Мазмұнға өту

Киелі кітаптың жүздеген дыбыстаушы қатысқан аудиожазбасы

Киелі кітаптың жүздеген дыбыстаушы қатысқан аудиожазбасы

“Көңілді баурап алып, терең ой салады, тыңдармандарын бейжай қалдырмайды”.

“Киелі кітап кейіпкерлеріне жан біткендей болады”.

“Өте тартымды! Осы күнге дейін оқиғалар мен үшін осыншалықты жанданбаған еді”.

Ұйымымыздың jw.org сайтындағы Матай кітабының ағылшын тіліндегі аудиожазбасын тыңдағандар өздерінің жылы лебіздерін осылай білдіруде.

Ехоба куәгерлері Киелі кітаптың алғашқы аудио нұсқасын 1978 жылы шығарған болатын. Содан бері Киелі кітаптың сол нұсқасының аудиожазбалары толығымен не жекелей 20 тілде жарық көрді.

2013 жылы “Жаңа дүние аудармасының” өңделген нұсқасы жарық көргендіктен, аудиожазбаларды да жаңарту қажет болды. Жаңа аудиожазбалардың бір ерекшелігі — бұрынғыдай үш адамның орнына 1000-нан аса кейіпкердің әрқайсысын әртүрлі адам дыбыстайды.

Осының арқасында тыңдармандар Киелі кітапта баяндалған оқиғаларды көз алдарына елестете алады. Бұл аудиожазбаларда “Киелі кітапты көркемдеп оқу” айдарындағыдай әуен мен дыбыс эффектілері болмаса да, оқиғалар барынша шынайы етіп жеткізілген.

Дауысты сомдайтындар көп болғандықтан, жұмыс барысын жақсылап жоспарлау қажет. Алдымен, әлдекімдер ізденіс жасап, әрбір бөлікте кім сөйлеп жатқанын, мәтіннің мән-мағынасын және қандай эмоция берілу керектігін анықтау керек болды. Мысалы, Киелі кітапта қандай да бір елшінің сөздері жазылғанмен, оны нақты қай елші айтқаны белгісіз болса, кімнің даусын жазған орынды болатынын шешу қажет. Мұндай жағдайда күмәнмен айтылған сөздер Томанікі, ал қызуқандылықпен айтылған сөздер Петірдікі деп қарастырылуы мүмкін.

Кейіпкерлердің жасы да ескерілді. Мысалы, елші Жоханның жас шағындағы дауысын дыбыстау үшін жастау кісіні, ал оның қартайған шағындағы дауысын дыбыстауға егде тартқан кісіні таңдау қажет болды.

Бұған қоса, рөлге кіріп оқи алатын адамдарды табу қажет еді. Көбісі Құрама Штаттардағы Ехоба куәгерлерінің филиалында қызмет ететіндердің арасынан таңдалды. Іріктеуге қатысқандар тыңдалым кезінде “Ояныңдар!” журналындағы белгілі бір абзацқа алдын ала дайындалып, оқып беру керек болды. Сондай-ақ олар Киелі кітаптағы ашу-ыза, мұң, қуаныш пен өкініш сияқты сезімдерді бастан кешірген кейіпкерлердің диалогын оқыды. Мұндай шара олардың қабілетін анықтап, қай рөлге сай келетіндерін шешуге көмектеседі.

Рөлдер белгіленген соң, дыбыстаушылар Бруклин не Паттерсондағы дыбыс жазу студияларының біріне келеді де, сол жерде оларға берілген рөлдер жазылады. Жоба жетекшісі дыбыстаушының дауыс ырғағын және дауыстың дұрыс шығуын қадағалайды. Жетекші де, дыбыстаушы да арнайы мәтінді қолданады. Ол мәтінде қай жерде кідіріп, қай жерге екпін түсіру керектігі көрсетіледі. Сондай-ақ жетекші “Жаңа дүние аудармасының” алдыңғы нұсқасының аудиожазбаларын басшылыққа алады.

Дауысты жазу барысында аудиожазбалар қатар өңделіп отырады. Кейде ең жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін дыбыс операторына бірнеше нұсқаның жақсы шыққан бөліктерін біріктіру қажет болады.

“Жаңа дүние аудармасының” 2013 жылғы өңделген нұсқасының аудиожазбасы қашан толығымен жазылып бітетіні белгісіз. Бірақ әр кітап аяқталған соң, ол jw.org сайтына орналастырылады және “Киелі жазбалардың кітаптары” деп аталатын беттегі кітап атауының жанында аудиотаңба тұрады.