Сыйлыққа берілген 19 000 ұшақ билеті
2013 жылдың шілде айында Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі миссионерлер мен шет елдерде арнайы қызметке толық уақыттарын арнап жүргендерге жігерлендірерлік хат жіберді. Ол хатта өзге елде қызмет етіп жүргендер 2014—2015 жылдары өтетін аймақтық және халықаралық конгрестерге бара алу үшін бір шара ұйымдастырылғаны хабарланған еді.
Бұл шараның мақсаты шет елдерде қызмет етіп жүргендерге конгрестерге қатысып қана қоймай, туыстары мен достарымен де көрісуге жағдай жасау еді. Хатта олардың ұшақпен барып-қайту билеттерін ұйым көтеретіні жазылған еді.
Осы іспетті шаралар бұрында да болғанымен, биыл кейбір өзгерістер енгізілді. Енді Басқарушы кеңестің Білім беру комитетінің басшылығымен Дүниежүзілік бас басқарманың сапар бөлімі билеттерге алдын ала тапсырыс берумен айналысатын болады.
Шақыру хаты жіберілген соң көп ұзамай аталмыш бөлімге өтініштер бірен-саран келіп жатты. Бірақ 2014 жылдың қаңтар айына таман мұндай өтініштер ағыл-тегіл келе бастады. Сапар бөлімінде еңбек ететіндер дүниенің төрт бұрышындағы арнайы қызмет ететіндер үшін қажетті ұшақ бағыттарын іздеп, соларға тапсырыс беріп отырды.
Кейбір ұшу бағыттарына билет алу оңайға соқпады. Мысалы, саяхаттаушылардың біріне Исландияның астанасы Рейкьявиктен Боливияның Кочабамба қаласына ұшу керек болса, өзгелеріне Жаңа Каледонияның Нумеа қаласынан Мадагаскардың астанасы Антананаривуге ұшу керек болды. Сондай-ақ Папуа — Жаңа Гвинеядағы Порт-Морсбидан Вашингтонның Сиэтл қаласына, Буркино-Фасоның Уагадугу қаласынан Канаданың Виннипег қаласына жету керек болғандар да бар еді.
Бес адамнан тұратын Дүниежүзілік бас басқарманың сапар бөлімі бас-аяғы 19 000-дай ұшақ билетіне тапсырыс берді. Қауымдардың арнайы осы шараға берген садақаларын жұмсай отырып, олар 176 елде тұратын 4300-ге жуық саяхатшыға ұшақ билеттерін сатып алып жіберді.
Бұл шараға талай ризашылық хаттары келіп түсті. Миссионер болып қызмет ететін бір ерлі-зайыпты былай деп жазып жіберді: “Бүгін біз оңтүстік-шығыс Азиядағы қызметімізге оралып бара жатырмыз. Соңғы бес жылдан бері бірінші рет туған еліміз Англияға барып, отбасымызбен қауышуға қол ұшын бергендеріңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Осы шара болмағанда, бұған қол жеткізе алмас едік. Барып-келуге көмектескендерге шын жүректен рақмет айтқымыз келеді!”
Ал Парагвайда қызмет ететін бір миссионер былай деп жазды: “Нью-Джерси штатында өткен халықаралық конгреске барып-келуге жағдай жасағандарыңыз үшін әйелім екеуміз шексіз алғыс білдіреміз. 2011 жылдың басында біз бас басқарманы көру үшін АҚШ-қа баруды жоспарлап жатқанбыз. Сол үшін біраз ақша да жинап қойдық. Бірақ сол жылдың маусым айында біз Парагвайдағы ым тілінде өтетін қауымдарға сапармен баруға шақырылдық. Оларды аралап шығу үшін көп жол жүру керек болатын. Сондықтан әбден салмақтап-саралаған соң, біз Құрама Штаттарға барудың орнына, жаңа қызметімізді тиімдірек атқару үшін көлік сатып алуды шештік. Бір күні бізге халықаралық конгреске шақыру қағазы келді. Бұл біздің арманымыз еді! Ехобаның осылай бізге деген ізгілігі мен сүйіспеншілігін танытқаны үшін жүрегіміз алғысқа толы”.
Малавидегі бір ерлі-зайыптыдан болса мынадай хат келді: “Біз осы кішкентай хатымызбен үлкен рақметімізді білдіргіміз келіп отыр. Көптеген билеттерді алу үшін талай күш, уақыт пен қаржы жұмсағандарыңызды түсінеміз. Біз сіздердің ерен еңбектеріңізді, әсіресе Ехобаның ұйымының жомарттығын қатты бағалаймыз. Соның арқасында біз үйімізге барып, туыстарымыз бен дос-жарандарымызбен көрісе алдық”.
Сапар бөлімінде қызмет ететіндер өз жұмыстарын сүйіп атқарады. Сонда қызмет ететін Милейви былай дейді: “Миссионерлерге үйлеріне барып, достары мен отбасыларымен көрісуге жағдай жасау мені ерекше сезімге бөледі”. Оның сөзіне қосылып әріптесі Дорис былай деді: “Бұл маған ұйымның шет елдерде қызмет етіп жүргендерді қаншалықты жақсы көретінін түсінуге көмектесті”. Ал осы бөлімнің бақылаушысы Родней болса: “Осы шараға қатысу нағыз қуаныш”,— деді.
Дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлері өздерінің еңбекқор, жанқияр бауырластарына осындай сыйлық жасалуына үлестерін қоса алғандары үшін шексіз риза.