Ехоба куәгерлерінің терминдері
Ехоба куәгерлерінің іс-шаралары туралы ақпарат беріп жатқаныңызға рақмет. Сізге көмек болсын деп, төменде біздің ұйым қолданатын діни терминдердің жазылуы мен қолданысын беріп отырмыз. Осы сөздікте айтылмаған тақырыпқа қатысты сұрағыңыз болса, Ехоба куәгерлерінің филиалымен байланысуыңызды сұраймыз.
Аймақтық конгресс. Ехоба куәгерлерінің белгілі бір аймақтағы көптеген қауымы бас қосатын үш күндік жиын, жылына бір рет өтеді. Мақсаты — жиынға келгендерді рухани жағынан нығайту. Келемін деушілердің бәріне есік ашық. Бағдарламада жиынға келген барлық жастағы адамдарға Киелі кітаптағы кеңестердің пайдасын көруге көмектесетін ойлар айтылады. Сондай-ақ Киелі кітап принциптерін өмірде қалай қолдануға болатынын түсіндіру үшін, күнделікті өмірден және Киелі кітаптағы оқиғалардан алынған қойылымдар қойылады. Аймақтық конгрестер жиі стадион, арена, Конгресс холл сияқты жалдамалы үлкен ғимараттарда өтеді. Кей елдерде шағындау аймақтық конгрестер Ехоба куәгерлерінің жақын маңдағы Конгресс сарайларында да өтуі мүмкін. Негізінен жүзбе-жүз өтетін конгрестер жұма мен жексенбі аралығына жоспарланады. Соңғы жылдары бағдарламаның онлайн жазбасы жасалды. Ехоба куәгерлерінің барлық кездесуі секілді, бұл жиынға да кіру тегін және ешқандай ақша жиналмайды.
Ақсақал. Рухани жағынан толысқан ер Куәгер. Ол қауымдағы адамдарға тәлім беру және олардың қамын ойлау үшін тағайындалады. Ақсақалдың қандай болуы керектігіне қойылатын талаптар Киелі кітапта мына жазба орындарында айтылған: Тімөтеге 1-хат 3:1—7; Титке 1:5—9; Жақып 3:17, 18 және Петірдің 1-хаты 5:2. Ақсақалдар қызметтері үшін ақша алмайды, олар өз қауымында не Ехоба куәгерлерінің заңды тұлғаларында жұмысшылар емес. Олардың көбісі өзін және отбасын қамтамасыз ету үшін жұмыс жасайды. Куәгерлерде дінбасылар тобы және қарапайым адамдар деп бөлінбейді, олардың бәрі тең. Ақсақал деген — лауазым да, ерекше құрметті білдіретін сөз де емес.
Апта ішіндегі кездесу. Апта ішіндегі күндері өтетін қауым кездесуі, ол әдетте кешкісін болады. Онда “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” деп аталатын үш бөліктен тұратын бағдарлама қарастырылады. Бұл кездесудің мақсаты — Ехоба куәгерлеріне Құдайдың қызметшілері ретінде жақсара түсуге көмектесу. Куәгерлердің барлық кездесуі секілді, осы кездесуге де жүзбе-жүз не онлайн қатысу тегін және ешқандай ақша жиналмайды.
Аудан. Белгілі бір аумақтағы Ехоба куәгерлерінің қауымдар жиынтығы.
Аудандық бақылаушы. Филиалдың жетекшілігімен қызмет ететін әрі белгілі бір аудандағы қауымдардың әрқайсысына барып тұратын (үйленген болса әйелімен) тәжірибелі ақсақал. Оның сапары әдетте жылына екі рет болады. Ол қауымдағылардың әрқайсысын жігерлендіруге тырысады. Сонымен қатар қауымның ақсақалдары мен қызмет көмекшілерін де қайраттандырып, қажетті нұсқаулар береді. Аудандық бақылаушылар әрбір қауымға арнап тәлім беру бағдарламасын жасайды. Аудандық бақылаушы деген — оған ерекше құрмет көрсетуді білдіретін лауазым емес.
Аудандық конгресс. Ехоба куәгерлерінің көп қауымы бірге бас қосатын біркүндік жиын. Ол жылына екі рет өткізіледі. Осы жиынға келемін деушілердің бәріне есік ашық. Бұл жиын адамдарға Құдайға жақындауға көмектесу мақсатымен дайындалады. Бағдарламада жиынға келген барлық жастағы адамдарға Киелі кітаптағы кеңестердің пайдасын көруге көмектесетін ойлар айтылады. Сондай-ақ Киелі кітаптан үйренген сабақтарды күнделікті өмірде қалай іске асыруға болатынын көрсету үшін кішігірім қойылымдар көрсетіледі. Көбінесе жалға алынған ғимараттарда, ал шағындау конгрестер Патшалық сарайларында өтеді. Кейбір елдерде бұл жиын Конгресс сарайларында өткізіледі. Оны онлайн көруге де болады. Аудандық конгресс әдетте демалыс күндеріне жоспарланады. Барлық бөлігі тегін, ешқандай ақша жиналмайды.
Бауырлас. Шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болған ер не әйел адам. Бұл атау әдетте ер не әйел Куәгердің атына қосылып айтылады. Бауырлас деген — оларға ерекше құрмет көрсетуді білдіретін лауазым емес.
Бауырластық. Ехоба куәгерлерінің (ер және әйел) дүниежүзілік қауымдастығы (Петірдің 1-хаты 5:9).
Бетел, бетелдік, Бетел отбасы. “Бетел” еврей тілінде “Құдайдың үйі” дегенді білдіреді. Ехоба куәгерлерінің Киелі кітапқа негізделген іс-шараларын жүргізу үшін және қолдап отыру үшін қолданатын ғимараттары осылай деп аталады. Осы ғимараттарда қызмет ететін Ехоба куәгерлері діни қызметшілер болып табылады, әрі олар “бетелдіктер” деп аталады. Олар қызметтері үшін жалақы алмайды. Бетел ғимараттарында бір отбасы сияқты бірге өмір сүріп, бірге ғибадат етіп, бірге еңбектенетіндіктен, оларды “Бетел отбасы” деуге болады. “Бетелдік” деген атау — оларға ерекше құрмет көрсетуді білдіретін лауазым емес.
Ғалақат, Ғалақат мектебі. “Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебі” деген атаудың қысқартылған түрі. Бұл мектеп 1943 жылы құрылған. Бастапқыда оның мақсаты миссионерлерді үйрету болған. Қазіргі таңда мектепке шақырылғандарға бес айлық арнайы Киелі кітапты зерттеу курсы өткізіледі.
Ехоба. Жаратушымыз Құдай Тағаланың адамзатқа ашқан Киелі жазбалардағы төл есімі (Зәбүр 83:18). Бұл есімді “Иеһова”, “Иёгова” деп жазбауыңызды өтінеміз.
Ехоба куәгерлері. Ехоба Құдайға құлшылық ететін әрі Киелі кітаптан білім беру ісіне түрлі жолмен белсенді қолдау көрсететін мәсіхшілер тобы. Олардың Киелі кітаптық ағарту ісіне негізінен Құдай Патшалығы, яғни Құдайдың үкіметі жайында ізгі хабармен бөлісу жатады (Матай 24:14). Бұл атау оларды өзге діндерден ерекшелендіреді. Сондай-ақ Ехоба куәгерлері деген олардың кімнің атынан сөйлейтінін ғана емес, Құдайдың атынан діни істерді атқаратынын да көрсетеді. Адам Ехоба куәгері болу үшін Киелі кітаптың негізгі ілімдерін жеткілікті түсінуі, Ехоба куәгерлерінің қауымымен бірге уағыз ісіне қатысуға лайықты болуы және өмірін Ехоба Құдайға бағыштағанын көрсету үшін шомылдыру рәсімінен өтуі қажет. Мақала жазғанда, бірінші кездескен жерінде “Ехоба куәгерлері” деген толық атау қолданылғаны маңызды. “Куәгерлер” деп те жазуға болады. Ал Ехоба куәгерлеріне “ехобалар”, “иеговисттер”, “иегова куәгерлері” деген сөздерді қолданбауыңызды өтінеміз (Ишая 43:10).
Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі. Дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлеріне Құдай жайлы білімді жеткізу үшін тағайындалған ақсақалдардан тұратын шағын топ. Көбінесе “Басқарушы кеңес” деп қысқартылып айтылады. Олар Киелі кітапқа негізделген басылымдарды дайындауға тікелей қатысады. Басқарушы кеңес Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік ісіне жетекшілік еткенмен, олар Ехоба куәгерлерінің Басшысы тек Иса Мәсіх деп санайды. Басқарушы кеңес АҚШ-тың Уорвик қаласында (Нью-Йорк штаты) Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасында орналасқан.
Ехоба куәгерлерінің конгресс сарайы. Ехоба куәгерлерінің иелігіндегі үлкен ғибадат орны. Ол жерде белгілі бір аумақтағы қауымдар үлкенірек жиындар өткізу үшін бас қосып тұрады. Оны “Конгресс сарайы” деп те айтуға болады.
Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайы. Ехоба куәгерлерінің бір не бірнеше қауымы бас қосатын ғибадат орны. Көбінесе “Патшалық сарайы” деп аталады. “Шіркеу” деген сөзді қолданбауыңызды өтінеміз.
Жариялаушы. Ехоба куәгерлерінің қауымымен бірге көпшілікке ізгі хабарды айтуға қатысатын адам. Жариялаушы болу үшін адам Киелі кітаптың негізгі ілімдерін түсініп, оларға сенуі қажет, сонымен қатар Құдайдың заң-талаптарына сай өмір сүруі керек. Жариялаушылар атқарған қызметтері үшін ақша алмайды, олар өз қауымында не Ехоба куәгерлерінің заңды тұлғаларында жұмысшылар емес. Жариялаушы — ерекше құрмет көрсетуді білдіретін лауазым емес.
Иса Мәсіх. Құдай Тағаланың тікелей өзі жаратқан ең алғашқы жаратылысы, сондықтан ол Киелі кітапта Құдайдың Ұлы деп аталады (Жохан 3:16; Қолостықтарға 1:15). Ехоба куәгерлері Иса Мәсіхті өздерінің Басшысы деп есептейді әрі оны үлгі тұтып, берген тәлім-тәрбиесін орындауға тырысады. Сондай-ақ Ехоба куәгерлері оны тарихта өмір сүрген ең ұлы адам, Ехоба Құдайдың ең басты Куәгері деп біледі. Сонымен қатар оны Құдай Тағаланың адамзатты құтқарамын деген ниетін жүзеге асыратын бірден-бір тұлға деп санайды (Ишая 9:6, 7; Аян 1:5).
Иса пайғамбарды еске алу кеші. Жыл сайын Иса Мәсіхтің өлімін еске алатын оқиға. Киелі кітапта “Иеміздің кешкі асы” деп те аталған (Қорынттықтарға 1-хат 11:20). Ехоба куәгерлері бұл кешті жылдың ең маңызды оқиғасы деп есептейді. Бұл — Иса пайғамбар өзінің ізбасарларына атап өтуді нақты бұйырған жалғыз діни рәсім (Лұқа 22:19, 20).
“Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы”. Ехоба куәгерлері аударған әрі басып шығарған Еврей жазбалары мен Грек жазбаларының (Тәурат, Зәбүр, Інжіл) толық атауы. Оны “Жаңа дүние аудармасы” деп те айтуға болады.
конгресс. қараңыз: аудандық конгресс, аймақтық және халықаралық конгресс.
Көпшілікке арналған кездесу. Апта сайын (көбінесе демалыс күндері) өткізілетін қауым кездесуі. Бұл кездесуде көпшілікке арнап Киелі кітапқа негізделген 30 минуттық баяндама оқылады. Содан соң бір сағат бойы зерттеуге арналған “Күзет мұнарасы” журналы талқыланады. Кездесуде осы журналдың Киелі кітапқа негізделген бір мақаласы сұрақ-жауап түрінде қарастырылады. Ехоба куәгерлерінің барлық кездесуі секілді, осы кездесуге де жүзбе-жүз не онлайн қатысу тегін және ешқандай ақша жиналмайды.
“Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды”. Ехоба куәгерлері басып шығаратын әрі адамдарға ұсынатын негізгі журналдың аты. “Күзет мұнарасы” деп те аталады. Бұл атау Киелі кітап жазылған замандағы “күзетшінің қырағы болуы” деген ойдан келіп шыққан (Ишая 21:8, Езекиел 33:7). Журналдың мақсаты — оқырмандарға Құдайдың ой-ниеті қалай жүзеге асып жатқанын байқау үшін қырағы болуға көмектесу (Матай 24:42). “Күзет мұнарасының” таратуға арналған саны қызығушылық білдірген адамдарға тегін ұсынылады. Ал “Күзет мұнарасының” зерттеуге арналған саны апта сайын жержүзіндегі қауымдарда сұрақ-жауап түрінде талқыланады. “Күзет мұнарасы” 1879 жылдан бері шығады. Ол — әлемдегі ең көп тараған журналдардың бірі.
Қауым. Құдайға құлшылық ету үшін жүйелі түрде бас қосып тұратын Ехоба куәгерлерінің ұйымдасқан тобы. Қауымда ақсақалдар кеңесі болады. Оларға Киелі кітаптан тәлім беруге негізделген әртүрлі бағдарламаны жүргізу жауапкершілігі артылған. Сондай-ақ қауымдағылардың бәріне бірдей және жеке-жеке рухани басшылық беру тапсырылған. Қауым кездесулеріне келемін деушілердің бәріне есік ашық. Кіру тегін әрі ешқандай ақша жиналмайды.
Қызмет көмекшісі. Ақсақалдарға қауымдағы іс-шараларды атқаруға көмектесу үшін тағайындалған рухани толысқан ер Куәгер. Қызмет көмекшісі болу үшін ол Киелі кітаптағы Тімөтеге 1-хат 3:8—10, 12, 13 және Титке 2:6—8 дейінгі жазба орындарында айтылған талаптарға әрдайым сай келуі керек. Қызмет көмекшілері қауымдағы ұйымдастыру, көмек көрсету секілді маңызды істерді атқарады. Қызмет көмекшілері атқарған қызметтері үшін ақша алмайды, олар өз қауымында не Ехоба куәгерлерінің заңды тұлғаларында жұмысшылар емес. Олардың көбісі өзін және отбасын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Кейбір қызмет көмекшілері уақыт өте келе ақсақал қызметін атқаруға лайық болып жатады. Қызмет көмекшісі — ерекше құрмет көрсетуді білдіретін лауазым емес.
Миссионерлер. Ехоба куәгерлерінің Бас басқармасы дүниежүзі бойынша қай жерде қажеттілік болса, сол жерге баруға тағайындаған уағыздаушылар. Миссионерлер Құдайдың Патшалығы, не үкіметі, жайлы ізгі хабарды жариялауға көмектесу үшін шет елдерге көшіп баруға дайын (Матай 24:14).
“Ояныңдар!”. Ехоба куәгерлері басып шығаратын әрі тарататын журнал. Ол ең алғаш рет 1919 жылы “Алтын ғасыр” деген атаумен жарық көрген. 1937 жылы атауы “Жұбаныш” деп өзгерді. Ал 1946 жылдың 22 тамыздағы санынан бастап “Ояныңдар!” деп аталатын болды. Бұл атауға көшудің себебі — оқырмандардың назарын әлемдегі оқиғаларға аударып, Киелі кітап бойынша аса маңызды уақытта өмір сүріп жатқанымызды түсінуге көмектесу еді. “Ояныңдар!” — дүниедегі таралымы ең көп журналдардың бірі.
Уағыз, уағыздау. Ехоба куәгерлерінің көпшілікке Жаратушының ой-ниеті жайлы айту ісі. Осылай олар Иса пайғамбардың “Патшалық жайлы ізгі хабарды” “барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздаңдар” деген өсиетін орындайды (Матай 24:14; 28:19).
Филиал. Филиал комитетінің әкімшілік орталығы. Ол Ехоба куәгерлерінің бір не одан көп елдегі рухани іс-шараларына бас-көз болып, қолдау көрсетілу үшін пайдаланылады.
Филиал комитеті. Бір елде филиал ашылғанда, сол елдегі не сол елдің қарамағындағы елдердегі іс-шараларға бас-көз болу үшін филиал комитеті құрылады. Бұл комитет үш не одан көп ақсақалдан тұрады.
Халықаралық конгресс. Ехоба куәгерлері Құдайға ғибадат ету үшін және Киелі кітаптан тәлім алу үшін бірнеше жылда бір рет ұйымдастыратын үш күндік жиын. Бұл жиын жержүзі бойынша алдын ала таңдалған қалаларда өтеді. Түрлі елден Ехоба куәгерлері делегат ретінде шақырылады. Жиынның мақсаты — оған келген адамдарға Құдайға жақындауға көмектесу әрі Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бірлігін бекемдеу. Халықаралық конгрестер әдетте жалдамалы ғимараттарда, жұма — жексенбі аралығында өтеді. Кіру тегін және ешқандай ақша жиналмайды.
Ізашар. Адамдарға ізгі хабарды жариялау үшін белгілі бір сағат мөлшерін жұмсауға тырысатын шомылдыру рәсімінен өткен Куәгерді айтады. Көбінесе “тұрақты ізашар” деген терминді осылай қысқартып айтады. Тұрақты ізашар деген — жылына уағызға 600 сағат (айына 50 сағат) арнайтын адам. Кейде “қосалқы ізашар” деген термин де ізашар деп қысқартылып айтылады. Қосалқы ізашар деген — бір айда не қатарынан бірнеше ай бойы қызметке 15 немесе 30 сағат арнайтын жариялаушы. Ізашарлар атқарған қызметтері үшін ақша алмайды, олар өз қауымында не Ехоба куәгерлерінің заңды тұлғаларында жұмысшылар емес. Ізашарлардың көпшілігі өздерін қамтамасыз ету үшін жұмыс жасайды. Ізашар — ерекше құрмет көрсетуді білдіретін лауазым емес.
ЕСКЕРТПЕ: Ехоба куәгерлері туралы жазғанда, бірінші кездескен жерінде олардың атауын толық жазуыңызды өтінеміз. Көбірек білу үшін “ Ехоба куәгерлері” дегенді қараңыз.