Зағип әйел дұғасына жауап алды
Бір күні Азияда тұратын Янмей a есімді Куәгер Минджи деген зағип әйелге жолдан өтуге көмектесті. Сонда Минджи: “Рақмет! Жақсылығың Құдайдан қайтсын!”— деді. Янмей оған бірге Киелі кітапты талқылау үшін кездесіп тұруды ұсынды. Бір қызығы, Минджи күн сайын дұға айтып, Құдайдан оның шынайы қызметшілеріне жолықтыруды сұрап жүрген екен. Неге ол бұлай сұраған?
Минджи 2008 жылы зағип досының шақыруымен мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған шіркеуге барған. Уағызды тыңдаған соң, ол дін қызметкерінен қай кітаптан оқығанын сұрайды. Дін қызметкері Киелі кітаптан, яғни шындық жазылған Құдай Сөзінен оқығанын айтады. Сонда Минджи сол кітапты қатты оқығысы келіп кетеді. Сөйтіп, ол 32 томнан тұратын Қытай Брайль қарпіндегі Киелі кітапты сатып алып, шамамен алты айдың ішінде оқып шығады. Киелі кітапты оқу барысында Минджи өзінің барып жүрген шіркеуінде уағыздалатын Үшбірлік ілімі жалған екенін және Құдайдың Ехоба деген есімі бар екенін түсінеді.
Уақыт өте Минджидің шіркеудегі адамдардан көңілі қалды, өйткені олардың іс-әрекеттері Киелі кітаптың сөздеріне сай келмейтінін түсіне бастады. Мысалы, олар тамақ үлестіргенде көзі көретіндерге жақсысын беріп, зағиптарға қалған-құтқанды бере салатын. Минджи осындай әділетсіздікке күйініп, басқа шіркеу іздей бастады. Міне, сондықтан да ол Құдайдан шынайы мәсіхшілердің қауымын табуға көмектесуін сұраған.
Янмейдің жасаған жақсылығына риза болған Минджи Киелі кітапты зерттеуге келісті. Кейін ол Ехоба куәгерлерінің кездесуіне барды. “Мен алғашқы барған кездесуімді ешқашан ұмытпаспын,— дейді Минджи.— Бауырластардың бәрі мені құшақ жая қарсы алғанда, жүрегім елжіреп кетті. Көзім көрмесе де, олардың шынайы сүйіспеншілігін сезіндім”.
Минджи білім алуды жалғастырып, кездесулерге жүйелі түрде бара бастады. Оған кездесулерде әсіресе Патшалық әндерін шырқау ұнады. Алайда ән кітабы Брайль қарпінде болмағандықтан, ол әндердің бәріне қосыла алмайтын. Сондықтан ол қауымдағылардың көмегімен өзіне ән кітабын жасап алды. 151 әнді Брайль қарпіне ауыстыруға оның 22 сағаты кетті! 2018 жылдың сәуір айында Минджи ізгі хабарды жариялаушы болып, ай сайын шамамен 30 сағат қызмет ететін болды.
Минджи шомылдыру рәсімінен өтуге дайындала алуы үшін, Янмей “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” кітабындағы сұрақтар мен Киелі кітап тармақтарының аудиожазбасын жасады. 2018 жылдың шілде айында Минджи өмірін Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтті. Ол былай дейді: “Сол жиында бауырластардың маған танытқан сүйіспеншілігі жан дүниеме қатты әсер етті. Көзіме қуаныш жасы үйірілді, өйткені Құдайдың шынайы қызметшілерінің қауымына ақыры қосылдым-ау дедім” (Жохан 13:34, 35). Енді өзі де риясыз сүйіспеншілік танытуға бел буған Минджи қазір толық уақытты уағыздаушы болып қызмет етеді.
a Есімдер өзгертілген.