ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Ата-анаң әлеуметтік желіге рұқсат бермесе...
Достарыңның барлығы әлеуметтік желіде отырады, екі сөзінің бірі сол жайлы. Одан қалса, сенің интернет парақшаң жоқ екенін айтып үстіңнен күледі. Бұл жағдай саған таныс па? Таныс болса, осындай жағдайда не істесең болады?
Біле жүр
Бұндай жағдай тек сенде ғана емес. Негізінде, көп ата-ана балаларына әлеуметтік желіде отыруға рұқсат бере бермейді. Бәлкім, олар баласына тигізер келесідей зиянды жақтарын ойлап уайымдайтын шығар:
депрессия мен басқа да психикалық ауытқулар.
порнографияға әуестену, секстинг пен кибербуллингке кезігу.
достықтан көңіл қалу.
Көп жастар әлеуметтік желіні қолданудан бас тартқан. Өйткені олар пайдасынан гөрі, зияны зор екеніне көз жеткізген. Мысалы, келесідей тұстарын байқаған:
Прискилла әлеуметтік желі — уақыт ұрлаушы екенін, сол уақытты пайдалы істерге жұмсауға болатынын жақсы түсінген.
Джереми әлеуметтік желіде ұятсыз контенттегі бейнелердің шығуын қадағалау қиын екенін айтады.
Бетани бар назары басқалардың немен айналысып жүргеніне ауып кететінін байқаған.
“Мен әлеуметтік желідегі парақшамды өшіріп тастадым. Бұған еш өкінбеймін, қайта, солай еткеніме қуанам. Енді маған пайдасы тиетін нәрселерге көбірек назар аудара алам” (Сиерра).
“Әлеуметтік желінің әсері сонша — оған жіпсіз байланып қалуға болады екен. Мен кейде салған посттарым жайлы басқалар не ойлайды екен деп басым қатып кететін. Парақшамды өшіріп тастау оңай болмады. Бірақ солай еткенімде, жеңілдік сезіндім. Көңілім де тынышталып қалды” (Кэйт).
Не істей аласың?
Ата-анаң орнатқан тәртіпке бағын. Ата-анаңның нұсқауларына еш наразылықсыз, ашуланбай бағынсаң, өзіңнің есейгеніңді көрсетесің.
Киелі кітап кеңесі: “Ақымақ бар сезімін сыртқа шығарар, Ақылды сабыр сақтап, тізгіндер” (Нақыл сөздер 29:11).
Кейбіреулер ата-анаңа білдіртпей әлеуметтік желіде отыра бер немесе жасырын аккаунт ашып алсай деп сені үгіттеуі мүмкін. Бірақ бұған алданып қалма. Себебі олай етсең, тек жаман салдарын көресің: үнемі уайымдап, өзіңді кінәлі сезініп жүресің. Ал бір күні емес, бір күні ата-анаң біліп қойғанда, одан бетер жаман боласың. Олар саған тіпті сенуден қалуы мүмкін.
Киелі кітап кеңесі: “Барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” (Еврейлерге 13:18).
Өзің шешім қабылда. Жоғарыда айтылған жастар сияқты, әлеуметтік желіден бас тартуға сенде қандай себептер бар екенін ойлап көр. Егер әлеуметтік желінің саған зияны тиетінін түсінсең, одан бас тарту ата-анаңның шешімі ғана емес, сенің де шешімің болсын. Бұл сенің шешімің болса, құрбы-құрдастарыңның алдында не айтарыңды білмей ұялып жүрмейсің, олардың келеке-мазағына қалуың да екіталай.
Қорытынды: Ата-анаңмен ақылдасып, олардың ойларымен келісетін жақтарын ізде, сонда бұл олардың қабылдаған шешімі ғана емес, сенің де жеке шешімің болады. Не дегенмен өміріміз әлеуметтік желіге байланып қалмаған ғой.