Оқушыларға бұзақылықпен күресуге көмектескен бейнеролик
Жақында Британиядағы қайырымдылық мекемесі он жасар Хьюгоны мектеп оқушыларына бұзақылықпен күресуге көмектескені үшін “Диана ханшайымның сыйлығымен” марапаттады.
Хьюго бұл жайлы былай дейді: “Бұл сыйлыққа мен “Бұзақыларды жұдырықсыз-ақ жеңе біл” деген бейнероликтің арқасында ие болдым. jw.org сайтындағы осы бейнероликтен үйренгендерімнің арқасында бұзақылыққа қарсы күрестің жаршысына айналдым”.
“Бұзақыларды жеңе біл” атты бейнероликті Хьюго алдымен мұғалімдеріне көрсеткен. Оларға бейнеролик қатты ұнағандықтан, барлық оқушылардың jw.org сайтына кіруіне қам жасаған. Енді Хьюгоның мектебінде оқитын 8—10 жас аралығындағы балалардың көбісі осы сайтқа кіріп тұрады. Олардың айтуынша, бұл сайттан олар бұзақылықпен күресу жайлы ғана емес, “Нағыз достарды қалай табуға болады?” сынды басқа да сұрақтарына жауап алған.
Жастарға көмек болатын кеңестер
Британияның басқа бір мектебінде оқитын сегіз жасар Элайджа мектепте бұзақылардың келеке-мазағына ұшырайды. Содан оның отбасы бас қосып, әлгі бейнероликті мұқият талқылайды. Сөйтіп, олар бұзақылар тиіскенде не айтып, не істеу керектігін қарастырып, алдын ала дайындалады. Бұдан Элайджаның бойына қайрат-жігер бітіп, ол бұл мәселемен күресуді үйренеді. Кейін бұзақылыққа қарсы күрес апталығында Элайджаның мектеп директоры бұл бейнероликті бүкіл мектепке көрсетеді.
Әрине, оқушылар арасындағы бұзақылық Британияда ғана емес, дүниежүзі бойынша бар мәселе. Сондықтан бұл фломастерлік анимация дүниенің төрт бұрышындағы балаларға таптырмас көмек болып табылады.
Құрама Штаттарда тұратын он жастағы Айви өзіне сес көрсететін бір сыныптас қыздан қорқатын. Бірақ “Бұзақыларды жеңе біл” деген бейнероликті көрген соң, ол әлгі қыздан қорықпайтын болады. Сондай-ақ осы жайлы мұғаліміне айтқаны да оған көмектесті. Нәтижесінде сыныптасы одан кешірім сұрайды, олар тіпті жақсы тіл табысып кетеді.
Ехоба куәгерлері жастардың игілігін ойлайды. Сондықтан біз бұзақылықпен қатар басқа да мәселелермен күресе алулары үшін, оларға әрі қарай да пайдалы ақыл-кеңестер бере бермекпіз.