Пангасинан тіліндегі жаңа “оқулық”
2012 жылы балаларға арналған “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” атты басылым пангасинан тіліне аударылды. Бұл кітап Филиппиндегі осы тілде сөйлейтін балаларды оқыту үшін білім беру мекемелерінде қолданылатын болды. Бұл кітап дер кезінде жарық көрді дей аламыз, себебі Филиппин Білім министрлігі шығарған бұйрыққа сай, бастауыш сыныптағы балалар білімді өз ана тілінде алу керек.
Филиппинде 100-ден аса тіл бар болғандықтан, оқушыларға қай тілде білім беру керектігі ұзақ уақыттан бері өзекті мәселелердің біріне айналған еді. Білім министрлігінің 2012 жылдағы бұйрығында айтылғандай, оқушылар “үйлерінде сөйлейтін тілде білім алса, тезірек әрі жақсырақ оқитын болады”. Осыған орай, елде “Ана тілі негізінде көптілді бағдарлама” жасалды.
Бағдарламаға таңдалған тілдердің бірі — пангасинан. Алайда мектеп әкімшілігі үшін бір қиындық туды: пангасинан тілінде оқуға арналған материалдар тапшы еді. Дәл сол уақытта, 2012 жылдың қараша айында, Ехоба куәгерлерінің аймақтық конгрестерінде балаларға арналған аталмыш кітаптың жарық көргені хабарланды.
Конгресте үлестіріп беру үшін бұл кітаптың шамамен 10 000 данасы басып шығарылған. Балалар мен ата-аналары бұл кітапты өз ана тілдерінде алғанда, қуаныштары қойнына сыймады. Бір ата-ана былай деді: “Балаларымыз бұл кітапты сүйіп оқиды, өйткені онда жазылғанның бәрін түсінеді”.
Көп ұзамай, Дагупан қаласындағы мектеп қабырғасында оқитын бірнеше Куәгер конгресте алған кітаптарын сабаққа алып барады. Пангасинан тілінде әдебиет таба алмай, қиналып жүрген мұғалімдер үшін бұл керемет жаңалық болды. Олар бірден бұл кітаптың көмегімен балаларға оқуды үйрете бастады. Нәтижесінде 340-тан астам кітап таратылды.
Бұл кітап балалардың сауатын ашу мақсатында қолданылып жатқанына Ехоба куәгерлері өте қуанышты. Осы кітапты аударуға үлес қосқан бір аудармашы былай деді: “Біз әдебиеттерді адамдардың жандарына жақын тұтқан ана тілдерінде шығарудың маңыздылығын бұрыннан білдік. Сол себепті де Ехоба куәгерлері Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді жүздеген тілге аудару үшін аянбай тер төгуде”.