Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Бұл жай ғана достық па, әлде махаббат па? (2-бөлім). Менің сөздерім мен істерім не айтады?

Бұл жай ғана достық па, әлде махаббат па? (2-бөлім). Менің сөздерім мен істерім не айтады?

Досың сөйлескісі келгенде, сен оған уақыт табасың. Осылай соңғы кезде бір досыңмен жиі сөйлесе бастайсың. Бірақ ол — қарсы жынысты адам. Сен: “Біз жай ғана доспыз”,— деп ойлап, ол да осындай ойда деп есептейтін шығарсың. Бірақ мұндайда нені ескеру керек?

 Болуы мүмкін жағдайлар

Қарсы жынысты адамдармен дос болғанда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ басқаларына қарағанда, біреуі жақын досыңа айнала бастаса ше? Мұндайда сен туралы ол: “Тек дос емес, одан да жақын болуды қалайтын сияқты”,— деп ойлап қалуы мүмкін.

Бірақ шындығында сенің қалағаның сол ма? Абайламасаң, келесідей жағдай болуы мүмкін:

  • Сен біреуге тым көп көңіл бөлесің

    “Сен біреудің сезімін қадағалай алмайсың. Әйтсе де “Біз жай ғана доспыз” деп алып, оған қайта-қайта телефон соғып, сөйлесе бермеген дұрыс. Бұл отқа май құйғанмен тең” (Сьерра).

  • Көңіл бөлген адамның көңілін қимайсың

    “Бір қыз маған көп жазатын, ал мен өзім бірінші болып жазбасам да, үнемі жауап беретінмін. Бұдан кейін оны жай ғана дос деп есептегенімді ол қызға түсіндіру қиын болды” (Ричард).

  • Өзіңе көңіл аудартасың

    “Кейбіреулер қырындап-қылымсуды ойын деп көреді. Олар үйленетін ниеті болмаса да, өзгелердің сезімімен ойнайды. Мен мұндайды талай байқағанмын. Бұдан әйтеуір біреудің жаны жараланады” (Тамара).

Ойтүйін: Үнемі араласу мен көңіл бөлу — романтикалық сезімнің белгісі.

 Жеңіл-желпі қарама

  • Бұл өзге адамның жүрегін жаралайды.

    Киелі кітапта былай делінген: “Ұзақ күттірген үміт ауыртады жүректі” (Нақыл сөздер 13:12). Біреу сенде көңілі бардай сыңай таныта берсе, сен не ойлар едің?

    “Біреуді қармақта ұстау” деген сөз бар. Бұл балықты не суға жібермей, не судан тартып алмай ұстап отыруды білдіреді. Адамдардың қарым-қатынасында да солай болып жатады. Жүру мақсатың жоқ бола тұра, біреуді “қармақта ұстап” отырғаның оның жанын қатты ауыртуы мүмкін” (Джессика).

  • Жаманатты боласың.

    Киелі кітапта былай делінген: “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:4). Тек өзінің ғана пайдасын ойлайтын адам жайында не айтар едің? Ол туралы жақсы ойда болар ма едің?

    “Маған қыздарға қырындай беретін жігіттер тартымсыз көрінеді. Қырындау неке адалдығының бұзылуына түрткі болуы мүмкін. Біреуге қырындайтын адам өз қадірін көтергісі келеді. Ал бұл өзімшілдікке жатады” (Джулия).

Ойтүйін: Жүретін мақсаты жоқ болса да, көңілі бардай сыңай танытатын адамдар өзінің де, өзгенің де жүрегін жаралайды.

 Былай істеп көр

  • Киелі кітапта “жас жігіттерді ініңдей көр”, “ал қыз-келіншектерге қарындасыңдай пәк тазалықпен қара” деген сөздер бар (Тімөтеге 1-хат 5:1, 2). Осы сөздерге сай өмір сүрсең, қарсы жынысты достарыңмен қарым-қатынасың бұзылмайды.

    “Мен тұрмыста болсам, басқа біреудің жұбайымен қылымсымаймын ғой. Сондықтан қазір, бойдақ кезімде, жігіттермен араласқанда байсалды болғаным болашаққа жақсы дайындық деп ойлаймын” (Лия).

  • Киелі кітапта: “Көп сөйлеген күнәдан құтылмайды”,— делінген (Нақыл сөздер 10:19). Бұл принцип тек әңгімелесуге ғана емес, хабарлама жазысуға, сондай-ақ оның жиілігі мен мазмұнына да қатысты.

    “Егер қызбен жүруге деген ниетің болмаса, күн сайын хат жазыспаған дұрыс” (Брайан).

  • Киелі кітапта: “Көктен келген даналық ең алдымен таза”,— делінген (Жақып 3:17). Адамды таза ниетпен құшақтауға не көңілің бар екенін білдіру үшін құшақтауға болады.

    “Мен достық пейілмен әңгіме-дүкен құрамын, бірақ адамды тура мағынада да, бейнелі мағынада да өзіме тым қатты жақындатпаймын” (Мария).

Ойтүйін: Қарсы жынысты адаммен араласқанда, өзіңді қалай ұстайтыныңа өте мұқият бол. Дженнифер деген бойжеткен: “Жақсы достар табу оңай емес, сондықтан екіұшты сөйлеп не әрекет етіп, достарымнан айырылғым келмейді”,— дейді.

 Тиімді кеңестер

  •   Өзгелердің сөздеріне мән бер. Егер біреу: “Сен ана жігітпен (қызбен) кездесіп жүрсің бе?”— деп сұраса, бұл — қарым-қатынастарың тым жақын болып кеткеннің белгісі.

  •   Қарсы жынысты достарыңның бәріне бірдей қара. Олардың біріне басқаларға қарағанда көп көңіл бөлме.

  • Хабарлама жазғанда абай бол: олардың жиілігі мен мазмұнына, қай уақытта жазатыныңа мән бер. “Қарсы жынысты адамға түн ортасында хат жазбаған дұрыс”,— дейді Алиса есімді қыз.