Мазмұнға өту

Ізгі хабар шалғай солтүстікке дейін жариялануда

Ізгі хабар шалғай солтүстікке дейін жариялануда

Былтыр, 2014 жылы, Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі Ізгі хабарды Еуропа мен Солтүстік Американың солтүстігіндегі шалғай өңірлеріне дейін жариялау туралы бағдарлама енгізуді шешті (Елшілердің істері 1:8). Басында бұл бағдарлама бойынша, Аляска (АҚШ), Лапландия (Финляндия), Нунавут пен Солтүстік-Батыс аумақтардың (Канада) елді мекендерінде уағыздау жоспарланды.

Ехоба куәгерлері бұл шалғай өңірлерге көп жыл бойы келіп-кетіп уағыздап жүрді. Алайда олар қысқа уақытқа ғана келіп, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді таратумен ғана шектелетін.

Жаңа бағдарлама бойынша, Ехоба куәгерлерінің аталмыш шалғай аумақтардағы уағыз ісін бақылайтын филиалдар толық уақытты қызметшілерді (ізашарларды) белгілі бір өңірлерде кем дегенде үш ай қалуға ұсынады. Егер қандай да бір елді мекенде біраз адам Киелі кітап сабақтарын өтуге ықылас білдірсе, уағыздаушылар ұзағырақ уақытқа қалып, тіпті көпшілікке арналған кездесулер өткізуіне болады.

Әрине, Солтүстікте уағыздаудың өзінің қиыншылықтары бар. Аляскадағы Барроу деген жерге тағайындалған екі ізашардың бірі бұрын Калифорнияның оңтүстігінде, ал екіншісі АҚШ-тың Джорджия штатында тұрған. Барроуда бірінші рет қыстаған кезде ауа температурасы минус 38 дейін төмендейтін! Десе де бірнеше айдың ішінде олар қаладағы үйлердің шамамен 95 пайызына кіріп-шығып, төрт Киелі кітап зерттеу сабағын бастаған. Солардың бірі — Джон есімді жас жігіт. Джон мен оның кездесіп жүрген қызы “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын оқып жатыр. Джон білгендерін достары мен әріптестеріне айтады. Сондай-ақ ол “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасын ұялы телефонында JW Library қосымшасы арқылы оқиды.

Канаданың Нунавут өңіріндегі Ранкин-Инлет аумағына апаратын жол да жоқ. Сондықтан екі ізашар ол кішкентай елді мекенге ұшақпен жетіп алды. Олар онда бірнеше адаммен Киелі кітап сабақтарын бастады. “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” бейнеролигін көрген соң, бір кісі бұл аймақта Патшалық сарайын қашан соғатынымызды сұрады. Сосын ол: “Сендер Патшалық сарайын соғып қойғанда әлі осында болсам, кездесулеріңе міндетті түрде барам”,— деді.

Финляндияның Савукоски өңірінде адам басына он бұғыдан келеді. Ол жерге тағайындалған ізашарлар: “Ауа-райы салқын, қар қалың жауады”,— деп хабарлайды. Бірақ олардың айтуынша, олар ол жерге уақтылы келіпті. Не себепті? “Аумақты түбегейлі аралауға мүмкіндігіміз болды,— дейді олар.— Ауылдар мен шалғай жерлерге апаратын жолдардың қары тазаланып, жақсы күйде ұсталады. Ал ауа-райы салқын болғандықтан, адамдар көбінесе үйлерінде отырады”.

Шалғай солтүстік аймақтарда ізгі хабарды уағыздауға деген талпынысымыз көпшіліктің назарынан тыс қалмады. Екі ізашар Аляскадағы бір қала әкіміне жолыққан соң, ол кісі болған әңгімелері мен “Құдайдың үкіметі жайлы естігенсіз бе?” буклетінің суретін әлеуметтік желіге салып қойыпты.

Алясканың Хайнес жерінде екі ізашар кітапханада өткізген кездесуге сегіз адам келген. Жергілікті газетте Техас пен Солтүстік Каролинадан екі кісі келіп, қала тұрғындарына үй жағдайында, адаммен оңашада отырып Киелі кітапты зерттеу сабағын өтуді ұсынып жүргені хабарланған болатын. Хабарламаның соңында келесідей сөздер болды: “Көбірек мәлімет алу үшін jw.org сайтына кіріңіз”.