Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Ата-анам жеке кеңістігіме қол сұға бермесін десем...

Ата-анам жеке кеңістігіме қол сұға бермесін десем...

 Ата-ана неге араласады?

Олардың айтуынша, олар бар болғаны сені уайымдайды. Ал, сеніңше, олар жеке өміріңе қол сұғып жатыр. Мысалы, былай болуы мүмкін:

  • “Әкем телефонымды алып қойып, құпиясөзді айт дейді де, хаттарымның бәрін қарап шығады,— дейді Эрин есімді жасөспірім.— Бергім келмесе, жасырып жүрген бір нәрсем бар деп ойлайды”.

  • 20-дан енді асқан Дениз болса кезінде анасы телефонмен сөйлескен есеп қағазын тесіліп қарап отыратынын есіне алады: “Ол әрбір нөмірді тексеріп, бұл кім, онымен не әңгіме айттың деп сұрап отыратын”.

  • Кайла деген жасөспірім қыз болса анасы оның жеке күнделігін оқығанын айтады. “Мен онда ішкі сезімдерімді жазған едім. Оның ішінде анам туралы да бар еді! Содан кейін күнделік жазбай қойдым”,— дейді ол.

Ойтүйін. Ата-анаң сенің аман-саулығың үшін жауапты. Олардың сені қаншалықты қатал тәрбиелейтінін қадағалай алмасаң керек. Кейде олар саған тым қатал қарайтын сияқты ма? Бәлкім, солай да шығар. Бірақ олар сенің жеке өміріңе киліге беретіндей сезімде болмау үшін, өз тарапыңнан бірдеңе істей аласың.

 Не істесең болады?

Ашық бол. Киелі кітап “барлық жағдайда адал жүріп-тұруға” шақырады (Еврейлерге 13:18). Ата-анаңмен қарым-қатынасыңда осыны ұстануға тырыс. Олардан еш нәрсені жасырмай, ашық сөйлессең, олар да сенің көбірек жеке кеңістікке ие болуыңа қарсы болмайды.

Ойлап қарашы, саған сенім артуға бола ма? Үйге белгіленген уақытта келесің бе? Кіммен достасып жүргеніңді, немен айналысып жүргеніңді жасырасың ба?

“Мен де өз тарапымнан көндігуім керек. Олардан жеке өмірімді жасырмай, білгісі келгендерін айтып беремін. Соның арқасында олар маған сенеді, әр басқан қадамымды аңдып отырмайды” (Деля).

Шыдамды бол. Киелі кітапта: “Жүріс-тұрыстарың бұдан былай да үлгілі болсын”,— делінген (Петірдің 1-хаты 2:12). Ата-анаңның сеніміне кіру үшін, бір ғана жақсы әрекет жетпейді, бұдан былай да жүріс-тұрысың жақсы болу қажет. Бұл бір дегеннен болмайтын шығар, бірақ күш салсаң, пайдасын өзің көресің.

Ойлап қарашы, сенің ата-анаң да кезінде жас болды. Олардың сенің өміріңде не болып жатқанын білгісі келетіні содан шығар?

“Ата-ана өз бастарынан жіберген қателіктерді балалары жібермесе екен деп уайымдайтын сияқты” (Даньел).

Оларды да түсін. Өзіңді әке-шешеңнің орнына қойып көрші. Киелі кітапта жақсы әйел “үй шаруасын мұқият бақылайтыны”, ал жақсы әке балаларын “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіру” керектігі айтылған (Нақыл сөздер 31:27; Ефестіктерге 6:4). Осыған сай болу оңай емес. Ата-анаң сенің не істеп жүргеніңді білуі тиіс.

Ойлап қарашы, егер өзің ата-ана болсаң, жасөспірімдердің қандай болатынын біле тұра, өз ұлыңның не қызыңның тірлігіне еш араласпай, өз білгеніңді қыла бер деп қарап отыра берер ме едің?

“Жасөспірім кезде ата-анаң жеке тірлігіңе “араласа” беретіндей көрінеді. Ал қазір, есейе келе, олардың неге олай етуге тура келетінін түсінемін. Олар бізді жақсы көргендіктен осылай істейді екен” (Джеймс).