Нью-Йоркте өткен Американың байырғы тұрғындарына арналған мейрам және ақпарат
Көбіміз Американың байырғы тұрғындары негізінен елдің ауылды аймақтарында шоғырланған деп ойлайтын шығармыз. Бірақ, шындығына келгенде, олардың ұрпақтарының 70-тен аса пайызы қалаларда тұрады. 2015 жылдың 5—7 маусым аралығында Құрама Штаттардың ең үлкен қаласы Нью-Йоркте “Өзге ұлттарға есік ашық” деген атаумен Американың байырғы тұрғындарына арналған мейрам өткізілді. Нью-Йорктегі кейбір Ехоба куәгерлері бұл жайлы білген бойда оған қатысудың амалын ойластырды. Не мақсатпен?
Ехоба куәгерлері Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді жүздеген тілге аударады. Олардың ішінде блэкфут, дакота, хопи, могаук, навахо, одава және кри сияқты Американың байырғы халқы сөйлейтін көптеген тілдер де бар. Куәгерлер “Өзге ұлттарға есік ашық” мейрамы кезінде осы тілдерге аударылған кейбір әдебиеттерді көз тартатын үстелдер мен арбаларға орналастырып, жұрт назарына ұсынды. Әдебиеттердің арасында “Жаратушыға сенім артуға болады!” деген буклет те болды.
Бұған қоса, біздің ресми веб-сайтымызда жоғарыда аталған тілдердің көбісіне аударылатын аудиожазбалар мен бейне материалдар да бар. “Өзге ұлттарға есік ашық” мейрамы кезінде Куәгерлер осы материалдардың кейбірін қызығушылық білдірген келушілерге көрсетіп, тыңдатты. Олар сол жердегі басқа көрмелер, белгілер мен қойылымдардың басым бөлігі ағылшын я испан тілдерінде болғанын айтты.
Мейрамға қатысқан көп адам Ехоба куәгерлерінің әдебиеттерді Американың көптеген жергілікті тілдеріне аударып қана қоймай, қалалар мен байырғы тұрғындардың ауылдық жерлерінде Киелі кітаптан білім беру ісін жүргізетініне қатты қайран қалды. Біздің ісімізбен танысқаннан кейін, мейрамды ұйымдастырушы қызметкерлердің бірі Куәгерлерден өзімен Киелі кітап сабағын өтуді сұрады. “Киелі кітап жайлы қатты білгім келеді, сендерді асыға күтемін!”— деді ол.
Американың байырғы тұрғындары болып табылатын бір ерлі-зайыпты әдебиет үстелдерінің біріне жақындады. Алайда құлақтары естімейтін бұл кісілер ым тілінде сөйлейтіндіктен, Куәгерлер олармен сөйлесе алмады. Бір қызығы, дәл сол уақытта ым тілін білетін бір Куәгер келді. Ол әлгі ерлі-зайыптымен жарты сағаттай әңгімелесіп, Ехоба куәгерлерінің ым тіліндегі конгресінің солар тұратын аумақтағы мекенжайын анықтап берді.
Осы Киелі кітаптан білім беру шарасына 50-ден аса Ехоба куәгері қатысты және үш күнге созылған мейрам кезінде қонақтар әдебиет көрмесінен 150-ден астам әдебиет алды.