерте алатынына көзім жете түсті. Киелі кітапта егер күш салсақ, “жаңа болмысқа” ие бола алатынымыз айтылған (Қолостықтарға 3:9, 10). Өзім осылай істеп көрген сайын, әкемнің мінезі өзгеріп жатқаны туралы естігендерім рас болғаны ғой деген ойға қалдым. Оған ашуланып, өштесудің орнына, онымен татуласқым келді. Ақыры, әкемді толық кешіріп, көңілімде бала кезден сақтап келе жатқан жеккөрінішімнен арылдым.
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ
Жас кезімде басқаларға еріп, құрдымға кетіретін жаман істерге бой алдырдым. Осылай Киелі кітаптағы: “Жаман орта жақсы әдеттен айырады”,— деген ескертудің қалай дөп айтылғанын өз өмірімнен көрдім (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Мен Ехоба куәгерлерінің арасынан сенімді достар таптым. Олар маған жақсы адам болуыма көмектесті. Бұдан бөлек, солардың арасынан аяулы жарым Лореттаны кездестірдім. Қазір екеуміз адамдарға Киелі кітаптың берер пайдасы жайында айтып жүрміз.
Киелі кітаптың арқасында әкем анам үшін мейірімді жар, сондай-ақ Құдайдың кішіпейіл де момын қызметшісі болды. Оның осыншалықты өзгеретіні үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Мен 1987 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болғаннан кейін әкеммен кездестім. Сонда ол өмірімде бірінші рет мені құшағына алды!
35 жылдан астам әкем анаммен бірге Құдай Сөзінде жазылған үмітті адамдарға айтып жүрді. Ол еңбекқор, қамқор әрі өзгеге қол ұшын беруге даяр кісі ретінде танымал болды. Сол жылдары әкеме ішім жылып, оны құрметтей бастадым. Оның ұлы болғанымды мақтан тұттым! Ол 2016 жылы дүние салды. Киелі кітапта жазылғандардың арқасында екеуміздің де мінезіміз қатты өзгерді. Осыны ойласам, әкемді одан сайын жақсы көріп кетемін. Бойымда бұрынғы жеккөрініш сезімінің ұшығы да қалмаған. Ехоба Құдай төрткіл дүниедегі отбасыларында болып жатқан қиындықтардың түбіне балта шабатынын уәде етеді. Мен мейір-шапағаты зор осындай көктегі Әкемді тапқаныма шексіз қуаныштымын!
a Ехоба куәгерлері басып шығарған, бірақ қазір басылмайды.