Мазмұнға өту

Орталық Еуропадағы босқындарға қол ұшын беру

Орталық Еуропадағы босқындарға қол ұшын беру

Соңғы жылдары Африка, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия елдерінен босқындар Еуропаға ағылып келуде. Мемлекеттік ұйымдар мен ерікті қызметшілер оларды ас-ауқат, баспана және медициналық көмекпен қамтамасыз етуде.

Әрине, босқындар материалдық көмекке ғана зәру емес. Олардың көбісінің жаны жаралы, сондықтан жұбаныш пен болашаққа деген үмітке мұқтаж. Осы мұқтаждықтарын толтыру үшін, Орталық Еуропада тұратын Ехоба куәгерлері оларға барып, мұң-шерін тыңдап, Киелі кітаптағы жанға жай беретін ойлармен бөлісуде.

Құдай Сөзіндегі жұбанышты хабар

2015 жылдың тамызынан бастап Австрия мен Германиядағы 300-ден астам қауымдағы жариялаушылар босқындарға жұбаныш беретін хабарды жеткізу үшін ерекше күш салуда. Олардың байқауынша, жер ауып келгендер Киелі кітаптан әсіресе төмендегі сұрақтарға жауап алғысы келеді екен:

2015 жылы тамыз—қазан аралығында жергілікті Ехоба куәгерлері Орталық Еуропа филиалына 4 тоннадан аса Киелі кітапқа негізделген әдебиетке тапсырыс беріп, оларды босқындарға тегін ұсынды.

Тіл кедергісін жеңу

Босқындардың көпшілігі өз ана тілінде сөйлейді. Сондықтан Ехоба куәгерлері жүздеген тілге аударылған jw.org сайтындағы мақалалар мен бейнематериалдарды қолдануда. “Кейде ым-ишарат жасап, суреттерді көрсетіп не салып сөйлесеміз”,— дейді Германияның Эрфурт қаласында босқындарға көмектесіп жүрген Маттиас пен Пэтра деген еріктілер. Сондай-ақ олар Киелі кітаптағы хабарды босқындарға ана тілінде жеткізу үшін Ехоба куәгерлеріне тіл үйренуге көмектесетін JW Language қосымшасын да пайдаланады. Тағы біреулері Киелі кітап тармақтарын және бейнероликтер көрсету үшін көп тілді JW Library қосымшасын қолданады.

Таңдай қақтырарлық лебіз

“Бізді қалың жұрт қаумалап алды,— дейді Швайнфурттағы (Германия) бір ерлі-зайыпты Куәгерлер.— Небәрі екі жарым сағаттың ішінде біз 360-тай әдебиет тараттық. Кейбіреулері басын иіңкіреп, ризашылық білдіріп жатты”. Ал Германияның Диц қаласында ерікті қызметші болып жүрген Вольфанг бүй дейді: “Өздеріне біреудің көңіл бөліп жатқанына босқындар өте риза. Кейде олар бес не алты тілде журнал сұрайды”.

Көбісі алған әдебиеттерін бірден оқуға кіріссе, өзгелері Куәгерлерге алғыс айту үшін қайтып келеді. “Екі жас жігіт бірнеше әдебиет алды. Қатты риза болған олар жарты сағаттан соң бізге нан алып келіпті. Алғыстарын білдіру үшін беретін басқа ештеңелері болмағанына олар кешірім сұрады”,— деп бөлісті Берлинде (Германия) қызмет ететін Илонка.

“Рақмет! Сіздерге көп рақмет!”

Әлеуметтік қызметкерлер, биліктегілер мен жергілікті тұрғындар Куәгерлердің ерікті еңбегіне дән риза. 300-ге таяу босқынға қамқорлық жасайтын бір әлеуметтік қызметкер: “Рақмет! Басқа елден келгендердің қамын ойлап жатқандарыңыз үшін көп рақмет!”— деп жар салды. Басқа бір әлеуметтік қызметкер болса босқындарға өз ана тілінде маңызды әдебиеттер беріп жатқанына Куәгерлерді мақтады, “өйткені олардың күніне үш мезгіл тамақ жегеннен басқа айналысатын ештеңелері жоқ”.

Австрияда тұратын Марион мен оның күйеуі Штефан патрульдік қызметпен келген екі полиция қызметкеріне өздерінің ерікті жұмыстарының мақсатын түсіндірген. Олар алғыстарын білдіріп, екі кітап алған. “Полиция қызметкерлері еңбегіміз үшін бізді қайта-қайта мақтап жатты”,— дейді Марион.

Лагерьдегі босқындарға керек-жарағын садақа етіп жүрген бір австриялық әйел Куәгерлердің оларға ауа-райына қарамай келіп жүргенін байқаған. Бір күні ол Куәгерлерге: Әрине, босқындар ас-ауқат пен киім-кешекке зәру. Бірақ бәрінен де бұрын оларға үміт керек. Сіздер дәл соны оларға беріп жатырсыздар”,— деді.