Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Тіршіліктің бастауы Жаратушы ма, эволюция ма? Эволюция теориясына күмәндануға негіз бар ма? (2-бөлім)

Тіршіліктің бастауы Жаратушы ма, эволюция ма? Эволюция теориясына күмәндануға негіз бар ма? (2-бөлім)

Алекс бәрін жаратқан Құдай екеніне сеніп келген еді. Алайда бүгін биология мұғалімі эволюцияның дұрыстығын дәлелдеп бақты. Оның айтуынша, бұл теория салмақты ғылыми зерттеулерге негізделген. Алекс ақымақ болып көрінгісі келмеді. “Ғалымдар эволюцияны дәлелдесе, оларға күмән келтіретін мен кіммін?”— деп ойланды ол. Алекс абдырап, ойы сан-саққа жүгірді.

Осындай жағдайға кезіктің бе? “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты” деген сөздерге сен өмір бақи сеніп келген шығарсың (Мұсаның 1-жазбасы 1:1). Алайда кейбіреулер сені “жаратылыс — ойдан шығарылған әңгіме, ал эволюция — айғақ” дегенге сендіргісі келетін шығар. Оларға сенген дұрыс па? Неліктен эволюцияның дұрыстығын тексерген жөн?

 Эволюция теориясын сынға алатын 2 себеп

  1. Ғалымдар эволюция теориясын бірауыздан қолдамайды. Ондаған жылдар бойы зерттесе де, ғалымдар эволюцияны түсіндіруде әлі күнге дейін бір келісімге келген емес.

    Ойлап қарашы: Егер эволюцияның жілігін шағып, майын ішкен ғалымдардың өзі оған қатысты бір мәмілеге келе алмаса, сенің оған сене салғаның ақылдылыққа жата ма? (Зәбүр 10:4).

  2. Неге сенсең де, бәрібір емес. “Егер тіршілік кездейсоқтықтан пайда болған болса, онда біздің өміріміздің, жалпы, бүкіл ғаламның еш мәні жоқ”,— дейді Закари есімді жігіт. Расында да, оның сөздерінің жаны бар. Егер эволюция арқылы пайда болған болсақ, біз үшін өмірдің мән-мағынасы жоқ болып кетер еді (Қорынттықтарға 1-хат 15:32). Ал егер барлығын Құдай жаратқаны рас болса, демек, біз өмірдің мәні және болашақ жайлы сұрақтарымызға жауап таба аламыз (Еремия 29:11).

    Ойлап қарашы: Эволюция мен жаратылыс жайлы шындықты білгенің өміріңе қалай ықпал етеді? (Еврейлерге 11:1).

 Ойландыратын сұрақтар

ПІКІР: “Ғаламдағы барлық нәрсе кездейсоқ болған ұлы жарылыстың нәтижесінде пайда болды”.

  • Бұл ұлы жарылыс кімнің я ненің әсерінен пайда болды?

  • Қайсысы қисындырақ: жоқтан бардың пайда болғаны ма, әлде бардың бір нәрседен не біреудің ықпалымен пайда болғаны ма?

ПІКІР: “Адамдар жануардан пайда болған”.

  • Адамдар жануардан, мысалы маймылдан, пайда болған делік. Онда неге адам мен маймылдың ақыл-санасындағы айырмашылық жер мен көктей? a

  • Неге ең қарапайым деген ағзалардың құрылысы сондай күрделі? b

ПІКІР: “Эволюция ғылыми дәлелденген”.

  • Осыны айтқан адам эволюцияны растайтын деректерге өзі көз жеткізген бе?

  • Барлық данышпандар эволюцияға сенеді дегенге бола, эволюцияға сеніп жүргендер қаншама?

a Кейбіреулер адамның миы маймылдікінен үлкенірек болғандықтан, оның ақыл-санасы жоғары деуі мүмкін. Алайда бұның дәлел бола алмайтыны туралы “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” кітапшасының 28-бетінде түсіндіріледі.

b “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” кітапшасының 8—12 беттерін қара.