Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Тіршіліктің бастауы Жаратушы ма, әлде эволюция ма? Неге Құдайға сену керек? (1-бөлім)

Тіршіліктің бастауы Жаратушы ма, әлде эволюция ма? Неге Құдайға сену керек? (1-бөлім)

 Қайсысына сену керек?

 Барлық нәрсені Құдай жаратқанына сенесің бе? Егер сенсең, бұған ұялудың қажеті жоқ. Көптеген қыз-жігіттер (сондай-ақ ересектер де) бәрін Құдай жаратқанына сенеді. Бірақ тіршілік пен ғалам эволюцияның нәтижесінде, басқаша айтқанда, Жаратушының қатысуынсыз пайда болды деп есептейтіндер де бар.

 Білесің бе? Құдайға сенетіндер де, эволюцияны жақтайтындар да көбінесе не нәрсеге сенетіндерін айтқанмен, оған не үшін сенетіндерін біле бермейді.

  •   Кейбіреулер жаратылысқа ұстанатын діні солай үйреткендіктен ғана сенеді.

  •   Көп адам эволюция теориясына мектепте оқытқандықтан ғана сенеді.

 Осы және кейінгі мақалалар саған жаратылысқа деген сеніміңді қатайтуға және көзқарасыңды басқаларға түсіндіріп беруге көмектеседі. Бірақ алдымен өзіңе келесідей сұрақты қойып көруің қажет:

 Мен не үшін Құдайға сенемін?

 Бұл сұрақ туралы ойлану неге маңызды? Себебі Киелі кітап “ақыл-ойыңды іске қосуға” шақырады (Римдіктерге 12:1). Бұл — Құдайға деген сенімің тек төмендегі жайттарға ғана негізделмеуі керек деген сөз:

  •  сезімге (маған жоғарыда қандай да бір күш бардай сезіледі)

  •  ортаңа (менің айналамдағы адамдар Құдайға сенеді)

  •  басқалардың қысымына (ата-анам мені Құдайға сену керек деп өсірген)

 Құдайдың бар екеніне жеке өзің көз жеткізуің керек және сенімің нақты айғақтарға негізделуі қажет.

 Олай болса, Құдайдың бар екеніне сенің көзіңді не жеткізеді? “Мен неге Құдайдың барына сенемін?” деген жұмыс парағы Құдайға деген сеніміңді нығайтуға көмектеседі. Осы сұраққа басқа жастардың қалай жауап бергені де саған көмегін тигізер. Міне, солардың кейбірі:

 “Мұғалім сабақта адам ағзасының қалай жұмыс істейтіні туралы айтып бергенде, Құдайдың бар екеніне одан сайын көзім жетеді. Әрбір мүшеміздің, тіпті ең кішкентайының да, өз функциясы бар. Олардың қалай жүзеге асып жатқанын біз тіпті байқамаймыз да. Адамның ағзасы — нағыз туынды!” (Тереза).

 “Аспан тіреген ғимаратты, саяхат кемесін я көлікті көргенде, “Мынаны кім жасаған?” деп ойланамын. Мысалы, көлікті басы қатты істейтін ақылды адамдар ғана шығара алады. Өйткені көлік жүру үшін оның майда-шүйде механизмдерінің бәрі дұрыс істеу керек. Егер көлікті біреу жасау керек болса, адам баласын ше?! Ол қалай өздігінен пайда болады?” (Ричард).

 “Оқымыстылар ғаламның бір кішкентай бөлігін жүздеген жылдар бойы зерттеп, бәрібір толық түсіне алмай жатса, сол ғалам ешбір ақыл-ойдың қатысуынсыз өздігінен пайда болды дегенді қалай миға қонымды дей аласың?!” (Карен).

 “Ғылымды неғұрлым көп зерттеген сайын, эволюцияның дұрыстығына соғұрлым күмәндана бастадым. Мысалы, мен табиғаттағы математикалық дәлдік пен адамдардың бірегейлігі жайлы көп ойландым. Жануарлар сияқты емес, адамдар өздерінің кім екенін, қалай пайда болғанын және болашағын білгісі келеді. Эволюция мұның бәрін адам мен жануарларды ұқсастырып түсіндіруге тырысады, бірақ адамның олардан не себепті асып түсетінін айта алмайды. Шыны керек, мен үшін эволюцияға сенуден гөрі, Жаратушыға сену жеңілірек” (Энтони).

 Көзқарасымды қалай түсіндірсем болады?

 Егер сыныптастарың “көрінбейтін нәрсеге қалай сенесің?” деп келеке етсе, не дейсің? Я болмаса эволюция ғылыми тұрғыдан “дәлелденген” теория десе ше?

 Ең бастысы, өз көзқарасыңа сенімді бол. Құдайға сенгенің үшін қысылып, ұялма (Римдіктерге 1:16). Оның үстіне, мынаны да есте ұста:

  1.   Құдайға сенетін жалғыз сен емессің, дүниеде оған сенетін адамдар көп. Олардың арасында өте ақылды, білімдар адамдар, тіпті ғалымдар да бар.

  2.   Кейде адамдар Құдайдың әрекеттерін түсінбегендіктен оған сенбеймін деп жатады. Ондай адамдар Құдайға неге сенбейтінін дәлелдеудің орнына, “Құдай бар болса, неге дүниеде қайғы-қасірет көп?” деген сұрақты жиі алға тартады. Осылай олар ақылға салу керек жайтты сезім мәселесіне айналдырып жібереді.

  3.   Адамдардың “рухани мұқтаждығы” бар (Матай 5:3, сілтеме). Бұған Құдайға сенуге деген мұқтаждық та жатады. Сондықтан әлдекім саған “Құдай жоқ” десе, сен емес, оның өзі неге сондай тұжырымға келгенін түсіндіріп берсін (Римдіктерге 1:18—20).

  4.   Құдайға сенуге толық негіз бар. Өйткені тіршілік өздігінен пайда болуы мүмкін емес екенін растайтын айғақтар жетіп артылады. Ал тіршілік жансыз материядан кездейсоқ пайда болған деген теорияны растайтын дәлелдер жоқ.

 Ал біреу Құдайға сенгенің үшін сені сынап-мінеп, әртүрлі пікірлер айтса, не деуіңе болады? Соған мысал:

 Егер біреу былай десе: “Құдайға білімсіз адамдар ғана сенеді”.

 Былайша жауап берсең болады: “Сен шынымен осындай көзқарасқа сенесің бе? Мен сенбеймін. Мынадай дерек: бір сауалнамаға аты шулы әртүрлі университеттен 1600 профессор қатысқан. Олардың әрбір үшіншісі өзін атеистке де, агностикке де жатқызбаған a. Сол профессорларды Құдайға сенгені үшін білімсіз деп айтар ма едің?”

 Егер біреу былай десе: “Егер Құдай бар болса, неге дүниеде қайғы-қасірет соншама көп?”

 Былайша жауап берсең болады: “Бәлкім, бұл сұрақты Құдайдың қалай әрекет ететінін түсінбегендіктен немесе ол әрекет етпей жатқандай көрінгендіктен қойып жатқан шығарсың? [Жауабын күт.] Білесің бе, мен дүниеде қасірет неге көп екеніне нақты жауап таптым. Бірақ оны түсіну үшін Киелі кітаптағы бірнеше ілімді зерттеп шығу керек. Осы жайлы көбірек білгің келе ме?”

 Осы бірнеше мақаланың келесісінде адамның қалай пайда болғанын эволюция теориясы неге түсіндіріп бере алмайтыны талқыланады.

a Мәлімет көзі: Қоғамдық зерттеу кеңесі, “Университет ғалымдарының арасындағы дін және руханилық”, Элайн Говард Экланд, 5 ақпан, 2007 жыл (Social Science Research Council, “Religion and Spirituality Among University Scientists,” by Elaine Howard Ecklund, February 5, 2007).