Мазмұнға өту

Шингу өзенін жағалаған ауылдардағы уағыз

Шингу өзенін жағалаған ауылдардағы уағыз

2013 жылдың шілде айы. Жиырма сегіз Ехоба куәгері Бразилияның Сан-Феликс-ду-Шингу қаласынан каяпо мен юруна деген үндіс тайпалары мекендейтін ауылдарға аттанғалы жатыр. Ұзындығы 15 метрлік қайыққа мінген олар Шингу өзенімен ағысқа қарсы жүзіп келеді. Ірі Амазона өзенінің бір саласы болып табылатын бұл өзен 2092 шақырымға созылған.

Бұл сапардың мақсаты — өзенді жағалай қоныстанған ауылдарға Құдай Патшалығы туралы уағыздау. Үш күн дегенде, уағыздаушылар Кокрайморо ауылына келіп жетті. Жылы жүзді ауыл тұрғындары оларды құшақ жая қарсы алды. Бір әйел болса бар ынты-шынтысымен ым-ишарат жасап жатты. Сонда жол көрсетіп келген кісі мұның нені білдіретінін түсіндірді: “Бұл ишарат “Келіңдер! Бәріңмен танысқымыз келеді!” деген сөз”.

Куәгерлер португалша болсын, ым-ишарат арқылы болсын, барлығымен тіл табысты. Құдай Сөзіне негізделген әдемі суреттері бар басылымдарды қолдану өте тиімді болды. Көптеген ауыл тұрғындары әдебиеттерді, әсіресе “Құдайды тыңдаңыз” кітапшасын, алып қалды.

Сан-Феликс-ду-Шингу қаласында арнайы ізашар болып қызмет ететін Жерсон “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымын алған кісіні есіне алып былай дейді: “Ол кітапты көргенде, екі қолымен ұстап алды да, оны бір сәтке де тастағысы келмеді”.

Алғысы шексіз ауыл тұрғындарына Ехоба куәгерлері шамамен 500 кітап, журнал және кітапша қалдырып кетті. Каватири ауылының тұрғындары Құдайдың жер бетін жұмақ қылатыны жайлы уәдесін естігенде, зор қызығушылық танытты. Каяпо тайпасынан шыққан Тонжайква есімді қонақжай кісі: “Жұмақта адамдар біз сияқты өмір сүретін шығар”,— деді.

Сан-Феликс-ду-Шингу қаласында көбісі бұл сапар жайлы білген болатын. Сол сапарға аттанғандардың бірі Симоненің айтуынша, ол тұратын қалада кейбіреулер уағыздаушыларды әлгі ауылдарға кіргізбейді деп ойлаған. Алайда еш қиындық тумады. “Жұрт бізді жылы қарсы алды және біз бәріне уағыздай алдық”,— дейді Симоне.