ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Бұл жай ғана достық па, әлде махаббат па? (1-бөлім). Оның ниеті қандай?
Сен ол жігітті (қызды) қатты ұнатасың және оның да сені ұнататынына сенімдісің. Бір-біріңе үнемі хабарлама жазып тұрасыңдар, отырыстарда да бір-біріңмен жиі араласасыңдар. Оның үстіне, оның кейбір хабарламаларынан саған қырындап жатқанын байқайсың.
Сөйтіп, оның да сезімдері сенікіндей екеніне көз жеткізу үшін қарым-қатынастарың туралы сұрауды шештің. Сонда ол саған: “Біз жай ғана доспыз ғой, арамызда басқа ештеңе жоқ”,— дейді.
Не сезінесің?
“Мен қатты ызаландым, оған да, өзіме де ашуым келді. Біз күніге хат жазысатынбыз, ол маған шын көңіл бөлетін. Сондықтан да оған деген сезімім өршіп кетті” (Жасмин).
“Бұл қыздың құрбысы мен менің досым кездесіп жүрген еді, ал біз олардың қасында жүретінбіз. Кейде сырт көзге біз кездесіп жүрген екі жұпқа ұқсайтынбыз. Біз ол қызбен көп әңгімелесетінбіз, кейін әңгімеміз хабарламаларға ұласты. Бірақ ол қыз маған жай ғана досы деп қарайтынын айтқанда және біз араласқан уақыттың бәрінде басқа бір жігітпен жүргенін білгенімде, жүрегім қатты ауырды” (Ричард).
“Бір жігіт маған күнде хабарлама жазатын, кейін екеуміз де бір-бірімізге қырындап-қылымситын болдық. Бірақ мен оған сезімім бар екенін айтқанымда, ол күліп жіберді де: “Қазір менің ешкіммен де жүретін ойым жоқ”,— деді. Бұдан кейін менің көп күндерім жылаумен өтті” (Тамара).
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Егер біреуді ерекше досым деп санап, оны ұнатып жүрсең, бірақ кейін оның саған деген сезімі жоқ екенін білсең, ашуланатының, ұялатының, тіпті өзіңді сатып кеткендей сезінетінің айтпаса да түсінікті. “Оның жақсы көрмейтінін білгенімде, жан дүнием құлазып, рухым күйреді. Бұл маған ауыр тиді. Бұдан кейін ешкімге сене алмай қалдым”,— дейді Стивен атты жас жігіт.
Мұның себебі неде?
Хабарламалар жіберіп, әлеуметтік желілер арқылы араласқанда өзіңе деген сезімі жоқ адамға бауыр басып қалуың оп-оңай. Бұған қатысты құрдастарың не дер екен, соны қарастырайық.
“Әлдекім саған тек уақыт өткізу үшін хабарлама жазуы мүмкін, ал сен оны сезімін білдіріп жатыр деп түсініп қаласың. Ал егер ол саған күнде жазатын болса, ол мені қатты ұнатады деп қателесіп қаласың” (Дженифер).
“Біреуде шынайы сезім болуы мүмкін, ал өзге біреуге жай әңгімелескен ұнайды не біреумен сөйлескені өзіне сенімділік береді” (Джеймс).
“Әлдекімнің “Қайырлы түн!” деген хабарламасынан махаббаттың лебі сезілуі мүмкін, бірақ ондағы “махаббат” жарнамалық хабармалардан еш аспайды” (Хэйли).
“Егер біреу смайлик жіберсе, бұл оның “Менде бәрі жақсы” дегенін немесе “Мен саған қырындап жатырмын” дегенін білдіруі мүмкін. Ал мұндай хабарламаны алған адам кейде “ол маған қырындап жатыр” деп түсініп қалады” (Алиса).
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қарап қалса, күлді деме. Күліп қалса, сүйді деме.
“Мұны ауызбен айту оңай, істеу қиын”,— дерсің сен. Иә, бұның рас. Бірақ Киелі кітапта былай делінген: “Адам жүрегі бәрінен де алдамшы әрі ештеңеден тайынбайды” (Еремия 17:9). Алдамшы жүрек “махаббат отын” өршітіп жіберуі мүмкін, бірақ бұның бос қиял екенін түсінген кезде, көңілің су сепкендей басылады.
Не істеуіңе болады?
Жан-жақты ойлан. Сәл кідіріп, арақатынастарың жайлы ойланып көр. “Бұл адам маған ерекше қарайды деп ойлауға менде келелі себептер бар ма?”— деп ойлан. Сезімдеріңнің “ақыл-ойыңнан” үстем болып кетуіне жол берме (Римдіктерге 12:1).
Парасатты бол. “Біз жай ғана дос емеспіз” деп ойлауға себеп болса да, бұлай ойламаудың себептеріне екі есе ден қой. Егер сенің біреуге сезімің болса, оның да саған сезімі бар деп ойлама.
Шыдамды бол. Жігіттің не қыздың өзі келіп, сенімен жақынырақ танысуға деген ниетін ашық айтпайынша, қарым-қатынастарыңды нығайтамын деп әуреленбе.
Шыншыл бол. Киелі кітапта “сөйлейтін уақыттың бар” екені айтылған (Уағыздаушы 3:7). Егер әлдекімнің саған сезімі бар-жоғын білгің келсе, онымен ашық сөйлес. “Бірнеше ай бойы жүре беріп, күндердің күнінде ол адамның ұнатпайтынын түсінгеннен гөрі, бірден біліп, жүрегің сәл ауырып қоя салғаны жақсы”,— дейді Валерия есімді қыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: “Бәрінен де бұрын сақта жүрегіңді”,— делінген Нақыл сөздер 4:23-те. Егер әлдекімді ұнатып жүрсең, ол да сені ұната ма, соны анықтап ал. Ал бұған дейін сезімді өршітіп жіберген адам — тақыр тастың үстіне гүл өсіруге тырысқан жан.
Егер әлгі адамның сені ұнататынын білсең, әрі кездесетіндей шамада ересек болсаң, онда арақатынастарыңды нығайтасың ба, жоқ па, соны шешіп алуың қажет. Есіңде болсын, мықты неке бірдей рухани мақсаттарды көздейтін, өзара шыншыл әрі ойларын жасырмай ашық айтатын күйеу мен әйелден құралады (Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Әрине, мұның барлығы жақсы дос болудан басталады, ал мұндай достық күн санап қатаяды (Нақыл сөздер 5:18).