ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Ата-анамның сеніміне ие болу үшін не істесем болады?
Нені білгенің жөн?
Саған қаншалықты сенім артуға болатыны қаншалықты сенімді адам екеніңе байланысты. Ата-анаң орнатқан тәртіпке бағыну несиеге алған қарызды банкке қайтару сияқты. Егер қарызыңды уақытылы төлеп, сенімді адам екеніңді көрсетсең, көбірек “несие”, яғни еркіндік ала аласың. Ал егер сенім артуға тұратын адам болмасаң, ата-анаң көп “несие” береді деп күтпе.
Сенімге кіру үшін уақыт қажет. Ата-анаң саған көбірек бостандық берсін десең, өзіңнің жауапкершілікті адам екеніңді көрсет.
БОЛҒАН ОҚИҒА: “Жасөспірім кезімде ата-анам менен нені талап ететінін жақсы білсем де, айтқандарын істеп жүргендей сыңай танытып, жасырын түрде өз білгенімді істеп жүрдім. Ақырында, ата-анам маған сенуден қалды. Уақыт өте бұлай алысқа бармайтынымды түсіндім. Алдаумен көбірек еркіндікке ие болу мүмкін емес екен. Сенімге кіргің келсе, сенімді адам болуың қажет” (Крэйг).
Былай істеп көр
Қанша қиын болса да, шындықты айт. Рас, барлық адам қателік жасайды. Алайда өтірік айтып қателігіңді жасырсаң, я болмаса кейбір жайттарды бүгіп, жартылай шындықты айтсаң, ата-анаңның сенімінен мүлдем айырылып қаласың. Ал егер бәрін қалай бар, солай айтуды үйренсең, ата-анаң қателігіңді мойындағаныңа қарап, есейгеніңді көреді. Сенуге тұрарлық адам осындай болады.
“Сенімнен айыратын нәрсе — қателік жасау емес, оны жасырып қалу” (Анна).
Киелі кітапта былай делінген: “Барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” (Еврейлерге 13:18).
Мына жайлы ойланып көр: Ата-анаң қайда бара жатқаныңды, не істейтініңді сұраса, оларға бар шындықты айтасың ба? Я болмаса қайда барғаныңды, не істегеніңді сұрағанда, кейбір жайттарды бүгіп қаласың ба?
Жауапкершілікті адам бол. Үйдегі тәртіпке бағын. Күнделікті үй тірліктерін бірден жасап тастауға тырыс. Өзіңе тапсырылған істерді уақытылы атқар. Мектепте берілген үй тапсырмаларын орындап жүр. Үйге белгіленген уақытта қайт.
“Ата-анаң достарыңмен көңіл көтеруге рұқсат беріп, кешкі тоғызда үйде болуды айтса, сағат он жарымға дейін жүріп алма. Әйтпесе келесі жолы олардың сені жіберуі екіталай” (Райан).
Киелі кітапта былай делінген: “Әркімнің жауапкершілігі өз мойнында” (Ғалаттықтарға 6:5, сілтеме).
Мына жайлы ойланып көр: Сен белгіленген уақытта үйге келуге, өзіңе онша ұнамайтын үйдегі қандай да бір тәртіпке бағынуға, үй тірліктерін атқаруға қаншалықты тырысып жүрсің?
Шыдамды бол. Ата-анаңның сенімін жоғалтып алған болсаң, олардың сенімін қайта жаулау үшін уақыт қажет. Шыдаммен күтуге дайын бол.
“Белгілі бір жасқа жеткенімде ата-анамның маған көбірек істер сеніп тапсырмағанын көріп, қатты көңілім түсті. Жасыңа жас қосылғаны есеюді білдірмейді екен. Мен ата-анамнан сенімді адам екенімді дәлелдеуге мүмкіндік беруін сұрадым. Бұған әжептәуір уақыт қажет болды, бірақ мен көздеген мақсатыма жеттім. Менің түсінгенім, сенімге ие болу үшін қанша жаста болғаның емес, не істейтінің маңызды екен” (Рейчел).
Киелі кітапта былай делінген: “Барлық жағынан игі істеріңмен үлгі көрсет” (Титке 2:7).
Мына жайлы ойланып көр: Ата-анаңның сеніміне кіру үшін немесе сеніміне қайта ие болу үшін қандай “игі істер” жасай аласың?
КЕҢЕС: Бәрін өз уақытында істеу, үй тірліктерін атқару, үйге уақытылы қайту сияқты жайттарға қатысты мақсаттар қой. Ата-анаңа не істеуге бел буғаныңды айт. Олардан сенімдеріне ие болу үшін не істегеніңді қалайтынын сұрап көр. Сондай-ақ Киелі кітаптағы: “Бұрынғы өмір салттарыңа тән... ескі болмыстарыңнан арылыңдар”,— деген кеңеске сай әрекет етуге барынша тырыс (Ефестіктерге 4:22). Сонда уақыт өте ата-анаң жақсы жаққа өзгеріп жатқаныңды көретін болады.