Ехоба куәгерлерімен Уорвикте жұмыс істегендердің лебізі
Көп адам Уорвиктегі құрылысқа қатысқан еріктілерге таң-тамаша болды. Лифт орнататын фирманың директоры бір еріктіге: “Сендер атқарып жатқан іс — нағыз ерлік. Бүгінде өз уақытын ерікті іске арнайтындар жоқтың қасы”,— деген екен.
Осы кісі, басқа да адамдар Ехоба куәгерлерінің Уорвиктегі бас басқармасын соғып жатқандардың негізінен еріктілер екенін алғаш естігенде, демалыс күндері жергілікті Куәгерлер келіп жұмыс істейді деп ойлапты. Ал олардың бірнеше айға, тіпті бірнеше жылға өз жұмыстарын тастап, елдің түкпір-түкпірінен келген еріктілер екенін білгенде, қайран қалды.
2015 жылдың аяғына таман Уорвиктегі құрылысқа 23 000-дай ерікті Куәгер мен Құрама Штаттардағы Бетел отбасының мүшелері қатысты. Сондай-ақ 750-дей Куәгер емес құрылысшылар жобаның жоспар бойынша жүруіне қолғабыс етті. Олардың көбісіне Ехоба куәгерлерімен етене жұмыс істегені ұмытылмастай әсер қалдырды.
Жақсы орта
Терезелер мен қабырғалар жасайтын бір компанияның менеджері былай деп жазды: “Осы жобаға қатысқан жұмысшыларымыздың бәрін еріктілердің жүріс-тұрысы мен жайдарлылығы қатты таңғалдырды. Сондықтан да көбіміз осы жобаға қатысқымыз келеді”.
Тағы бір компанияның жұмысшылары тұрғынжай кешенінің қабырғасын көтеруге көмектесті. Келісімшарт уақыты аяқталғанда, компанияның үш жұмысшысы Уорвикте қалуды шешті. Олар жұмыстан шығып, Уорвикте жұмыстарын жалғастырып жатқан басқа компанияға жұмысқа тұрды.
Куәгерлердің мәсіхшілерге тән қасиеттер танытқаны жұмысшылардың кейбіріне жақсы әсер етті. Мысалы, ғимараттың іргетасын құйған компанияның бір жұмысшысы Уорвикте бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін, әйелі оның қатты өзгергенін байқады. Күйеуінің үйде өзін қалай ұстап, қалай сөйлейтініне риза болып жүрген әйелі: “Мені оны танымай жүрмін”,— деді.
“Куәгер әйелдер де шығады екен”
Уорвиктегі құрылыста көп Куәгер әйелдер жұмыс істеді. Олар автобус айдап, бөлмелер жинап, хатшы болып қана қойған жоқ, көлік қозғалысын реттеу, ауыр техникамен жұмыс істеу, талшықты-оптикалық кабельдер, қаптамалы құбырлар жүргізу, гипсокартон панельдерді орнатып, әрлеу жұмыстарын жасаған, су құбырларын орнату, бетон құю сияқты ауыр жұмыстар да атқарды.
Ғимараттардың шатырын жапқан Куәгер емес бір кісі автобустан түскен кейбір ерлі-зайыпты бауырластардың жұмысқа қол ұстасып баратынын байқапты. Бұл оған қатты ұнапты. Сондай-ақ әйелдердің бел жазбай жұмыс істегенін көрген екен. Ол былай деді: “Бір қарағанда, бұл әйелдер жай ғана күйеулерінің шашбауын көтеріп жүргендей көрінеді. Бірақ жұмысқа кіріскенде, алдарына жан салмайды! Мен Нью-Йоркте талай құрылысқа қатыстым, бірақ мұндайды көрген емеспін!”
2014—2015 жылдың қысы қатты болды. Мұндай аязда күні бойы далада жұмыс істегің келмейді, қайта, жылы үйде отырғың келеді. Құрылыс алаңында бақылаушы болған Джереми бауырлас ерекше суық күндері іргетас құйған бір компанияның бригадирі одан былай деп сұрайтынын есіне алды:
— Ертең әйелдеріңіз жұмысқа шыға ма?
— Иә, шығады.
— Сыртта көлік қозғалысын реттейтін әйелдер де ме?
— Иә.
Кейінірек әлгі бригадир: “Ертең жұмысқа шығу керек, Куәгер әйелдер де шығады екен”,— деп, құрылысшыларын жұмысқа шығарғанын мойындады”.
Жұмыстарын жақсы көрген автобус жүргізушілері
Ерікті қызметшілерді Уорвиктегі жұмыс алаңдарына апарып әкелу үшін 35-тен астам автобус жалданды. Бірде жол жүрер алдында бір жүргізуші орнынан тұрып, жолаушыларға былай деді: “Куәгерлер, маған сіздерді тасыған ұнайды. Бастығыма хабарлама жіберіп, мені осы бағытта қалдыруын сұраңыздаршы. Сіздерден Киелі кітап жайлы көп нәрсе білдім. Бұған дейін мен Құдайдың атын да, жерде жұмақ болатынын да білмейтін едім. Енді мен өлімнен қорықпаймын. Бұл — өмірімдегі жарқын кезеңнің бірі. Келесі демалысымда сіздер мені Патшалық сарайынан көресіздер”.
Уорвикте жұмыс істеген Дамиана есімді Куәгер былай деді: “Бір күні бәріміз автобустағы орнымызға жайғасқан соң, жүргізуші бізге айтар сөзі бар екенін хабарлады. Ол осыған дейін 4000 Куәгерді Нью-Йорктегі біздің түрлі құрылыс алаңдарына апарып әкеліп жүргенін айтты. Ол: —Әр адамның өзіндік бір қылығы бар. Бірақ сіздер әртүрлі екендеріне қарамай, жұмылған жұдырықтай жұмыс істейсіздер. Қарап тұра бергің келеді,— деді. Бізбен әңгімелескенді де ұнататынын айтты. Ол сөзін аяқтағанда, автобустағы бір бауырлас: —Сізге біздің ән айтқанымыз ұнай ма?— деп сұрады. Ол рақаттанып күліп алды да: “Иә, ұнайды! 134-әннен бастаймыз ба? *”— деді.
^ 20-абзац “Ехобаға ән шырқайық” кітабындағы 134-ән “Жаңа дүниеде жүргеніңді елестет” деп аталады. Бұл — Құдайдың жаңа дүниесіндегі қуанышты өмір жайлы ән.