Қан құйдыруға қатысты дәрігерлердің пікірі қандай?
Ехоба куәгерлері ондаған жылдар бойы қан құйдырудан бас тартатындары үшін айыпталып келген. Олар Құдайдың Сөзіндегі “қаннан аулақ болыңдар” деген бұйрыққа бағынып, қан құйдырудан бас тартады. Бірақ жиі бұл ұстанымдары “науқас үшін ең дұрысы — қан құю” деп есептейтін дәрігерлердің пікірімен үйлеспейтін (Елшілердің істері 15:29).
Дегенмен бүгінде медицинада қансыз емдеу әдістерін қолдайтын тәжірибелі мамандар күн санап көбеюде.
2013 жылдың көктемінде шыққан АҚШ-тағы Станфорд университетінің медициналық факультетінің журналында (“Stanford Medicine Magazine”) қан тақырыбында бірқатар мақала жарық көрді. Солардың бірі “Кең таралған әдіске қарсы шығу. Қан құю жағдайлары неге сиреп барады?” деп аталды. Мақаланың авторы Сара Уильямс былай дейді: “Өткен онжылдықта жүргізілген көптеген зерттеу нәтижесінде дүниежүзі бойынша, ота жасау не емдеу барысында болсын, донорлық қан науқастарға қажетті шамадан тыс әрі тым жиі қолданылатыны анықталды”.
Аталмыш мақалада Пенсильвания ауруханасы жанындағы “Қансыз медицина мен хирургия орталығының” негізін қалаушысы әрі директоры, медицина ғылымдарының докторы Патриши Фордтың сөздері келтірілді: “Медицинада “адам ағзасында қан жеткіліксіз мөлшерде болса, ол өледі, қан құю — жан сақтаудың бірден-бір жолы” деген әбден қалыптасқан пікір бар... Кейбір ерекше жағдайларда бұл рас та, * бірақ көп жағдайда бұл олай емес”.
Жоғарыда сөздері келтірілген медицина ғылымдарының докторы Патриши Форд жыл сайын 700-дей Ехоба куәгерін емдейді. Ол былай дейді: “Көп дәрігермен әңгімелесе келе бір байқағаным,.. олар “көптеген науқас қан құйдырмаса өліп кетеді” деген қате пікірде... Бұрын өзім де қандай да бір шамада солай ойлайтынмын. Алайда қысқа уақыт ішінде мен мұндай науқастарға көмектесудің басқа оңай жолдары бар екенін түсіндім”.
2012 жылдың тамыз айында “Аркайвс оф интернал медисин” журналында 28 жыл бойы бір орталықта жүргізілген зерттеудің нәтижесі жарық көрді. Зерттеу барысында жүректеріне ота жасалған науқастар бақылауға алынды. Бұл отаны қан құйдырып жасатқан науқастарға қарағанда, қан құйдырмаған Ехоба куәгерлері тезірек айығып кеткені байқалған. Отадан кейін Куәгер науқастарда асқыну жағдайлары азырақ болған, өлім-жітім көрсеткіші де қан құйдырған науқастардыкінен төмен болған. Тіпті 20 жыл өткен соң да, олардың өлім-жітім көрсеткіші төмен болып қала берді.
“Уолл-стрит джорнел” журналының 2013 жылдың 8 сәуірінде шыққан санындағы мақалада: “Қансыз хирургия, яғни донорлық қанды қолданбай ота жасау әдісі, діни көзқарасы бойынша қан құйдырудан бас тартатын науқастарға жылдар бойы қолданылып келді. Ал қазіргі таңда ауруханаларда бұл әдіс кеңінен қолданылып келеді... Қансыз хирургияны қолдайтын хирургтардың айтуынша, донорлық қанды сатып алуға, сақтауға, өңдеуге, зерттеуге және құюға кететін шығынды азайтумен қатар, бұл әдіс қан арқылы берілетін инфекцияларды жұқтыру мен асқынулардың қаупін де азайтады. Соның арқасында науқас ауруханадан тез шығып кетеді”.
АҚШ-тағы алдыңғы қатарлы Кливленд клиникасындағы (“Cleveland Clinic”) трансфузиология бөлімінің меңгерушісі Роберт Лоренстің айтқан келесідей пікірі бекер емес: “Науқасқа қан құю арқылы оған көмектесемін деп ойлайсың... Алайда көпжылдық зерттеулерге сүйенсек, мұның кері нәтиже әкелетінін көреміз”.
^ 5-абзац Ехоба куәгерлерінің қанға қатысты ұстанымымен толығырақ танысу үшін “Жиі қойылатын сұрақтар. Сендер неге қан құйдырудан бас тартасыңдар?” мақаласын қараңыз.