Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Ата-анам ажырасса қайтем?

Ата-анам ажырасса қайтем?

 Ата-анасының ажырасуы жасөспірімнің қай-қайсысына да ауыр тиеді. Олардың арасында сен де болсаң, қайғыға батып кетпеуге саған не көмектеседі?

Бұл мақалада

 Үш нәрседен қашық бол

 1. Өзіңді кінәлама

 “Бірде анам әкем екеуінің арасындағы барлық проблема мен туылғанда басталғанын айтты. Сондықтан да олардың некелерінің ойран болуына мен себепкер болдым деп ойладым” (Диана).

 Мынаны ұмытпа: Ата-анаңның ажырасуына сенің еш қатысың жоқ. Бұл — олардың арасындағы мәселе. Проблеманың туындауына сен себепші де болған жоқсың, оны шеше де алмайсың. Некедегі қиындықтарын шешуге олардың өздері жауапты.

 “Себебі әркім өз жүгін өзі көтереді” (Ғалаттықтарға 6:5).

 2. Өкпе-реніш сақтама

 “Анама адалдық сақтамағаны үшін әкеме ашуым келеді. Енді әкеме менің сеніміме қайтадан кіруге оңай болмайды” (Риана).

 Мынаны ұмытпа: Ата-анаңның арасында болып жатқан жағдай ашуыңа тиіп, көңіліңді түсіретін шығар. Бұлай болғаны түсінікті-ақ. Бірақ өкпе-реніш сақтағаның өзіңе зиян тигізеді. Сен тәндік және эмоциялық жағынан қажып кетуің мүмкін. Өкпе-реніш сақтауды ащы уды өзің ішіп, зияны басқа біреуге тиеді деп күтумен салыстыруға болады a.

 “Ашуланба, қаһарланба да” (Зәбүр 37:8).

 3. Өзіңнің бақытты неке құра алатыныңа күмәнданба

 “Әкемнің жолын қайталаймын деп қатты қорқамын. Неке құрып, балалы болсам, ата-анамның ажырасуына себеп болған жағдай менің де басыма туады деп уайымдаймын” (Джесика).

 Мынаны ұмытпа: Ата-анаңның некесі сәтсіз болғаны сенің де некең сондай болады дегенді білдірмейді. Қайта, ата-анаңның жағдайынан маңызды сабақ алсаң болады. Мысалы, болашақ жарыңның бойындағы қандай қасиеттерге мән беру керектігін жақсырақ білесің. Ата-анаңнан алған сабағың өзіңді де жақсы күйеу не әйел ететін қасиеттерді дамытуға талпындырады.

 “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін” (Ғалаттықтарға 6:4).

Ата-анаңның ажырасуын сүйектің сынуымен салыстыруға болады. Қазір ол жер қатты ауырғанмен, кейін жазылып, аяққа тұрып кетесің

 Үш нәрсеге асық бол

 1. Ашық сөйлес. Сезімдерін тұншықтыратын адам ішімдікке салыну не есірткі қолдану сияқты өздеріне зиян келтіретін әдеттерге әуес болып кетуі мүмкін. Бұған жол бермес үшін былай етіп көр:

 Ата-анаңмен сөйлес. Ата-анаңның бірі не екеуі де сені өз мәселелеріне араластыратын болса, мұның саған қалай әсер етіп жатқанын жұмсақтықпен, бірақ сенімді түрде айтып жеткіз. Олармен жеке сөйлесуден тартынсаң, мұны хат арқылы жеткізсең болады.

 Сенімді досыңмен сөйлес. Өзіңді құлақ қойып тыңдайтын адамның болғаны саған біршама жеңілдік әкеледі. Киелі кітапта: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер”,— делінген (Нақыл сөздер 17:17).

 Жаратушыңмен сөйлес. “Дұғаларды тыңдаушы” Ехоба Құдай сені тыңдауға әрқашан дайын (Зәбүр 65:2). Киелі кітапта: “Бар уайымдарыңды оған артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды”,— делінген (Петірдің 1-хаты 5:7).

  •   Ата-анаңның қайсысымен жылы-жұмсақ мәнерде сөйлесе аласың?

  •   Өзіңмен қатар не сенен үлкен сенімді достарыңның қайсысы саған тірек бола алады?

  •   Нақты қандай мәселелер жайлы дұға етсең болады?

 2. Жаңа жағдайға бейімдел

 Ата-анаң ажырасқан соң, жаңа жағдайға бейімделу керек болады. Мысалы, тұратын үйің, мектебің, тұрмыстық деңгейің және достарың өзгеруі мүмкін. Содан, біраз стреске түсіп, тіпті өміріңнің астан-кестені шыққандай көрінетін шығар. Аталмыш өзгерістерден қалай жеңіл өте аласың? Жаңа жағдайларға қалай бейімделе алатыныңа назар аудар.

  •   Ата-анаң ажырасқан соң, жасауға тура келген ең үлкен өзгеріс қандай?

  •   Өзгеріске қалай бейімделе алар едің?

 “Қандай жағдайда болмайын қолда барға қанағат етуді үйрендім” (Філіпіліктерге 4:11).

 3. Мықты тұстарыңды байқай біл

 Ата-анаңның ажырасқаны жаныңа қатты батқанмен, бұл жағдай өзіңнің мықты тұстарыңды бағалауға үйретуі мүмкін. Тіпті жаңа қасиеттерге ие болатын шығарсың. 13 жаста болғанда ата-анасы ажырасып кеткен Джереми былай дейді: “Ата-анам ажырасқан соң жауапкершілікті көбірек сезінетін болдым. Үйдің үлкені болғандықтан, анама көбірек көмектесіп, інімді де қамқорлауым керек болды”.

Ата-анаң ажырасқан соң, үйдегі жауапкершіліктерді жақсырақ атқаруға талпынуың мүмкін

  •   Ата-анаңмен болған жағдайдан кейін өзіңнің қандай мықты тұстарыңды байқадың?

  •   Қандай қасиеттерді дамытқың келер еді?

 “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі... әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді” (Тімөтеге 2-хат 3:16).

a Осы жайлы көбірек білу үшін “Ашуымды қалай жеңсем болады” деген мақаланы оқы.