ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Досым ренжітсе не істеймін?
Мұны білген жөн
Қиындықсыз қарым-қатынас жоқ. Досым, тіпті жан досым деп жүрген адамың да кемелсіз болғандықтан, көңіліңе тиетін бір нәрсе айтып не істеп қоюы мүмкін. Рас, қателеспейтін адам жоқ. Өзіңнің де біреуді ренжітіп қойған кезің болған шығар (Жақ. 3:2).
Ғаламтор ренжуге себеп бола алады. Давид есімді жасөспірім былай дейді: “Ғаламтордан досыңның отырыста түскен суреттерін көргенде, бірден “Мені неге шақырмаған?!” деген ой келеді. Содан көңілің түсіп, өзіңді сатып кеткендей сезінесің”.
Келіспеушілікті шешу қолыңнан келеді.
Былай істеп көр
Өзіңді тексер. Киелі кітапта: “Ренжуге асықпа, себебі реніш — ақымақтықтың белгісі”,— делінген (Уағыздаушы 7:9, сілтеме).
“Кейде болмайтын нәрсеге ренжігеніңді кейін ғана түсініп жатасың” (Алиса).
Ойланып көр: түймедей нәрсені түйедей қылып жіберуге бейімсің бе? Басқаның кемшіліктеріне төзіммен қарауға тырысып көргің келе ме? (Уағыздаушы 7:21, 22).
Кешірудің пайдасы жайлы ойлан. “Кінәні кешіргені [адамды] тартымды етер”,— делінген Киелі кітапта (Нақыл сөздер 19:11).
“Тіпті ренжуге себебің болса да, кешіргенің дұрыс. Бұл оның қателігін есіне қайта-қайта салып, кешірім сұрата бермеуді білдіреді. Кешіргенде, біржолата кешіру керек” (Мэлори).
Былай деп ойланып көр: бұл ренжитіндей үлкен мәселе ме? Татулық сақтау үшін кешіре аласың ба? (Қолостықтарға 3:13).
Досыңның да ойын ескер. Киелі кітапта: “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар”,— деп айтылған (Філіпіліктерге 2:4).
“Бір-бірін жақсы көріп, құрметтейтін достар келіспеушілікті тез шешуге тырысады. Себебі осы уақытқа дейін достықтарын нығайтып келді, енді оны бұзып алғылары келмейді” (Николь).
Мына жайлы ойланып көр: досыңның айтқандарының ең болмағанда бір-екеуі дұрыс болуы мүмкін бе? (Філіпіліктерге 2:3).
Ойтүйін. Реніш сақтамауды үйренгенің ересек өміріңде аса қажет болады. Ендеше, неге мұны қазірден бастап үйренбеске?!