ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Тіршіліктің бастауы Жаратушы ма, әлде эволюция ма? Неге бәрін Құдай жаратты дегенге сену керек? (3-бөлім)
“Егер сен бәрін Құдай жаратты дегенге сенсең, адамдар сені ақымақ, әлі күнге дейін ата-анасы құлағына құйған ертегіге сенеді немесе оның діні миын болмайтын ілімдермен қатырып тастаған деп ойлауы мүмкін” (Жанет).
Жанеттің сезімі саған да таныс па? Таныс болса, саған барлығын Құдай жаратты дегенге сену қиын болар. Оның үстіне, кім аңғал болып көрінгісі келеді дейсің? Бірақ саған бәріне Жаратушы бастама берді дегенге сенуге не көмектеседі??
Қарсы пікірлер
1. Бәрін Құдай жаратты дегенге сенсең, ғылымды жоққа шығарып жатқандай боласың.
“Менің мұғалімімнің айтуынша, бәрін Құдай жаратты дегенге ғаламның қалай пайда болғанын түсіндіруге ерінетіндер ғана сенеді” (Мария).
Нені білгенің жөн? Осылай айтатындар кейбір айғақтарды білмейді. Мысалы, Галилей, Исаак Ньютон деген ғалымдар Жаратушының бар екеніне сенген. Бірақ бұл оларға ғылымды сүюлеріне кедергі болмаған. Бүгінгі таңда да бәрін Құдай жаратты дегенге сену ғылымға қайшы емес деп есептейтін ғалымдар бар.
Кеңес. “Күзет мұнарасының онлайн кітапханасына” кіріп, іздеу жолағына “өз сенімі жайлы” (тырнақшаға алу керек) деп жазсаң, бәрін Құдай жаратқанына сенетін дәрігерлер мен ғалымдардың мысалын таба аласың. Олардың не себептен осындай тұжырымға келгеніне назар аудар.
Түйін. Бәрін Құдай жаратты дегенге сенсең, ғылымды жоққа шығарып жатқандай болмайсың. Керісінше, айналаңдағы табиғат жайлы білген сайын, бәрі Жаратушының қолынан шыққанына одан сайын көзің жетеді (Римдіктерге 1:20).
2. Егер Киелі кітаптағы жаратылыс туралы мәліметке сенсең, басқалар сені діни фанат деп ойлайды.
“Көпшілігіне бәрін Құдай жаратқан деген күлкілі естіледі. Олар Мұсаның 1-жазбасындағы жаратылыс туралы мәліметті құр аңыз көреді” (Жасмин).
Нені білгенің жөн? Киелі кітаптағы жаратылыс туралы мәліметті көп адамдар дұрыс түсінбейді. Мысалы, креационизмге сенетіндер Жер шарының жаралғанына ұзақ болған жоқ, тіршілік 24 сағаттан тұратын алты тәулікте жаратылған деп айтады. Бірақ Киелі кітап мұндай көзқарасты құптамайды.
Мұсаның 1-жазбасы 1:1-де жай ғана: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты”,— деп айтылған. Бұл Жер шары миллиардтаған жыл бұрын пайда болды деген ғылыми деректерге қайшы келмейді.
Мұсаның 1-жазбасындағы “күн” деген сөз ұзақ уақыт аралығын да білдіруі мүмкін. Шынында да, Мұсаның 1-жазбасы 2:4-те “күн” деген сөз Құдай бәрін жаратқан алты күннің бәріне нұсқап тұр.
Түйін. Киелі кітаптағы жаратылыс туралы мәлімет ғылыми айғақтармен үйлеседі.
Өз сенімдерің жайлы ойлан
Бәрін Құдай жаратты дегенге сену соқыр сенімге жатпайды. Қайта, ол қисынды дәлелдерге негізделген. Мына жайлы ойлап көрші:
Әдетте бір нәрсені көргенде, оны біреу жасағанына күмәнданбаймыз ғой. Мысалы, фотоаппарат, ұшақ не үйдің өздігінен пайда болуы мүмкін емес, оны ақылды біреу құрастырады не тұрғызады. Ендеше, адамның көзі, аспандағы құс не Жер шарымыз өздігінен пайда болды деу қисынды ма?
Ойланып көр. Инженерлер ойлап тапқан нәрселерін жақсарта түсу үшін жаратылысты бақылап, солардан көшіріп жатады. Олар жасаған істері үшін өздерін басқалардың мойындағанын қалайды. Олай болса, осындай адамдар мен олардың істерін мойындап, бірақ Жаратушы мен оның әлдеқайда таңғажайып жаратылысын мойындамау ақылға қона ма?
Пайдалы болатын құралдар
Табиғаттағы дәлелдер туралы ойланып, бәрін Құдай жаратқанына сеніміңді нығайта аласың.
Кеңес. “Күзет мұнарасының онлайн кітапханасына” кіріп, іздеу жолағына “жаратылды ма” немесе “Жаратылыс ғажайыптары” (тырнақшаға алу керек) деп жаз. Сосын сайттағы “Жаратылыс ғажайыптары” айдарынан өзіңе қызықты тақырыптарды таңда. Олардың әрқайсысында айтылған жаратылыс несімен керемет екенін анықтап көр. Бұл қалай Жаратушының бар екеніне көзіңді жеткізеді?
Тереңірек қаз. Тіршіліктің бастауы Жаратушы екенін растайтын көбірек айғақтарды табу үшін келесі кітапшаларды оқып көр.
“Тіршілік өздігінен пайда болды ма?”
Жер шары ең қолайлы орынға жайғасқан және онда тіршілік үшін барлық жағдай жасалған (4—10 беттерді қара).
Табиғаттағы барлық нәрсе жақсылап ойластырылып жасалған (11—17 беттерді қара).
Мұсаның 1-жазбасындағы жарату ісі туралы мәлімет ғылымға сай келеді (24—28 беттерді қара).
“Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ”
Жансыз материядан тіршілік пайда болуы мүмкін емес (4—7 беттерді қара).
Тірі организмдер өте күрделі, олар кездейсоқ дамып кетті деуге келмейді (8—12 беттерді қара).
ДНҚ-ның мәлімет сақтау қабілеті заманауи электрондық құрылғылардан әлдеқайда асып түседі (13—21 беттерді қара).
Күллі тіршілік бір ататектен шықпаған. Палеонтологиялық деректерге сай, жануарлардың негізгі топтары бір түрден екінші түрге айналып емес, аяқастынан пайда болған (22—29 беттерді қара).
“Құдайдың бар екеніне әсіресе табиғат әлемі — Жердегі жануарлардан бастап, темірдей тәртіп бар Ғаламға дейін — көзімді жеткізеді” (Томас).