Мазмұнға өту

“Әлемдегі фильмдерге қарағанда әлдеқайда жақсы”

“Әлемдегі фильмдерге қарағанда әлдеқайда жақсы”

Жыл сайын Ехоба куәгерлері конгрестерінде көрсету үшін бірталай бейнероликтер шығарады. Олардың көбісі ағылшын тілінде түсіріледі. Сонда жүздеген басқа тілдерде сөйлейтін адамдар бұл бейнероликтерді қалай түсініп жүр? Көптеген тілдерде бұл бейнероликтерге дубляж жасалады, яғни мәтін жергілікті тілде дыбысталып, бейнероликке жазылады. Дубляждалған бұл бейнероликтер конгреске келушілерге қалай әсер етуде?

Дубляждалған бейнероликтерге қатысты пікірлер

Мексика мен Орталық Америкадағы конгрестерге келген кейбір Куәгер емес адамдардың пікірлеріне тоқталып өтейік:

  • “Бейнероликтің түсінікті болғаны сонша — ішіне кіріп кеткенімді байқамай қалдым. Ол маған қатты әсер етті” (Пополука тіліндегі конгреске келген адам, Веракрус, Мексика).

  • “Өзімнің туған қаламда жақын досыммен әңгімелесіп отырғандай болдым. Бұл әлемдегі фильмдерге қарағанда әлдеқайда жақсы болды. Себебі мен бәрін түсініп отырдым” (Науатл тіліндегі конгреске келген адам, Нуэво-Леон, Мексика).

  • “Бейнероликтерді өз ана тілімде көргенде, ондағы кейіпкерлер жеке маған сөйлеп жатқандай болды” (Чол тіліндегі конгреске келген адам, Табаско, Мексика).

  • “Бұл ұйым адамдардың өз ана тілдерінде тәлім алуына қам жасайды. Бұдан басқа мұндай ұйым жоқ” (Какчикел тіліндегі конгреске келген адам, Солола, Гватемала).

Ехоба куәгерлері мамандандырылған техниктер мен дыбыс актерлерін жалдамайды, әрі олар жиі қашықтан және ыңғайсыз жерлерде дыбыс жазады. Сонда олар жоғары сапалы дыбысқа қалай қол жеткізеді?

“Ең қанағаттандырарлық жұмыс”

2016 жылы Ехоба куәгерлерінің Орталық Америкадағы филиалы конгрестерде көрсетілетін бейнероликтерге испан тілінде және 38 жергілікті тілде дубляж жасалуын қадағалады. Бұл іске шамамен 2500 ерікті жұмылдырылды. Техниктер мен жергілікті аударма топтары дыбыс жазу үшін филиалдың өзін, қашықтағы аударма кеңселерін және басқа да уақытша дыбыс жазу студияларын қолданды. Жалпы алғанда жұмыс топтары Белиздегі, Гватемаладағы, Гондурастағы, Мексика мен Панамадағы 20-дан аса жерде дыбыс жазумен айналысты.

Орталық Америка филиалындағы дыбыс жазу студиясы

Уақытша студиялар жасау көп еңбек етуді және тапқырлықты талап етті. Дыбыс өтпейтін бөлме жасау үшін көрпе, матрас сияқты қолда бар жергілікті материалдар қолданылды.

Жергілікті тілде дыбыстайтын актерлердің көбісінің тұрмыстық жағдайы нашар еді. Олар жақын маңдағы дыбыс жазу студиясына жету үшін үлкен құрбандықтарға барған. Олардың кейбірі жолға 14 сағат кетірген! Ал бір әке ұлымен студияға жеткенше шамамен 8 сағат жаяу жүрген.

Наоми деген қыз көп жыл бойы отбасына уақытша дыбыс жазу студияларын жасауға көмектесіп жүрген. Ол былай дейді: “Біз үнемі дыбыс жазу жұмыстары өтетін аптаны асыға күтетінбіз. Әкем көп еңбек етіп, істерді ұйымдастыратын. Ал анам кейде ерікті болып жүрген 30 адам үшін тамақ пісіретін”. Наоми қазір Мексикадағы аударма кеңсесінде ерікті қызмет атқарып жүр. Ол былай дейді: “Адамдарға Киелі кітаптағы хабарды өз ана тілдерінде естуге көмектесіп жатқаныма шексіз ризамын. Бұл — мен үшін ең қанағаттандырарлық жұмыс”.

Ехоба куәгерлерінің жыл сайынғы конгрестері бүкіл дүниежүзі бойынша өтеді және онда келем деушілердің бәріне есік ашық. Көбірек мәлімет алу үшін КОНГРЕСТЕР деген жерге кіріңіз.