Мазмұнға өту

Мәтіннің сәнін келтіретін суреттер

Мәтіннің сәнін келтіретін суреттер

Басылымымызды көркейтіп, мәтіннің мән-мағынасын айқындай түсетін суреттерді біздің фотографтар қалай дайындайды? Бұның бірнеше қадамы бар. Мысал ретінде 2015 жылғы қыркүйек айының “Ояныңдар!” журналын алып, оның мұқабасының қалай жасалғанын қарастырайық *.

  • Суретшілердің жұмысы. “Ақшаға деген байыпты көзқарас” деген мақаланы оқып болған соң, Күзет мұнарасының білім орталығында орналасқан (Паттерсон, Нью-Йорк) Көркемдеу бөліміндегі дизайнерлер мұқабаның нобайын жасады. Сосын бірнеше нобайды Басқарушы кеңестің Жазушылар комитетіне жіберді. Олар қандай сурет түсірілу керектігіне қатысты шешім қабылдады.

    Жазушылар комитеті қарастырған кейбір мұқаба нобайлары

  • Түсірілімнің орны. Түсірілімнің орны ретінде шын банк емес, Күзет мұнарасының білім орталығының бір кіреберісі таңдалды *.

  • Түсірілімге қатысушылар. Түсірілімге қатысушылардың бәрі Ехоба куәгерлері. Оларға үлкен шаһардағы банк тұтынушыларының образын сомдау қажет болды. Басылымдарымызда бір адамның суреті жиі шыға бермес үшін, қатысушылар есепке алынып отырады.

  • Сахна көрінісін жабдықтау. Көркемдеу бөлімі шетелдік валютаны қолданды, өйткені Құрама Штаттардағы банктің емес, шетелдік банктің суреті қажет еді. Сахна көрінісі барынша банкке ұқсас болу үшін, фотографтар ұжымы бөлмені тиісінше жабдықтады. “Безендіру ісінде кішкентай олқылыққа да орын жоқ”,— дейді Крэйг есімді фотограф.

  • Киім мен грим. Банктегі көрініс үшін, қатысушылар өз киімдерін әкелді. Алайда тарихи оқиғаны көрсету керек болғанда, сол заманның киімдері қолданылу қажет. Бұл үшін Көркемдеу бөлімі ізденіс жүргізіп, тиісті костюмдер дайындайды. Ал гримерлердің еңбегінің арқасында кейіпкерлердің түр-әлпеті сол замандағы адамдардікіне ұқсайды. “Жоғары сапалы фотоаппартура мен дисплейлер қолданылатындықтан, біз барынша мұқият болуымыз керек. Тіпті кішкентай қателіктің өзі суреттің сиқын бұзуы мүмкін”,— дейді Крэйг.

  • Фототүсірілім. Фотографтар күндізгі уақытта жұмыс істеп жатқан банкті көрсету үшін, қажетті жарық қолданды. Әр түсірілімнің алдында фотографтар тиісті жарықтың (мысалы, күннің, айдың не шамның жарығы болып көрінетін жарық) барына, яғни оның бөлмедегі жарыққа және көріністегі көңіл күйге сай келетініне көз жеткізіп алады. Крейг былай дейді: “Фототүсірілімнің бейнетүсірілімнен бір айырмашылығы, қажетті көңіл күйді жеткізу үшін, біз бір-ақ суретті қолданамыз. Сондықтан тиісті жарықтың болуы аса маңызды”.

  • Суретті өңдеу. Оқырмандар суреттегі ақшаның қай елдің валютасы екеніне емес, сондағы адамдарға көз тігуі үшін, фоторедакторлар валютадағы жазуды көмескіледі. Ал есік пен терезе жақтаулары негізінен қызыл болғанымен, фоторедакторлар оны жасыл түске өзгертті. Осылай олар мұқабаның жалпы түсімен жарасып кетті.

Фототүсірілім Паттерсонда ғана жүргізілмейді. Австралия, Бразилия, Германия, Жапония, Канада, Корея, Малави, Мексика және Оңтүстік Африкадағы филиалдарда да басылымдарымызға қажетті суреттер түсіретін фотографтар бар. Ай сайын Паттерсондағы Көркемдеу бөлімінің дерекқорына шамамен 2500 сурет қосылып отырады. Осы дерекқордағы көп сурет 2015 жылы әр саны 115 миллион данада шыққан “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналындарында қолданылды. Бұл жайлы көбірек білу үшін, біз сізді Паттерсондағы (Нью-Йорк) кеңсемізге не дүниежүзіндегі филиалдарымыздың біріне экскурсияға шақырамыз.

Куәгер журналды қызметте қолдануда

^ 2-абзац Журналдың мұқабасы үшін көп сурет түсіріледі. Бірақ соңында біреуі ғана қолданылады. Ал басқалары суреттер қорына сақталып, кейінірек басқа жобалар үшін қолданылуы мүмкін.

^ 4-абзац Егер түсірілім қала көшесінде өту керек болса, Көркемдеу бөлімі қалалық әкімшіліктен тиісті рұхсат алуы қажет. Бұл үшін олар қатысушылардың нақты санын, қажетті құрал-сайманның мөлшерін және қандай жарық қолданылатынын мәлімдейді.