ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Ата-анаммен қалай тіл табысуыма болады?
Тест
Ата-анаңның қайсысымен жиі ұрсысып қаласың?
Әке
Ана
Қаншалықты жиі ұрсысасыңдар?
Өте сирек
Анда-санда
Жиі
Келіспеушілікті тез шешесіңдер ме?
Иә, тез шешіп, татуласып кетеміз
Иә, бірақ ол үшін әбден айқайласып аламыз
Жоқ, айқайлассақ та, бір келісімге келмейміз
Ата-анаңмен тіл табысу мүмкін еместей болып көрінсе, олар жағдайды түзету үшін бір нәрсе істеу керек деп ойлайтын шығарсың. Алайда келіспеушіліктің болуына я оның дау-дамайға ұласуына жол бермеу үшін сенің не істей алатыныңды қарастырып көрейік. Алдымен, мынаны біліп алайық...
Келіспеушілік неден туындайды?
Ойлау қабілеті. Өсе келе сен балаша ойлауды қойып, тереңірек ойлана бастайсың. Сонымен қатар өзіңнің қандай да бір көзқарастарың қалыптаса бастайды, ал солардың кейбірі ата-анаңдікіне қайшы келуі мүмкін. Бірақ Киелі кітапта: “Әке-шешеңді құрметте”,— деген кеңес жазылған (Мұсаның 2-жазбасы 20:12).
Өмір шындығы: Дауласпай-ақ өз пікіріңді білдіру — ақыл-парасатты қажет ететін нағыз өнер.
Еркіндік. Өсе келе ата-анаң саған көбірек еркіндік беретін шығар. Бірақ берілген еркіндікті азсынсаң не оған қалаған уақытта қол жеткізбесең, міне, сол кезде араларыңда қиындық туындауы мүмкін. Алайда Киелі кітапта: “Ата-аналарыңа мойынсұныңдар”,— деген кеңес жазылған (Ефестіктерге 6:1).
Өмір шындығы: Ата-анаң саған қанша еркіндік беретіні көбіне қазіргі еркіндігіңді қалай пайдаланатыныңа байланысты.
Не істеуіңе болады?
Өз тарапыңнан күш сал. Туындаған түсініспеушілік үшін бар кінәні ата-анаңа артқанша, татуласу үшін өзіңнің не істей алатының жайлы ойланып көр. Джеффри есімді жас жігіт бұған қатысты былай дейді: “Кейде ата-анаңның не дегені емес, сенің мұны қалай қабылдағаның жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұндайда сабырлықпен сөйлесең, келіспеушіліктің тігісін жатқызып жібересің”.
Киелі кітап кеңесі: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар” (Римдіктерге 12:18).
Тыңдай біл. “Бұл мен үшін қиынның қиыны”,— деп бөліседі 17 жасар Саманта. Ол сөзін былай деп жалғады: “Бірақ бір байқағаным — ата-анаңды тыңдасаң, олар да сені тыңдауға дайын болады”.
Киелі кітап кеңесі: “Тыңдауға жүйрік, сөйлеуге... баяу бол” (Жақып 1:19).
Бір командада болыңдар. Келіспеушілікке спорт тұрғысынан қарап көр. Мысалы, теннис ойынын алайық. Тордың арғы жағындағы қарсыласың ата-анаң емес, туындаған мәселе болсын. Адам есімді жігіт былай дейді: “Түсініспеушілік туындағанда, ата-ана да, бала да негізінен бір мақсатты көздейді: бала өзінің қамын ойлайды, ата-ана да баласына жақсы болса екен дейді”.
Киелі кітап кеңесі: “Өзара тату болуға... ықпал ететіннің бәрін істейік” (Римдіктерге 14:19).
Түсінікпен қара. “Ата-аналардың өз қиындықтары бар. Оларға да жиі дәл біздікіндей үлкен қиындықтарды шешуге тура келеді. Осыны есімде ұстағаным көп көмектеседі”,— дейді Сара деген жасөспірім қыз. Ал Карла деген қыз былай дейді: “Мен кейде өзімді әке-шешемнің орнына қойып көремін. “Өзімнің балам болып, тура осындай жағдайға кезіксем, не істер едім? Балам үшін ең дұрысы не болар еді?” деп ойланамын”.
Киелі кітап кеңесі: “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:4).
Тілалғыш бол. Негізінен, Киелі кітаптың талабы сол (Қолостықтарға 3:20). Тілалғыш болсаң, жағдайыңды әлдеқайда жеңілдетесің. “Ата-анамның айтқанын тыңдасам, стресс те аз болады. Олар мен үшін талай құрбандыққа барды, сондықтан сол жақсылықтарын ең болмағанда осылай қайтарғым келеді”,— дейді Карэн есімді қыз. Рас, ата-анаңның тілін алсаң, келіспеушіліктің алдын аласың.
Киелі кітап кеңесі: “Отын жоқ жерде от өшер” (Нақыл сөздер 26:20).
Көмек. Ата-анаңмен әңгімелесу қиындау болып жатса, айтқың келген сөзіңді қағаз бетіне түсір немесе хабарлама жазып жібер. Алиса есімді жасөспірім қыз былай деп бөлісті: “Көңіл-күйім жоқ болып тұрған кездерде, мен осылай істеймін. Сонда айқайлап жібермеймін және артынан өкінетіндей ештеңе айтып қоймаймын”.