Мазмұнға өту

60 күндік жоба

60 күндік жоба

2013 жылы шілденің 5-і, жұма күні Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Моррис Құрама Штаттардағы Бетел отбасына көңіл толқытатын келесідей хабарландыру айтты: “Бруклиндегі Адамс-стрит 117 мен Сандс-стрит 90 мекенжайындағы алты ғимаратты сатуға келісімшарт жасалды *. Бірден беске дейінгі ғимараттарды осы жылдың тамыз айының ортасына дейін босатуымыз керек”.

Бетел отбасын көп жұмыс күтіп тұрды. Себебі бұл бес ғимараттың жалпы алаңы халықаралық жарыстар өтетін 11 футбол алаңына тең еді! Ал келісімшарт бойынша оларды 60 күннің ішінде босату керек болды!

Онжылдықтар бойы 1—5 ғимараттарда әдебиеттерді басып шығаратын және кітап түптеу машиналары орналасқан болатын. Бірақ 2004 жылы олар Уолкиллдегі (Нью-Йорк) жаңа кешенге көшірілді.

Сол уақыттан бері әлгі бес ғимарат жөндеу шеберханалары мен қойма бөлмелері ретінде қолданылып келді. Қоймаларда құрылыс материалдары, кеңсе жиһазы, сондай-ақ Құрама Штаттар мен өзге елдердегі құрылыс жобаларына арналған құрал-жабдықтар сақталды.

Ғимараттарды белгіленген уақытта босату үшін бүге-шігесіне дейін ойластырылған жоспар керек еді. Алдымен сол ғимараттардағы мүлікті түгендеу керек болды. Соның арқасында нені сатуға, нені қалдыруға және неден арылуға болатыны анықталды. Кейін тапсырманы тәртіппен орындап, қауіпсіздік техникасын бұзбау үшін барлық шаралар жасалды.

Осы жобаны іске асыру үшін Бетел отбасы көп тер төкті. Бұған қоса, Құрама Штаттардың әртүрлі жерінен Бетелге 41 Ехоба куәгері асарға келді. Бұл асаршылардың көбісі — тепсе темір үзетін жас, бойдақ ер бауырластар. Олар шақыруды қабыл алып, Бетелге 6—10 аптаға келді. Бұл үшін кейбіреулеріне отбасыларынан, достарынан уақытша ажырап, жұмыстарын қоя тұруға тура келді. Олар бұл тапсырма жайлы не дейді?

Вашингтон штатынан келген 21 жастағы Джордан: “Әттең, Бетелге келу үшін анкетаны баяғыдан бері толтыруым керек еді!”— деді.

Техастан келген 20 жасар Стивен былай деп бөліседі: “Мен үлкен, халықаралық, еңбексүйгіш, бақытты отбасында жүргендеймін!”

Ал 23-тегі Джастин былай деп ой бөліседі: “Бетелді үйімдей көріп кеттім. Құдайдан келген даналық, сүйіспеншілік және бауырмалдық — Бетел отбасының баға жетпес мұрасы”.

Пуэрто-Риколық 20-дағы Адлер былай дейді: “Таңертең ерте тұруға қиналсам да, мен бұл жерде зор батаға — мәңгілікке жалғасатын достыққа — кенелдім”.

21-дегі Уильям есімді бауырлас былай айтты: “Бетелге келуді бала кезімнен армандаған едім. Сонда да ол жерге барсам, жалғызсырап қаламын деп ойлайтынмын. Бірақ қателесіппін. Бетелдегі қызмет — өмірімдегі ең керемет кезең! Бұдан артық ештеңе жоқ десем, артық кетпеспін!”

Сонымен, бұл жоба уақытында жүзеге асты ма? Әлбетте! Тапсырма 55 күннің ішінде-ақ орындалды.

^ 2-абзац Сандс-стрит 90 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын ғимараты 2017 жылдың ішінде босатылады.