Мазмұнға өту

Уағыздау үшін теңіз түбімен жүргендер

Уағыздау үшін теңіз түбімен жүргендер

Солтүстік теңізде, Германияның Шлезвиг-Гольштейн штатының батыс жағалауына жақын жерде, Халлиген деп аталатын кішігірім аралдар бар. Ол жерде 300-ге жуық адам тұрады. Бұл адамдарға Киелі кітап хабары қалай жетпек? (Матай 24:14).

Ехоба Куәгерлері осы шалғай жатқан аралдардың кейбіріне кемемен жетеді. Алайда Куәгерлердің бір тобы сонда тұратын адамдарға барудың басқа жолын тапты: олар теңіз түбімен 5 шақырымдай жерді жаяу жүріп өтеді. Бұл қалай мүмкін?

Судың толысуы мен қайтуы

Мәселе теңіз суының толысуы мен қайтуында. Солтүстік теңіздің Халлиген аймағындағы су деңгейі араға алты сағат салып 3 метрге дейін көтеріледі және түседі! Су қайтқанда мұхит түбіндегі үлкен аумақтар жалаңаштанады. Соны пайдаланған Куәгерлер аралдардың үшеуіне құрғаған су түбімен жаяу жүріп барады.

Бұл сапар қалай болады екен? Осы маңның қыр-сырын жақсы білетін Улрик есімді топ жетекшісі былай дейді: “Халлиген аралдарының біріне екі сағатта жетесің. Біз көбіне жалаңаяқ жүреміз. Су түбімен жүріп өтудің ең ыңғайлы жолы — осы. Ал суық күндері бәтеңкемізді киіп аламыз”.

Су қайтқанда айнала бір ерекше көрініске ие болады. “Өзіңді басқа планетада жүргендей сезінесің. Жердің кей бөлігі лай батпақ, кей бөлігі жартасты, ал кейбір жерін су балдырлары жапқан. Жолда тобыр-тобыр теңіз құстарын, шаяндар мен басқа да теңіз жануарларын кездестіресің”,— дейді Улрик. Кейде жолаушыларға су қайтқанда пайда болатын арналардан (немісше Прилей деп аталады) өтуге тура келеді.

Алайда жолаушылардың кезігетін қиындықтары жоқ емес. Улрик былай дейді: “Теңізді тұман басқанда оп-оңай жоғалып кетуге болады. Сондықтан біз компас пен GPS құрылғыны қолданамыз. Сондай-ақ судың толысатын уақытына түсіп қалмас үшін, белгіленген уақыттан қалмауға тырысамыз”.

Халлиген аралдарының біріндегі уағыз

Бұл соған тұра ма? Улрик “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын үзбей оқып тұратын жасы 90-нан асқан қарияның оқиғасын айтып берді. “Бірде сол атаға баруға мүлдем уақытымыз қалмады. Бірақ біз қайтып бара жатқанда, ол велосипедімен бізге өзі келіп: —Маған “Күзет мұнарасын” бермей кетесіңдер ме?—деді. Әрине, біз оған журналдарды қуана-қуана бердік”.