Мазмұнға өту

КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Өз-өзіме көр қаздым”

“Өз-өзіме көр қаздым”
  • Туған жылы: 1978

  • Елі: Сальвадор

  • Қысқаша мағлұмат: тісқаққан банды болған

ӨМІРБАЯНЫМ

 “Шынымен Құдай жайлы білгің келсе, Ехоба куәгерлерінен бір елі ажырама”. Бұл сөзді естігенде, аузым ашылып қалды. Негізі, мен бір кездері Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеген болатынмын. Бірақ неге әлгі сөздерге аузым ашылып қалғанын түсіну үшін, сіздерге өзім жайлы аз-маз баяндап өтейін.

 Мен Сальвадорда Кесальтепеке деген қалада жарық дүниеге келдім, әрі 15 баланың алтыншысы болдым. Ата-анам мені шыншыл, заңға мойынсұнғыш етіп тәрбиелеуге тырысты. Оның үстіне, анда-санда үйге Ехоба куәгерлері, соның ішінде Леонардо да, келіп, Киелі кітап туралы айтатын. Бірақ олардың айтқандары бір құлағымнан кіріп, екіншісінен шығып кететін де, үстін-үстіне ақымақтық жасай бердім. 14 жасымда ішімдік ішіп, мектептегі достарыма қосылып есірткі қабылдай бастадым. Олар бірінен-соң бірі мектепті тастап, бандылар тобына қосылды. Мен де солардың ізімен кеттім. Біз күні бойы көшеде қаңғып, “рақат өмірімізге” ақша табу үшін жұртты бопсалайтынбыз, ұрлық жасайтынбыз.

 Бандылар тобы менің отбасыма айналды. Оларға адал болуға борыштымын деп санадым. Мысалы, бірде есірткіге әбден масайып алған біреуі көршімді ұрып-соға бастады. Бірақ көршім оны жығып, полиция шақырды. Мұны көргенде, қаным басыма шауып, досымды босатсын деп көршімнің көлігін шоқпар таяқпен тарсылдата бастадым. Ол менен тоқтатуды жалынып сұраса да, еш елеместен, терезеден-терезе қалдырмай, көлігінің быт-шытын шығардым.

 18 жаста болғанымда біздің топ полициямен қақтығысып қалды. Мен қолдан жасалған бомбаны енді лақтырмақшы едім, қолымда жарылып кетті. Мұның қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым. Бар есімде қалғаны — қолым шашырап түсті, сосын есімнен танып қалдым. Ауруханада есімді жисам, оң қолым жоқ, оң құлағым түк естімейді, ал оң көзім көрмей қалыпты.

 Осының бәріне қарамастан, ауруханадан шыққан соң тікелей бандылар тобыма бардым. Бірақ көп кешікпей полиция мені ұстап алды да, түрмеге жапты. Ол жерде бандыдағы жолдастарыммен одан сайын қоян-қолтық араласып кеттім. Біз күні бойы не істесек те, бірге істедік: таңғы астан бастап (осы кезде марихуананың алғашқы орамын шегіп алатынбыз) ұйқыға жатқанға дейін.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

 Түрмеге маған Леонардо келді. Әңгімелесіп отырғанымызда ол оң иығымдағы татуировканы көрсетіп: “Мына үш нүкте нені білдіретінін білесің бе?”— деп сұрады. “Білгенде қандай: секс, есірткі және рок-н-ролл!”— дедім мен. Бірақ ол: “Меніңше, бұл “аурухана, түрме және өлім” деген сөз. Сен ауруханаға жатып шықтың, қазір түрмедесің. Келесісі не болатынын өзің де білесің”,— деді.

 Леонардоның сөздері жүрегімнен тесіп өткендей болды. Ол дұрыс айтады. Мен мынадай жүрісіммен өз-өзіме көр қазып жатқан едім. Леонардо маған Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынды, мен келістім. Киелі кітаптан білгендерім мені өзгеріс жасауға талпындырды. Мысалы, Киелі кітапта “жаман орта жақсы әдеттен айыратыны” айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Демек, бірінші кезекте маған жаңа достар табу керек. Сондықтан бандылар жиналатын жерге баруды қойып, Ехоба куәгерлері түрмеде өткізіп жатқан кездесулерге бара бастадым. Ол жерде Андрес деген тұтқынмен таныстым. Ол түрмеде шомылдыру рәсімінен өтіпті. Ол маған таңғы асты бірге ішуді ұсынды. Содан бастап мен күнімді марихуана шегумен емес, Андреспен Киелі кітап тармағын талқылаумен бастайтын болдым.

 Бандының мүшелері менің өзгере бастағанымды бірден байқады. Сонда арасындағы бір басшы менімен сөйлескісі келетінін айтты. Менің дегбірім қашты. Бандылар тобынан кетем деген жоспарымды білсе, оның маған не істейтінін елестетудің өзі қорқынышты еді. Өйткені олардан оңайлықпен кете алмайсың. Ол менен: “Байқаймын, сен бізбен бірге жиналмайтын болдың, Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне тайып тұрасың. Не ойлағаның бар?”— деп сұрады. Оған Киелі кітапты әрі қарай да зерттеп, өмірімді өзгерткім келетінін айттым. Ол егер Ехоба куәгері болғым келетінін ісіммен көрсетсем, банды мүшелері мені құрметтейтінін айтқанда, өз құлағыма өзім сенбедім. Сосын ол: “Шынымен Құдай жайлы білгің келсе, Ехоба куәгерлерінен бір елі ажырама. Өзгеремін деп шешкен екенсің, өзгер! Жарайсың! Сен дұрыс жолдасың. Куәгерлер саған күшті көмектесе алады. Мен Құрама Штаттарда олармен зерттегенмін, тіпті Куәгер туыстарым да бар. Еш қорықпа! Алған бетіңнен қайтпа!”— деді. Сол кезде бойымда қорқыныш та, қуаныш та болды. Іштей Ехобаға рақмет айттым. Өзімді тура бір тордан босатылған құстай сезіндім, сондай-ақ Исаның: “Шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді”,— деген сөздерін түсіндім (Жохан 8:32).

 Алайда бұрынғы жолдастарымның кейбірі мені тексеру үшін есірткі ұсынатын. Несін жасырайын, кейде беріліп қалатынмын. Бірақ Ехобаға шын жүректен көп дұға ете жүріп, уақыт өте келе әлсіздіктерімді жеңдім (Зәбүр 51:10, 11).

 Түрмеден шыққан соң көбісі мені қайтадан баяғы жүрісіме салынады деп ойлады, бірақ мен олай етпедім. Қайта, түрмеге енді тұтқындарға Киелі кітаптан білгендерімді айту үшін жиі барып тұрдым. Бұрынғы жолдастарым менің өзгергеніме, ақыры, сенді. Ал бұрынғы жауларым сол күйі сенбеді.

 Бір күні уағызда жүргенімде, қасымдағы ер бауырлас екеумізді қарулы бандылар қоршап алды. Олар мен бұрын мүшесі болған банды тобымен қастасып жүргендер еді. Олар мені өлтіргісі келді. Сонда серігім ізетпен, бірақ батыл сөйлеп, менің бандылардан кеткенімді түсіндірді. Мен өз-өзімді ұстауға тырыстым. Мені ұрып-соғып, “ендігәрі бұл аумаққа жолама” деп ескерткен соң, әлгілер қаруларын төмен түсіріп, кетуімізге мүмкіндік берді. Киелі кітап шынымен де өмірімді өзгерткен екен. Өйткені мұндай жағдай бұрын болса, өшімді алмай тынбайтын едім. Ал қазір Киелі кітапта Салоникалықтарға 1-хат 5:15-тегі: “Байқаңдар, ешкім жамандыққа жамандықпен қайтармасын, қайта, әрқашан бір-біріңе де, өзгелерге де жақсылық жасауға ұмтылыңдар”,— деген кеңеске құлақ асамын.

 Ехоба куәгері болғалы бері барлық жағдайда адал жүріп-тұруға тырысып келемін. Әрине, кейде бұл оңай емес. Бірақ Ехоба Құдайдың, Киелі кітаптағы кеңестер мен жаңа достарымның көмегімен бұл қолымнан келіп жатыр. Баяғы өміріме ешқашан оралғым келмейді (Петірдің 2-хаты 2:22).

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

 Мен бір кездері ызақор, жауыз адам болдым. Сол жаман жолмен жүре бергенімде, бүгінде жер басып жүрмес едім. Киелі кітаптан білгендерім мені түбегейлі өзгертті. Әлсіздіктерімді жеңіп, бұрынғы жауларыма сый-құрмет танытуды үйрендім (Лұқа 6:27). Қазір маған жақсы қасиеттер дамытуға көмектесетін достарым бар (Нақыл сөздер 13:20). Барлық жаман істерімді дайындықпен кешірген Құдайға қызмет еткенім үшін бақыттымын, өмірімнің де мәні бар (Ишая 1:18).

 2006 жылы салтбасты жариялаушыларға арналған ерекше мектепте оқыдым. Біраз жыл өткен соң үйлендім, қазір асыл жарым екеуміз бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Мен кезінде өзіме пайдасы тиген Киелі кітап принциптері жайлы басқаларға айтуға көп уақыт бөлемін. Сондай-ақ қауымда ақсақал болып қызмет етемін және жастарға бұрын солардай кезімде жасаған қателіктерді істемеуге көмектесуге тырысамын. Мен қазір өз-өзіме көр қазбай, қайта, Киелі кітапта Құдай уәде еткен мәңгі болашаққа дайындалып жатырмын.